• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Наурыз, 2019

Әз-Наурыз мерекесі тойланды

2032 рет
көрсетілді

Наурыз мерекесі қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт То­қаев «Тәуелсіздіктің 25 жыл­ды­ғы» монументі алдын­да ор­на­лас­қан этноауылға барды. Эт­но­­ауыл аумағында театрлан­ды­рыл­ған көріністер, ұлттық спорт түр­лері бойынша сайыстар, қол­өнер­шілер көрмесі және ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін шаралар ұйым­­дастырылды.

ЭКСПО аума­ғында ұйымдастырылған Наурыз мейрамына орай алаңда 17 киіз үй тігіліп, алтыбақандар құрылды. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін, театрландырылған көріністерді, айтыс­ты, қазақ эстрадасының жұлдыздары қойған концертті тамашалау үшін қала тұрғындары таңертеңнен бастап кешен аумағына қарай ағыла бастады. Ұлттық мерекені тойлауға келген көпшілікті батырлардың сауыт-сайманын асынған бойшаң жігіттер мен ұлттық киім киген арулар қарсы алды. Кешенге ағылған қала тұрғындары әр жерде құрылған сайыс алаңдарына жиналып, ұлттық ойындарды тамашалады. Оның ішінде жігіттер қауымы күресіп, гір тасын көтеріп, қол күрестіріп өзара бақ сынасса, балалар асық ойнап, бозбала мен бойжеткендер алтыбақан маңында бас қосты. Этноауылда ұйымдастырылған қазақтың ұлттық ойындарын қызықтап мәз-мейрам болғандардың да қатары қалың. Жиылған халық наурыз көже мен ыстық бауырсақтан және өзге де ұлттық тағамдардан дәм татып, мәре-сәре күйде болды.

Ұлық мерекені халықпен бірге тойлауға келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, елімізге бақ-береке тіледі. 

Жиналған көпшілік бірге келген Тұң­ғыш Президент пен Мемлекет басшысын қаумалай қоршап, жаппай суретке түсіп, құттықтауларын жеткізді.

Наурыз тойында елордада некелерін қиған 9 жұптың ерекше жолы болды десек қателеспейміз. Шаңырақ көтерген ел­ор­далық жастарға Нұрсұлтан Назарбаев ақ батасын берді. Елбасы жас отбасыларды есте қаларлық маңызды күндерімен құт­тықтап, оларға бақытты ұзақ өмір тіледі.

– Сендерге бақыт тілеймін! Махаббаттарың еш уақытта сөнбесін. Алдарың ашық болсын. Балалы-шағалы, үбірлі-шүбірлі болыңдар! Ата-аналарыңа қуаныш әкеліңдер. Елдің азаматы болыңдар! – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Наурыз тойы мен ел есінде қалатын тарихи сәттерде отбасын құрған жастардың қуаныштарында шек жоқ.

Мерекені тойлауға келген көп­шіліктің ішінде Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері де бар. Айтулы шарада Премьер-Министр Асқар Мамин, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин, Президент әкімшілігінің басшылығы, сондай-ақ Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов болды. 

Мерекеге келген Премьер-Министр­дің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Наурыз мейрамының маңызы ерекше екенін атап өтіп, бұл күні адамдар арасындағы өкпе-реніштің кешіріліп, татулық пен бақ-береке орнайтын жаңа күн туатынын айтты. 

– Наурыз – бұл жаңару мейрамы. Баршаға мәлім елімізде айтулы оқиғалар орын алуда. Елбасы бастаған стра­тегия әрі қарай жалғасын таба бер­мек. Мемлекет басымдық берген сала­лардың барлығы жос­парлы кезең бойын­ша жүзеге асады. Ұлт­тық мерекеміз қар­саңында ырыс артып, толайым табыс­тарға жете берейік, – деді ол.

Көпшілікті Ұлыстың ұлы күнімен Пре­зидент Әкімшілігі ішкі саясат бөлі­мі­нің меңгерушісі Аида Балаева да құттық­тады.

