• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2019

Әлеуметтік қамқорлық – кешенді шара

6076 рет
көрсетілді

Қазақстан әу бастан-ақ халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдауды назардан тыс қалдырған емес. Үкімет үнемі әлеуметтік жаңғыру үдерісін қолдап, жәрдемақы, зейнетақы мен шәкіртақыны ұдайы өсіріп келеді. Әсіресе былтыр жарияланған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінен кейін әлеуметтік бағытты нығайту шаралары тіптен қарқын алды. Ал ақпан айында өткен Nur Otan партиясының кезекті ХVIII съезінде Елбасының нақты тапсырмалар беруі әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарды қорғаудың жаңа кезеңін бастап берді.

Әрине нарық заманында әр азаматтың жақсы табыс тауып, бақуатты өмір сүруіне ешқандай кедергі жоқ. Табыстың  мол болуы  қызметкердің білі­мі мен біліктілігіне тікелей қатысты екендігі анық. Алай­да, ел ішін­де табысы төмен, әлеуметтік тұрғыда әлсіз топтар бар екені  жасырын емес. Сондықтан мемлекет көп балалы отбасылар мен аналарға қамқорлық жасауды мықтап қолға алып отыр. Со­нымен қатар жалақысы төмен қыз­меткерлердің еңбекақысын арттыру мәселесі де назардан тыс қалған емес. 

Мемлекет бюджет саласының төмен жал­ақы алатын қызметкерлерінің еңбекақыларын көтеруді 1 маусымнан бастамақ. Бұл жайында жуырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айт­қан болатын. «Мен бюджет сала­­сының төмен жалақы алатын қызметкерлеріне еңбекақы­ларын бір ай бұрын – 1 маусымнан бастап көтеруді тапсырдым. Аталған шара миллионнан астам қызметкердің өміріне оң ықпал ететін болады», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы респуб­лика­лық қала­лар мен облыс әкімдері қатыс­қан кеңесте.

Жалпы, бюджеттік сала қыз­меткерлерінің жалақы­сын арт­тыру үшін биыл  респуб­ли­ка­лық бюджеттен 115,7 млрд тең­ге қарастырылған. 2020-2021 жыл­дар үшін Үкіметтің резер­ві­нен 234,4 млрд теңге бөлінбек. Қы­с­қасы, маусымнан бастап жалақы­сы төмен азаматтардың ең­бек­ақысы 30 пайызға көбейеді. Бұл мемлекеттің өз азаматтарына деген үлкен қолдауы. 

Осы тұста тағы бір  көмекті назардан тыс қалдыруға болмайды. Әрине, бұл биыл көтерілген мәселе емес, былтыр айтылған. Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» деп ата­ла­тын Үндеуінің екінші тарма­ғында «Жалақысы төмен жұмыс­­шы­лар­дың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүкте­месін азайту» бастамасы көтеріл­ген. Бұл дегеніңіз 25 айлық есептік көрсет­кішке дейінгі көлем­де, яғни 63125 теңгеге дейін жала­қы алатын азаматтарға салық жеңілдігі жасалды деген сөз. Биыл­дан бас­тап осы көлемдегі  жала­қы алатын азаматтар бұрынғы­дай 10 пайыз емес, 1 пайыз ғана салық  төлейді. Мұның өзі әлеуметтік қолдау­дың бір тетігі еді. Бұл қол­дау 2 млн адамды қамтыған-ды. Яғни, еңбек етіп жүрген 8,7 млн адамның 22 пайызын құраған. Ал биылғы әлеуметтік қолдаудың сипаты бөлек. Мұнда бюджет есебінен жалақы алатындардың табысы өседі. Мәселен, медицина саласындағы анағұрлым сұранысқа ие 29 мың дәрігердің жалақысы 108 мыңнан 140 мың теңгеге дейін өседі. Саладағы 225 мың қызметкердің жалақысы көтеріледі. Орта медициналық қызметкердің айлығы 76 мыңнан 99 мыңға,  кіші медициналық қызметкердің жалақысы 48 мың­нан 63 мың теңгеге көтеріледі. Медициналық мекемелердегі өзге қызметкерлер бұрын 86 мың теңге алып жүрсе, 1 маусым­нан бас­тап 113 мың теңге жала­қы алады. Бұл бір ғана саладан келтірген мысал. Одан бөлек, азаматтық қызметшілер,  әлеу­мет­тік қорғау, спорт, ауыл шаруа­шылығы тәріз­ді салалар  қызмет­керлерінің жала­­­қысы өседі. Бұл қатарға жұ­мыс­­керлер, қосал­қы персонал, әкімшілік қызмет­кер­ле­рі де кіре­­ді. 

Айтпақшы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­масына сәйкес, жалақысы өсетін азаматтардың қатарына атқару­шы органдардың төменгі сатыдағы қызметкерлері де кіреді. Бұл санатқа ауыл­дар мен аудандарда, облыста жұмыс істейтін 78 мың мемлекеттік қызметші кіреді. Олардың жалақысы 25 пайызға өспек. Мәселен, облыста атқарушы органдарда қызмет істейтін жетекші маман қазір 82 мың теңге алып жүрсе, 1 маусымнан бастап оның еңбекақысы 107 мыңға жетеді. Ауылдағы маманның ең төменгі жалақысы 81 мың теңгені құрайды. 

Қысқасы, мемлекеттің халық­ты әлеуметтік тұрғыда қол­дау шаралары кешенді сипатқа ие болды. Былтыр «7-20-25» бағдарламасы, салық жеңілдігін жасау,  білім гранттарының санын арттыру, шағын несие беру көлемін арттыру, аймақ­тар­ды газдандыру шаралары жүзеге асырылса, биыл атаулы әлеуметтік көмек көлемі арттырылды. Көп балалы отбасылар үшін 2025 жылға дейін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салу ісі басталды. Пәтерлердің алдыңғы легі  мамыр айынан бастап беріледі. Жастарға мемле­кет­тік қолдау көрсетудің түрлі бағдарламаларына 60 мың­нан астам жас азаматты тарту көз­дел­ген. Мұның өзі  әлеу­мет­тік қол­дау шаралары жан-жақты  сипат­­та,  үздіксіз жүзеге асыры­лып жатқан шара екенін байқатып отыр.