Сәрсенбі, 5 желтоқсан 2012 7:20
Қазақстанның Қаржы полициясы Храпуновқа қатысты 20 қылмыстық істі текке қозғамағаны белгілі. Атақты қашқын елде жүріп, түрлі дәрежедегі билік тізгінін уысында ұстап отырғанда көптеген қатерлі қылмыстық әрекеттерге барған еді. Міне, енді Швейцарияның Женева қаласының прокуратурасы ірі көлемде қаражат жымқырды деген күдікпен Храпуновтың отбасын тексеруді бастады және Храпунов пен оның әулетінің барлық есепшоттары жабылды, деп хабарлады швейцариялық RTS телеарнасы. Regnum ақпарат агенттігі хабарлағандай, тексеруді бастау шешімі ағымдағы жылдың көктемінде қазақстандық биліктің Швейцарияға құқықтық көмек көрсету жөніндегі сұранысына байланысты қабылданды.
Сәрсенбі, 5 желтоқсан 2012 7:20
Қазақстанның Қаржы полициясы Храпуновқа қатысты 20 қылмыстық істі текке қозғамағаны белгілі. Атақты қашқын елде жүріп, түрлі дәрежедегі билік тізгінін уысында ұстап отырғанда көптеген қатерлі қылмыстық әрекеттерге барған еді. Міне, енді Швейцарияның Женева қаласының прокуратурасы ірі көлемде қаражат жымқырды деген күдікпен Храпуновтың отбасын тексеруді бастады және Храпунов пен оның әулетінің барлық есепшоттары жабылды, деп хабарлады швейцариялық RTS телеарнасы. Regnum ақпарат агенттігі хабарлағандай, тексеруді бастау шешімі ағымдағы жылдың көктемінде қазақстандық биліктің Швейцарияға құқықтық көмек көрсету жөніндегі сұранысына байланысты қабылданды.
Швейцариялық телеарнаның мәліметі бойынша, Credit Suisse и Schroder & Co Bank AG банкілеріндегі Храпунов отбасының есеп-шоттары жабылды. Оның үстіне аталған банктерден Алматының бұрынғы әкіміне қатысты барлық құжаттар алынды. Енді швейцариялық прокуратура алдында Храпуновтың және оның туысқандарының 323 миллион долларды қайдан алғандығын анықтау мәселесі тұр.
Ал бүгінде Храпуновқа қатысты 20 қылмыстық іс, соның ішінде Швейцарияға және оффшорлық аймақтарға аударылған 48 миллион доллар және 7,7 миллион еуроға қатысты істер бар.
Жалпы, Храпуновтың отбасы туралы сөз қозғалғанда адам түсінбейтін жағдайлар көзге түседі. Кез келген алаяқ ұры өзі бастаған қылмыстық жағдайды өзінің отбасынан ауытқытып әкетуді көздейді. Ал тергеу көрсеткендей, ұрланған қаражаттың көлемі бойынша Храпунов өте күрделі ұры болып табылады. Ол анау-мынау емес, елден 400 миллионнан аса доллар шығарып әкетті. Сонда қалайша мұның қылмыстық сызбасына оның отбасы тартылған? Қалайша ол адалдығы, жауапкершілігі, тәртіптілігі секілді құндылықтарымен отбасын қорғай алмай қалған?
Мүмкін мұндай құндылықтар онда о баста болмаған да шығар? Ол бұл қылмыстық әрекеттерін билік тұтқасын ұстап отырған кезде жүзеге асырғаны белгілі. Және ол кезең Храпуновтың Алматыдағы алаяқтық және жемқорлық қылмыстарын өршіткен сәті болып саналады. Ал үстіміздегі жылдың қазан айында Виктор Храпуновтың зайыбы Ләйлә Храпуноваға да байланысты ірі көлемде қаржы жымқыру, алаяқтық деректері бойынша іздеу жарияланған болатын.
Храпунов бұдан кейін өзінің күмәнді миллиондаған долларын қалай жинағанын жасыру үшін Қазақстанға қарсы нағыз ақпараттық шабуылды бастады. Ешбір дәлелдерге негізделмеген, тек өзінің ойдан құрастырылған мәліметтерінен тұратын сұхбаттарды оңды-солды таратты. Дегенмен оның өтірік байбалам салуына қарамастан қазақстандық құқық қорғау органдары Алматының бұрынғы әкімі үстінен қылмыстық іс қозғап, тексеру жұмыстарын жалғастыра берді. Тексеру заңды. Өйткені, бұл істердің барлығы аталған қашқынның өз елінде мемлекеттік қызметте жүріп жасаған жемқорлық және экономикалық қылмыстарына қатысты екені рас. Енді, міне, оны Женева прокуратурасы да анықтамақшы.
