• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Сәуір, 2019

Бурабай ауданы тұрғындарымен кездесті

901 рет
көрсетілді

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобының Ақмола облысындағы жұмыс сапарының екінші күні Бурабай ауданының Кенесары ауылында жалғасты.

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақ­стан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Бердібек Са­пар­баев тұрғындарды жұмыс сапары­ның мақсатымен таныс­тыра келе, елімізде әлеуметтік сала­дағы өзгерістерге қысқаша тоқталып өтті.

Кездесу барысында ауыл тұр­ғындары Үкімет өкілдеріне өзде­рінің мұқтаждықтарын, өтініш­терін жеткізді. Бірі ауылда дә­ріхананың жоқтығын айтса, енді бі­рі мемлекеттен әлеуметтік кө­­мек алуға қолұшын беруді өтін­ді.

Ауыл тұрғыны Қуанар Ма­ғаз­дың Моңғолиядан көшіп келге­ніне сегіз жыл болған. Алай­да көп балалы ана елі­міздің аза­маттығын былтыр ғана алған. Отбасының үйі жоқ, мемлекет­тен толыққанды әлеуметтік кө­мек ала алмай келеді. Қуанар Мағазбен қа­тар, ауылдағы тағы 7 көп бала­лы ана 1 сәуірден бас­тап әлеу­меттік көмек алады деп сендірді аудандық жұмыспен қамту бөлімінің мамандары. Бү­гінгі таңда Кенесары ауылында 16 көп балалы отбасы тұрады.

Ал Сәрсенбай Көкейұлы ақса­қал құқықтық көмек көрсе­туді сұрады. Былтыр оның ұлын біреулер жолда көлікпен қағып кеткен екен. Алайда кінәлілер әлі күнге дейін жазаға тартылмаған.

Үкімет өкілдері Щучье пе­дагогикалық колледжінде өңі­ріміздің белсенді жастарымен де кездесу өткізді. Жас өрен­дермен Жастар жылы, жастарға көр­сетілетін қолдау жайлы әң­гіме өрбітті.

Бу­рабай аудандық жұмыспен қамту орталығында, халыққа қыз­мет көрсету орталығында бол­ғанда Гүлшара Наушақызы ор­та­лық мамандарына көп ба­лалы ана­ларға әлеуметтік кө­мек та­ғайындауда олардың тұрмыс жағ­дайларын жіті на­зарға алуды, жері мен малдарын есептеген кезде олардың өнімді, өнімді емес­тігіне мән беруді тапсырды. Біржан сал ауданының Макинка орта мек­тебінде тұрғындармен кез­десу кезінде де аз қамтылған отба­сыларға көмек көрсету мә­се­лесіне қатысты бірқатар сауалдар қойылды.

Сапар аясында жұмыс то­бы­ның мүшелері Макинка ауы­лында тұратын көп балалы жал­ғызбасты әке Андрей Меркель­дің шаңырағында болып, жағ­дайын сұрады. 52 жас­тағы Андрей Меркельдің үш баласы мектепке, кенжесі балабақшаға барады екен. Аудан әкімі Жомарт Нұркенов бұл отбасы 1 сәуірден бастап әлеуметтік жәр­дем­ақы алатынын, отағасына тұ­рақты жұмыс тауып беретінін жеткізді.

Бұланды ауданына қарасты Алтынды ауылында да осындай кездесу өтті. Ауыл тұрғыны Ай­гүл Мәулен алты баласы бола тұра, әлеуметтік жәрдемақыдан қа­ғылып қалайын деп тұрған кө­рінеді. Себебі осыдан екі жыл бұрын оған «Бастау-бизнес» бағ­дарламасы арқылы мал шаруа­шылығымен айналысуға мемлекеттен несие берілген екен. Алайда тапқан табысының бар­лығы несиені жабуға кетеді деп уәж айтқан көп балалы ана­ның мәселесін Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Бердібек Сапарбаев қайта қарау қажеттігін айтты.

Жұмыс сапарының соңында Гүл­шара Әбдіқалықова Ақкөл ауданында болып, Білім жә­не ғылым министрі Күләш Шәмши­диновамен бірге мұғалімдердің қатысуымен жиын өткізді.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының ХVІІІ съезінде Үкіметке 1 шіл­деден бастап бюджет сала­сын­дағы ең аз жалақыны 30 па­йызға өсіруді, мүгедек бала асырап отырған ата-аналар мен отбасыларға, асыраушыларға берілетін жәрдемақыны 30 па­йызға арттыруды, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 40 мың пәтер салуды тапсырған болатын. Сапар барысында біз осы мәселелердің барлығын тұрғын­дарға түсіндірдік. Барлығына заң аясында көмектесетін боламыз, – деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Осы орайда сөз алған Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Қазақстан Рес­пуб­ликасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылға арналған бағдарламаның биыл аяқталатынын, ендігі арада білім саласында жаңа мем­лекеттік бағ­дарлама әзірлеу мін­деті тұрғанын жет­кізді.

– Үш тілде білім беру деген кезде көбісі пәндер тек ағыл­шын тілінде ғана өтеді деп ойлай­ды. Бұл жаңсақ пікір. Үш тіл­ді­лікті енгізу арқылы біз өз ана тілімізді де дамытамыз, – дей келе министр ұстаздардың мәртебесіне арналған жаңа заң жобасы жөніне де тоқ­талып өтті. Министрдің айтуынша, жаңа заң жобасы олардың құқықтарын ке­ңейтуді көздейді. Кездесу ба­рысында ұстаздар қауымы білім саласына, отыз жылдық еңбек өтілі бар ұстаздарды зейнет­кер­лікке ерте шығару туралы сауалдарын қойды.

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың өңі­рімізге сапары кезінде Ақ­мола облысының әкімі Ермек Мар­жықпаев бірге болды.