Үйрме ауыл балаларын технология, сәулет, құрылыс салаларына бейімдеп, физика, математика пәндеріне қызығушылықтарын арттыруда.
-Кесенені жасауға екі жылдай уақыт кетті. Әрине, өте күрделі жұмыс. Оқушылардан шыдамдылықты талап етеді. Одан кейін темірден қыран бүркіт жасадық, -дейді Асқар Мағзұмұлы.
Мектептің 10 сынып оқушысы Темірлан Қалиевтің айтуынша, кесене құрастыруда ең қиыны-сіріңкенің жіңішке таяқшаларын бір-біріне желімдеп жабыстыруда болыпты.
Таяқшаларды бір шетінен бастап, соңынан дейін түзу күйінде тізіп шығу да оңайға соқпапты. Үйі мен шеберхана арасына көтеріп жүріп жасап шыққан екен.
Түркістандағы ұлы баба кесенесін суреттен көріп қызығып, өзім де шағын кескінін жасап көрсем қайтеді деген ойға келген. Алдымен жобасын сызып, қажетті жабдықтарын дайындады. Ұстазы Асқар ағасымен ақылдасып барып, қолға алыпты.
Ал, жарқырап тұрған қыран бүркітті темірден сыныптасы Сұлтан Жұтаев жасапты.
Алдағы уақытта Темірлан мен Сұлтан қобыз жасайтын болса, оған 8 мыңнан астам сіріңке желімдеу керек екен.
Үйірме мүшелерінің барлығы да алуан қолөнер туындыларын жасайды, осыған орай ғылыми жобаларын қорғайды.
Сыныптастары Еркеш Серік, Қайрат Аханов, Айдын Байханов, Сайлау Төлепберген,Шерхан Жанбаев барлығы да республикалық қолөнер, Инновациялық көрмелердің жеңімпаздары.
Биыл Зейнолла Асылан болса, «Инновациялық Павлодар» жобасы үшін облыс орталығындағы Инновациялық Еуразия университетінің оқу грантын иеленді.
Сонымен бірге, оқушылар «Инновациялық Павлодар», «Жас техниктер – ауыл шаруашылығына», «Ағаштан, тастан, саздан бұйымдар жасау», «Металды өңдеп, зергерлік бұйымдар, бедер салу, соғу» сияқты үйірменің түрлі бөлімдеріне сабақтан тыс уақытта келе алады.
Тақтайды сүргілеу, құрастырып, бекіту, сыммен ысып күйдіру, кесіп алу, әрлеу, ағаш бөлшектерін желімдеу әдістеріне үйренеді.
Жұқа металды өңдеу технологиясы бойынша электр құрылғыларын қаңқаға бекіту, су сорғы қондырғысын құрастыру әдістері, су сорғыны хауызға орнату, безендіру шамдарын электрлік жалғау арқылы түрлі сызбалар дайындайды.
Мысалы, бөтелке қақпақтары, қалдық материалдардан көркем бұйымдар, макеттер жасау арқылы тағы да пайдаға жарайтынын,қоршаған ортаны ластамауды түсінеді.
Оқушылар түрлі көліктер, кемелер кескіндерін жасаған болса, енді тікұшақ қаңқасын, негізгі және артқы қалақшаларын құрастыруда.
-Менің ізденістерім-жаңа технологиялар. Технологиялар сырын балаларға үйрету. Әр баланың өзінше жасаған инновациялық ізденіс еңбегі жетістікке жеткізеді. Оқушыларымыз жасаған қолөнер жұмыстары байқауларға қатысып, көрмелерге қойылады. Балалар ынталанады. Алға қарай талпынып, үнемі ізденісте жүреді, –дейді Асқар Мағзамұлы.
Павлодар облысы,
Қызылжар ауылы
Суретті түсірген: Алмира Ақанова