«Қазақстанның мемлекеттік шекарасында мониторинг өткізілуде және тыйым салынған тауарлардың тасымалын анықтау мақсатында қажет болған жағдайда көлік құралдарына тексеріс жүргізіліп жатыр. 27 наурыз күні қазақ-қырғыз шекарасындағы «Қарасу» өткізу бекетінде қытай және түрік тауарларын тасымалдап бара жатқан 9 көлік тексерілді. Бұл ретте, барлық көлік бойынша тауардың ілеспе құжаттарында жалған мәліметтер көрсетілген. Сондай-ақ өткізіліп жатқан тексерістерге сәйкес, 27 наурыз күні тауардың ілеспе құжаттарына түзету енгізу үшін 40 автокөлік Қырғызстан аумағына қайта оралды», - делінген комитеттің ресми сайтында.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының бағытына қарай Қырғызстан шекарасында 140 автокөлік құралы тұр. Кептеліс тасымалдаушылардың тексерістен өтуінен бас тартуына қатысты қалыптасты.