• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Сәуір, 2019

Елордада жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бақылау күшейтіледі

838 рет
көрсетілді

Елордада жолаушылар тасымалы саласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін іс-шаралар жоспарының жобасы жасалды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Астана LRT» ЖШС басқармасының төрағасы Бекмырза Игенбердинов қалалық әкімдікте өткен отырыста қаладағы жолаушылар тасымалы саласында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспарының жобасы жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша кешенді талдау және зерттеулер (қауіпті аймақтарды бағалау, автотұрақтар, жылдамдықты шектеу және т.б.) жүргізуді талап ететіндігін жеткізді. Сонымен қатар, көлік заңнамасын сақтау және бұзушылықтарды болдырмау үшін мемлекеттік органдармен бірлесіп қадағалау, тексеру, мониторинг жүргізіледі. 

Оның айтуынша, 28 наурыздан бастап жолаушылар автокөлік құралдарын күнделікті алдын-ала тексеру және жүргізушілерді медициналық тексеруден өткізуге арналған екі айлық өткізілетін болады. 

«Елордалық автобус парктері автобустарды бағдарларға шығару ережесін толығымен қайта қарастырады. Қазіргі таңда тиісті кеңестер түзілген және онда автобус жүргізушілерінің жеке келісімшарттарын қайта қарастыру да бар. Нақтырақ айтқанда, міндетті медициналық тексерісті 1 жылдан 6 айға қысқарту көзделуде»,  – деді Бекмырза Игенбердинов. 

2019 жылдың басынан бастап қалалық іКомек мониторинг және жедел әрекет ету орталығына 82 мың шағым түскен. Бұл – кестені сақтамау, экипаждың бұрыс әрекеті, аялдамадан өтіп кету сияқты бұзушылықтарға қатысты шағымдар. 

«Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен көрсетілетін қызметтердің сапасы бірінші орында тұруы тиіс. Әсіресе, қоғамдық көлікте қауіпсіздікті қамтамасыз ету аса маңызды», – деді Бақыт Сұлтанов. 

Отырыс қорытындысы бойынша қала әкімі жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылау күшейтілетінін тілге тиек етіп, тиісті қалалық басқармалардың басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді.

Полиция департаменті, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына «Bus Lane» жолақтары бойынша негізгі ағынның ілеспе бағытында көлік құралдарының жылдамдығын 40 км/сағ дейін, қарсы бағыттағы көлік құралдарының жылдамдығын 30 км/сағ дейін шектеу; жолдағы ескерту және тыйым салу белгілерін азайту жүктелді.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы барлық жүргізушілер мен консультанттардан есірткі құралдарын, жоғары/төмен қан қысымымен зардап шегетін созылмалы аурулар фактілерін анықтау үшін кешенді талдау жүргізуі тиіс. 

Полиция департаменті Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасымен бірлесіп жүк көлігінің қозғалысын шектеу туралы әкімдік қаулысының орындалуына бақылауды күшейтуі; «Сергек» жүйесі арқылы жүк көлігі қозғалысын шектеу туралы жол ережесін бұзушылықтарды автоматты тіркеуді енгізуі қажет. 

Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы және «Астана LRT» ЖШС-не қоғамдық көлік жүргізушілерінің медициналық куәландыру рәсімінен өтуін цифрландыру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.