Жалпы, Храпунов кенеттен швейцариялық миллионер ретінде қалай пайда болды деген сауалға нақты жауап қайтару үшін қазақстандық құқық қорғау органдары қашқынның күмәнді іс-әрекетінің бәрін тексерген еді. Сол тексеруде көп мән-жайға қанықты. Соның ішінде Алматының бұрынғы әкіміне байланысты қылмыстық баптардың тізімі өте көп. Мұнда «қызмет бабын жеке бас мақсатына пайдалану», «ірі көлемде пара алу», «заңсыз жолмен табылған қаржы-қаражаттары мен басқа да мүліктерді жариялау», «өзіне сеніп тапсырылған аса ірі көлемдегі бөтеннің мүлкіне зиян келтіру немесе жеке мақсатына пайдалану», «алаяқтық» және тіпті «ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін қаржыландыру» секілді баптар да бар.
Ал Храпуновтың ісі Алматыдағы табиғат қорғауға жататын жер телімдерін заңсыз тарату оқиғаларынан туындаған у-шуға қатысты басталғандығы белгілі. Содан ол соңғы қызметінен босасымен-ақ бірден Швейцарияға кетті. Бірақ ондағы адамдар Храпуновтың Қазақстаннан соншама көп көлемдегі қаржыны алып келіп, бірден швейцариялық байлардың қатарына қосыла қалғанына сенімсіздікпен қарады. Сол сенімсіздік оның тексерілуіне алып келді.
Қашқынның зайыбы Ләйлә Храпунованың да бұл жағдайда қылмыстық әрекеті өте зор. Храпунов сияқты оның да Алматыда отбасылық қылмыспен қалай айналысқанын көзге елестету қиын емес. Оның ішінде тергеу көрсеткендей, оларда қылмыстық жолмен алынған құны 401,5 мың тұратын саяжай, 295 млн. тұратын тұрғын үй, оған қоса құны 122 миллион тұратын 3 пәтер бар. Сонымен қатар, бұларға қос-қос тұрғын үймен және басқа да жылжымайтын 11 миллион тұратын жер телімдерін, 5,5 миллионнан асатын жерасты гараждарын, жер телімдері мен 380 миллион тұратын баспаналар мен құны 24 миллион тұратын паркингтерді қоссаңыз Храпуновтардың ашқарақтығы мен қомағайлығы қандай екенін байқай аласыз.
Әрине, жоғарыда айтылғандай, олардың меншігінде осыншама үйлер болса да кәсіпкер әйелдің қол қусырып үйде отырмайтындығы белгілі. Оңай дүниені олжалауға ол да қызығып, кенеттен «қара бизнеске» бас қойды. Бұл кезде Ләйлә Храпунова атында телеарна және Алматының екі ауданында көлемі атшаптырым жерге жайылған зергерлік бұйымдарды сататын «VILED International» фирмасы болды. Бұл аз ба? Әрине, аз емес. Дегенмен, Ләйлә Храпунованың жоғарыда айтылғандардың бәрін қалайша тез арада сатып алғаны сұрақ болып туындайтыны, кімді болса да ойландыратыны шындық.
Храпуновтар отбасының байлықтарын тізу мұнымен шектелмейді. Бұларға тағы қосымша Храпуновтардың автопаркін: BMW 850, құны 1,5 миллион тұратын Mersedes Benz, Mersedes Benz S 500 I, Maybach 62, Land Rover және Range Rover көліктерін қосыңыз. Қалай пайдаланамын десе де кез келген дәрежедегі бағалы да құнды көлік жетіп артылады. Бұл көліктерді аталған отбасы мүшелері тегіс пайдаланды. Храпуновтардың барлығы да «Phoenix. VL» ЖШС құрылтайшысы болып табылады. Осы ЖШС-лар арқылы олар Алматыдағы жаңа әуежайдың құрылысын қамтамасыз етуде бюджеттің шексіз қаражатын өткізді. Демек, Ләйлә Храпунова, тергеу көрсеткендей, өзінің күйеуімен бірге тұтас ұйымдасқан қылмыстық топты басқарғаны белгілі болды. Әйтпесе, осыншама қысқа уақыттың ішінде олар қалайша 100 миллиондаған долларды үптеп және 20 тоннаға жуық бағалы мүліктерді ұшаққа тиеп, шетел асып кете алады. Сондықтан да Храпуновқа байланысты іздеу жарияланғаны таңсық емес. Ал іздеу соңы енді Храпуновтың басар жері, шығар тауы қалмағандығын білдіріп, ол секілді қалған іштегі, сырттағы сыбайлас жемқорлардың да тығырыққа тірелгенін сездіреді. Ендеше, «көп асқанға бір тосқан» деген осы.