– Биылғы Наурыз мейрамы ерекше. Ауа райы да мейірін төгіп, халық көте­ріңкі көңіл күйде жүр. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында елімізде айтулы оқиғалар болуда. Бүгін Қазақстанның әрбір тұрғыны болашағын елордамен бай­ланыстырғысы келеді. Астананың ірге­тасын қалауда Елбасының сіңірген ең­бегі зор. Ол кісінің халқына деген махаб­батынан, ыстық ықыласынан туған Ас­тана – бүгінде әлемге аты мәлім шаһар. Сондықтан менің ойым­ша, оған Елба­сының есімін беру заңдылық, – деді ол.

Қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев та құттықтады. «Наурыз мерекесімен құт­тықтаймын! Ең бастысы, елімізде тыныш­тық болсын! Барлық отбасына бақыт тілеймін. Биыл Ұлыстың ұлы күні ме­рекесін қазақ елі ауқымды өзгеріс­термен қарсы алып отыр. Елдің ордасы атанған Астанаға Елбасының есімін беру лайықты әрі дұрыс шешім. Елбасының еңбегін лайықты бағалау керек, қиын кезеңде, яғни 90-шы жылдары жаңа астананы құру туралы шешім қабылдау, мұндай зор жауапкершілік алу əркімнің қолынан келе бермейді. Ол үшін үлкен жүрек пен табандылық, сенімділік болу керек. Жастар өз Отанын, ұлтын, мемлекетін сүйіп өсуі керек жəне елге еңбек еткен адамдарды да еш уақыт­та ұмытпауымыз қажет. «Тарихсыз бола­шақ болмайды» деп айтамыз ғой, осы орайда 20 наурыз күні маңызды шешім қабылданды деп ойлаймын, – деді Бердібек Сапарбаев. 

Астана қаласы Мәдениет және спорт бас­қармасының басшысы Болат Ма­жағұлов та игі тілегін жеткізіп, елорданың жаңа атауын қалай қабылдағанын айтты. «Барша қазақ елін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын. Бұл жыл бізге тек табыс әкелсін. Елімізде айтулы өзгерістер болды. Қалай болғанда да, халық бірігіп, ел-жұрт болып жаңа Президентті қолдап, Елбасымызды ұлықтап, Наурыз мерекесін атап өтіп жатырмыз. Өз басым Астана атауын өзгертуді қолдаймын. Бұл Елбасының бастаған бастамасы, ол кісінің еңбегі зор. Бүгінгі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы бүкіл Қазақстанның бренді», – деді ол.

Бельгия Корольдігінің Қазақстан­дағы елшісі Алекси де Кромбрюгхе Наурыз ғажайып мереке екенін айтады. «Халықтың барлық салт-дәстүрін, ұлттық киімдерін тамашалап жүргеннің өзі әдемі. Бұл енді суық қыстан кейінгі жұрттың жадырауы ғой. Оның үсті­не қалаларыңыздың аты да жаңарып жатыр. Мен де еліме енді Астанадан емес, Нұр-Сұлтаннан хабар беремін», деді елші. 

Этноауылға жиналған қала тұрғын­дарының да көңілі шат-шадыман. Бір-бірімен көріскен жұрт қазақтың жаңа жылында ақжарма тілектерін жаудырып жатты. Қала тұрғыны Айтова Жанат: 

– Биыл біз үшін ерекше жаңа жыл болғалы тұр. Тәуелсіздіктің тәжін кигеннен бері тәй-тәй басқан жас баланы жетектеп, жетістіктерге жетелегендей, мемлекетімізді биік белеске жеткізген Елбасымыз Президенттік өкілеттігін тоқтатты. Ол кісінің еңбегі ұшан-теңіз. Әлемге қазақ халқын танытып, халықтың жағдайы жақсарды. Осы орайда Астанаға Елбасының атауын беруді оң шешім деп қабылдадық. Жаңа Президенттің келуінен халық жақ­сылыққа бастайтын өзгерістер күтеді. Халқымыз өсіп-өркендеп, әлеуметтік тұрғы­да ізгі бастамалар қолға алынады деген сенім бар. Наурызбен келген өзге­рістер оңынан болғай, деді.

Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды. Бұл мереке халқымыздың, тәуелсіздігіміздің ең негізгі тамырының бірі саналады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Жарлығымен 2010 жылдан бері Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн – 21-23 наурыз ара­лығында тойланып келеді. 

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»