- Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары бойынша қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына заңнамада белгіленген барлық кепілді көмектер көрсетілетін болады. Басқа да моральдық-материалдық, психологиялық қолдаулар жасалады. Бұл көмек бір жолғы көмек болмауы керек. Мен гарнизондар бастықтарына қазақ тапқан жауынгерлердің отбасыларын қамқорлыққа алып, олардың балаларын оқыту, әлеуметтік мәселелерін шешу шараларын атқаруды тапсырамын. Қаза болғандарды мәңгі есте сақтау үшін мемориал тұрғызу жоспарлануда. Қызметтестеріміз өз әскери борышын адал орындағанын ескере отырып, олар мемлекеттік наградаларға ұсынылатын болады, - деді Н. Ермекбаев. Сонымен қатар жетісулық төрт азаматтың денесі тиісті медициналық сараптамадан өткізілу үстінде екенін де атап өтті.
- «Қайғыны бөліссең, азаяды» дейді халқымыз. Бұл қайғылы оқиға бәрімізге де ауыр тиді. Қанша көмек көрсеткенімізбен, қайғыны бөлісіп көңіл айтқанымызбен, азаматтарды қайтара алмаймыз. Болған іске болаттай бекем болыңыздар. Біздің інілеріміз өздерінің борыштарын елдің алдында, Отанның алдында адал өтеді. Мен өз тарапымнан, Алматы облысының жұртшылығы атынан топырақтары торқа, жандары жаннатта болсын деймін. Батыр ұлдарымыздың аттарын мәңгіге сақтап, ұрпаққа үлгі етеміз. Артында қалған балаларына қамқорлық жасап, әрқашан көмек көрсету – біздің парызымыз, - деді А. Баталов.
Митингіде жауынгерлерді еске алып, олардың құрметіне аспанға от атылып, гүл шоқтары қойылды.
Атап өтсек, Алматы облысының әкімдігі әскери жаттығу кезінде қаза болған жетісулық азаматтардың отбасыларына 1 млн. теңгеден көмек көрсететін болады. Сонымен қатар жерлеу рәсімдерін атқаруды көтеріп алмақ.