Халықаралық энергетикалық агенттіктің «2018 жылдағы жаһандық энергетика және көмірқышқыл газын шығару ахуалы туралы» баяндамасына жүгінсек, 2017 жылмен салыстырғанда былтыр көмірсутегі шикізатына деген сұраныс 1,3 пайызға көтеріліпті. Әсіресе жылдың үшінші тоқсанында бұл көрсеткіш 99,92 миллион баррельге дейін өсіп, жыл соңына қарай сәл саябырлаған.
Сарапшылардың деректеріне сүйсенсек, дүние жүзіндегі шикізатқа деген сұраныс биыл да төмендемейді. Керісінше орташа есеппен тәулігіне 100,8 миллион баррельге көтерілуі әбден мүмкін.
Энергия тасымалдаушылардың ішінде ең жоғарғы үлес «қара алтынға» тиесілі, бұл 31 пайызды құрайды. Екінші орын көмірге тиесілі – 26 пайыз. Күн, жел, су сынды басқа энергия көздерінің үлесі жыл сайын біртіндеп көтеріліп келе жатқаны рас. Алайда, энергияға деген сұраныстың да қарқынды өсуіне байланысты әзірге мұнайдың қажеттілігі төмендейтін түрі көрінбейді.
– Дүние жүзі бойынша тұтынылатын энергияның 20 пайызы АҚШ-қа тиесілі. 15 пайызы – Еуропа елдерінің, 13 пайызы – Қытайдың үлесінде. Бір атап өтерлігі, мұнайға деген сұраныстың өсу қарқыны бойынша Үндістан басқалардан көш ілгері тұр (+4,5 пайыз). Қытайда бұл көрсеткіш 3,5 пайызға, АҚШ-та 2,7 пайызға көтерілсе, Еуропада бар болғаны 0,1 пайызға өсті, – делінген агенттіктің баяндамасында.
Халықаралық энергетикалық агенттік дүние жүзі елдеріндегі мұнай қорының көлеміне қатысты да жаңа деректерді жариялады. Мұнай қоры ең мол елдердің көшін 300,9 миллиард баррель қоры бар Венесуэла бастап тұр екен. Алайда, бұл көрсеткіш Венесуэланың экономикалық дағдарыстан құтылуына ешқандай оң әсер етпеген.
Мұнай қорының көлемі бойынша Сауд Арабиясы екінші орынды иеленсе (266,5 миллиард баррель), үштікті 169,7 миллиард шикізаты бар Канада түйіндеді. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан 12-орында тұрғанын айта кетейік. Халықаралық энергетикалық агенттік сарапшылары еліміздегі көмірсутегінің қорын 30 миллиард баррель деп болжам жасапты.