• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Наурыз, 2019

Шымкенттегі судьялар мен сот мамандары тоқсан сайын бір күндік жалақысын балалар үйіне аударады

705 рет
көрсетілді

Шымкент қаласының судьялары мен сот мамандары тоқсан сайын бір күндік жалақысын балалар үйіне аударатын болды. Бұл туралы қалалық сотта Шымкенттегі №4 балалар үйінің тәрбиеленушілерінің қатысумен өткен «қайырымдылық жобасы» жиынында айтылды.

Қазақстан Судьялар одағының Шымкент филиалының ұйымдастырған шарада қалалық соттың төрағасы Ербол Рақымбеков қатысып, ізгілікті шараның мән-маңызына тоқталып өтті.

«Халқымызда «жетім көрсең жебей жүр», деген ұлағатты сөз бар. Сондықтан сот саласының қызметкерлері әрқашан қоғам көмегіне мұқтаж азаматтарға көмек көрсетіп келеді. Игілікті бастама ретінде қаланың судьялары мен сот мамандары тоқсан сайын өздерінің бір күндік жалақысын №4 балалар үйі тәрбиеленушілерінің «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» жеке жинақ шоттарына аударатын болды»,  деді Ербол Рақымбеков.

Жиында сөз алған балалар үйінің тәрбиеленушілері Баян Алимбетова мен Александра Пустовойтова: «Біз үшін бұл бастаманың маңызы өте зор. Себебі, біз енді болашағымызға сеніммен қарайтын боламыз», деп өз ризашылықтарын білдірді.

Айта кетерлігі, Шымкент қаласының соттары бес жылдан бері шаһардағы №4 балалар үйінің тәрбиеленушілерін өз қамқорлықтарына алып келеді.  Басқосуда Қазақстан Судьялар одағының Шымкент филиалының төрағасы Айдос Сұлтанов ата-ана мейіріміне мұқтаж жасөспірімдерге әр мереке сайын материалдық көмек көрсетіп, оларға сыйлықтар апарып тұратындығын тілге тиек етті.

«Тағдыр тауқыметін тартып, өсіп келе жатқан балалардың барлығы білім алып, материалдық жағынан қамтамасыз етілуі керек. Өйткені, балалар – мемлекетіміздің болашағы. Бұл бөлінген қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін оның жеке шотына аударылып, тұрғын үй сатып алу үшін жинақталады», деді  Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Нұрсұлтан Байтілесов.

Шымкент