• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Наурыз, 2019

Катонқарағайлық кәсіпкер көпбалалы анаға үй алып берді

1037 рет
көрсетілді

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Катонқарағай ауданындағы Балғын ауылының тұрғындары көпбалалы ана Надежда Константинованы құшақ жая қарсы алды. 

Ауданның тумасы, кәсіпкер, «Терезе» ЖШС директоры Жанболат Қазанов «Бақытты отбасы» ұлттық жобасы аясында бес бала тәрбиелеп отырған анаға өз қаражатына баспана тарту етті. Көмір мен отынды ауыл тұрғындары жеткізіп беріпті. «Бұған дейін Үлкен Нарын ауылында тұрдық. Балаларым жалаң аяқ жүгіріп, асыр салып ойнайтын жылы, үлкен үйіміз болса деп армандайтын едік. Арман-тілегіміз орындалғандай. Көршілерім, балғындықтар сондай мейірімді жандар, келіп көмектесіп жатыр. Бұдан былай біз үшін, балаларым үшін бақытты кезеңдер басталды деп ойлаймын. «Жаңа үй жаңа өмірдің бастауы» деп бекер айтпайды ғой. Баршаңызға көп рахмет», - дейді қуанышы қойнына сыймаған Надежда.

Ерекше атап өтерлігі, Надеждаға баспана сыйлаған кәсіпкер өзі туған ауыл – Балғынға көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды көшіру үшін өз қаражатына 5 үй сатып алыпты. Надежда алған баспана – сол 5 үйдің бірі. «Қазіргі таңда халықтың ауылды жерлерден қалаға көшіп, кетіп жатқаны жасырын емес. Бұл - өте өзекті мәселе. Сондықтан жергілікті білім шаңырақтарындағы оқушылар санын сақтау үші, ауылға азаматтарды тарту мақсатында меценаттармен бірге көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға осындай көмек көрсетуді жөн көрдік. Екі жаққа да тиімді шешім деп ойлаймын. Келісімшартқа сай осы үйде бес жыл тұрғаннан кейін Надежда баспананы өз атына тегін аударып алады», – дейді Катонқарағай ауданының әкімі Ахметқали Нұрғожин. 

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметінің хабарлауынша, аудан әкімі де өз атынан көпбалалы отбасыға тоңазытқыш тарту етіпті. Ал «Nur Otan» партиясының жергілікті филиалының қызметкерлері азық-түлік, жатар орын жабдықтары, сонымен қатар тұрмысқа қажетті заттарды жеткізіп беріпті.

Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы