Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымының өкілі Илейн Конкиевичтің айтуынша, елдің экономикасы жаңа қарқынмен дамыған сайын әйелдер қауымының да үлесі арта түсуі тиіс. Қазіргі жағдайда экономикаға белгілі бір деңгейде үлес қосып отырған шағын және орта кәсіпкерлік саласында нәзікжандылардың белсенділігі артқанымен, ауқымды бастамаларда, ірі жобаларда әйелдер қауымының қатары қалың деп айтуға келмейді. БҰҰ-ның өкілі әйелдер мен ерлер арасындағы жалақы айырмашылығы да тым алшақ деген пікір білдірді. Осындай олқылықтармен күресу мақсатында ең алдымен кейбір мамандықтарға шектеу қою мәселесін шешу қажеттігі туындап отыр. Мысалы, республика бойынша құрылыс саласының 79,8 пайызы ер-азаматтарға тиесілі болса, қалған 20 пайызы ғана әйелдердің үлесінде. Сонымен қатар тау-кен өндірісі, мұнай өңдеу саласы және де көлік-логистикалық салалардың басым бөлігінде жұмыспен қамтылып отырған ер-азаматтар екені анықталған. Белгілі болғандай, нәзікжандылар мен ер-азаматтардың білім алу деңгейі бір болғанымен, мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, қызметтік жолын қалыптастырған әйелдер аз.
− Бүгінгі шара еліміздегі әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін бағалауға және оны арттыруға бағытталып отыр. Алдымен, әйелдер жұмыс орындары бойынша конкурстарға қатыса алатындай әлеуметтік жүйені қолдау керек», дейді ол. Илейн Конкевичтің айтуынша, ерлер мен әйелдердің айлықтарының арасындағы айырма 33 пайызды құрайды.
− Қазіргі таңда әйелдер ер адамдардың айлығының 67 пайызын ғана алып отыр. Әлбетте, ірі компанияларды басқарып отырған әйелдердің барын айта кету керек. Десе де, олардың саны аз. Біз өз бағдарламаларымыз арқылы ауылдағы әйелдерге қолдау көрсетіп, олардың белсенділігін арттырмақпыз. Бұл үшін біз нәзікжандылардың қаржы жағынан өзгелерден тәуелсіз болуына, бизнес қызметтер мен қаржы құралдарының қолжетімді болуына көңіл бөлеміз. Сондай-ақ әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға жағдай жасаудамыз, – деді Илейн Конкиевич.
Жиында сөз алған Әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко ХІХ ғасырдың әйелдері қызмет пен отбасын қатар алып жүруге бейімделген, қаржылық жағынан тәуелсіз, өз бастамаларын жүзеге асыра алатын қабілетке ие екенін айтады.
− Қазақстанның ІЖӨ-дегі әйелдердің үлесі – 38,2 пайызды құрайды. Бүгінгі жаңа технологиялар кеңінен қолданысқа енген заманда әйелдер қауымы да осы үдеріске машықтанып келеді, – деді ол.
Аталған шара аясында Бейжің декларациясы мен іс-әрекеттер тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссия мен мүдделі мемлекеттік органдардың бірлесіп дайындаған жобасы талқыланды.