Арда анамның айтуы бойынша, байларды тәркілейтін жылы көктемде (1929 ж.) дүниеге келіппін. Ол заманда туған баланы тіркейтін ресми орындар болмаған. Кейін 1937 жылы ауылдық кеңес мені 1931 жылдың 15 наурызында туған деп жазыпты.
1937 жылы бірінші класқа бардым. Үш класты «өте жақсы» бағамен аяқтадым. Ұлы Отан соғысы басталып, мұғалімімізді майданға алып кетіп, мектебіміз жабылды. Бізді колхоз малшыларының жәрдемшісі етіп жіберді. Кейінірек майданға тұз керек деп, Кішкене тұз көлінен ас тұзын шығаратын шахта ашты. Мен көлден тұз оятын сүйменші болып, Орынбор теміржолының Шалқар станциясына өгіз арбамен тұз тасып, оны ашық платформаларға тиеп, майданға жіберетін едік. Соғыс аяқтала сала, колхоз басшылығы мені аңшы етіп Ұлықұмға жіберді.
Соғыспен ұрланған балалық өмір осылай басталды. Өгіз мінген пошташы Балдай әжеден газеттерді сұрап алып, сайын далада, малшы, тұзшы, аңшы болып жүрген «тағы бала» газеттерді ежелеп оқып танысамын. Солардың ішінде «Социалистік Қазақстан» газетіне ерекше үңіліп қараймын, оқимын. Балаға бәрі қызық қой. Бұрын арифметиканың қосу, көбейту, азайту, бөлу кестелерін даладағы тақырларға бормен, құмға таяқшамен жазып, жаттайтын едім. Енді «Соцалистік Қазақстандағы» кейбір қызықты қысқа хабарларды құмға жазып отырамын. Қайта-қайта оқимын... Пошташы Балдай әжеден екі дәптер, қарындаш сұрап алдым. Газеттегі қызық оқиғаларды дәптерлерге жазамын. Бұл жазбаларды, оларға қоса өз ойыма келген кейбір сөйлемдерді, оқиғаларды жазатын күнделік басталып кетті-ау. Иә, күнделіктер осылай басталды ғой. «Социалистік Қазақстан» ұстазымның орнына ұстаз болды.
...Бір күні үйге бір кісі келіп, «сені председатель Оспан Құдайбергенов жолдас шақырып жатыр. Тез! Бар!» деді. Ол кісінің атын аздап еститінмін, аса мәдениетті, білікті басшы деп. Фуфайкімді киіп, жетіп бардым. Еңбекшілер депутаттары Шалқар қалалық кеңес атқару комитетінің жауапты хатшысы Әбен Досов үстіме бір қарап, сәл қабағын шытып, қолымнан ұстап алып, «Оспан Құдайбергенов» деген жазуы бар есікті бір-екі қағып, ашты да, бірден «Жолдас председатель, міне, Төреханов!» деді. Құдайбергенов деген кісі жазу үстелінде жатқан «Социалистік Қазақстан» газетінің бірінші бетіндегі екі бағаналық мақаланы көрсетіп «оқы» деді. Жүрегім зырқ ете қалды. Ежелеп бастап, жүргізіп оқи бердім. Екеуінде де үн жоқ, тыңдап отыр. Қара терге түсіп, фуфайканың жеңіне бетімді сүрте беріп едім, председатель «тоқта!» деді де, хатшыға қарап: «Жолдас Досов, мына жігітті комитетке іс жүргізуші етіп алайық. Шешім жаз, үйрет», деді де, маған көзін тоқтатып қарап: «Төреханов, бұл газет Қазақ КСР-нің бас газеті! Осы газетті үзбей он жыл оқысаң, орта білім алып шығасың. Мүмкін, бұл газет сенің келешек тағдырыңды анықтар», деді де сәл кідіріп, «боссыңдар, іске кірісіңдер» деді.
Бұл 1947 жылдың күзі еді. Сөйтіп, он алты жасқа жаңа толған шағымда мемлекеттік жұмысқа қабылдандым. Күндіз-түні тек қана газеттерді оқимын. Ұнаған мақалаларды дәптерге жазып қоямын. Бір күні Әбен аға: «Сен, көріп отырсың ғой. Күнде таңғы сегіздерде пошташы газет, журналдарды әкеледі. Сол газеттердің ең үстіне «Социалистік Қазақстанды», сонан-соң аудандық, облыстық, кейін «Правда», «Известия», «Казправда» газеттерді былай бүктеп, председатель келгенше кабинетіндегі жазу үстелінің үстіне қоясың» деді. Содан соң тағы «бүгіннен бастап қала тұрғындарының тізімін аласың. Алдымызда Қазақ КСР Жоғарғы Советінің сайлауы. Тізім сол сайлауға керек. Депутаттыққа кандидат та белгілі. Ол Қонаев... Ертең теміржол клубында жиналыс болады. Оған дейін ешкімге айтпайсың», деп 48 беттік екі дәптер, 3 қарындаш берді. «Тізім алуды Селиванов поселкесінен бастайсың».
Сонымен, теңіздей терең халық ішіне кіріп кеттім. Селиванов поселкесінің тұрғындары, негізінен, Ресейден келгендер. Кейбір үйлердің ішкі қабырғаларында ілулі тұрған «қара қалпақ» қақсап сөйлеп тұрады. Қалада, тіпті мемлекеттік мекемелерде бұл жоқ. Таңғаламын. Ойлана, ойлана келіп «СҚ»-ға (редакторы Аққұлов), «Қалада радио неге жоқ?» деген тақырыппен шағын мақала жаздым. Бірден газетке шыға келді. Қуанып кеттім. Іле-шала аупарткомның бірінші хатшысы Ғиният Төлеуішев, хатшысы Саттар Имашев, қалалық кеңес басшылығы Ақтөбеден «қара қалпақ» – радионың бірнеше жүзін алғызуға сауда орнына тапсырма берді. Арада ай өте көп радиоқабылдағыш – «қара қалпақтар» жеткізіліп, облыс орталығынан оларды орнататын монтёрлер келді. «Қара қалпақтар» көшелерге қаз-қатар іліне бастады. Халық көшелерге жиналып, «қара қалпақтарды» тыңдады, мәз болып, күледі, сөйлеседі, халық көңілденді. Содан кейін-ақ «СҚ»-ға ірілі-уақты мақалаларым, хабарларым шыға бастады.
* * *
Мұғалжар асуы – ашық түнелі заманында қысы өте қатты, боран, түйе құлататын қарлы жел, өткел бермейтін КСРО-дағы жалғыз қарлы-боранды асу болатын. Осы ашық түнелге бір мыңдай адам жаяулап, арқалағанымыз көлік, қол шаналар, ағаш күрек, арқан, т.б. құралдарды апардық. Екінші тәулік аяқтала түнелдегі пойызды қардан аршып алдық. Үш вагон. Ортадағы вагоннан басында түйір шашы жоқ, толық денелі бір ер адам шығып аудан басшыларымен амандасып болды да, оң қолын жүрегінің тұсына қойып, жұмысшыларға бас иіп, рахметін айтты. Ол адамның кім екенін ешкім білмейді. Қалаға жұмысқа келген соң Оспан Құдайбергенов аға: «ол шолақ пойыз Қазақ КСР-нің бірінші басшысы Жұмабай Шаяхметовтің отарбасы» деді. Содан әп-әдемі қысқалау материал жазып «СҚ»-ға жібердім. Хат келді редакциядан. Ол кісі туралы, оның пойызы жайлы оқиғаны газетке баса алмаймыз деп себебін түсіндіріпті де, жиі-жиі жазып тұр депті. Бұл сол 1947-1948 жылдардың қысы еді. Халық арасында «Шаяхметовтің шолақ пойызы» деген сөз өріс алды.
Бір күні Әбен аға шақырып алып «Сені Имашев жолдас шақырып жатыр, тездетіп бар», деді. Бардым, бірден қабылдады.
– Төреханов, сенің «Социалистік Қазақстан» газетіндегі радио туралы жазған мақалаңды райком жақсы қабылдады. Халық газетке алғысын жаудырып жатыр. Ондай ойдың басыңа келгеніне рахмет! Айтайын дегенім, сені, Шалқар аудандық «Социализм туы» газетіне қызметке жібергіміз келіп отыр. Радио торабын ашу жайлы шешім шығардық. Сол радио торабын да басқарып, халық алдында аптасына кешкілік үш рет сөйлейсің, аудан, ел жаңалықтарын халыққа жеткізесің. Бұл ұсынысты газет редакторы Шойғарин жолдас та айтқан еді. Ол бюро мүшесі ғой. Жарайды десең, ертең бюро, сонда сені бекітеміз, – деді.
1949 жылдан бастап аудандық газетке жұмысқа орналастым. «Социалистік Қазақстанды», басқа да бір-екі газетті үйге жаздырып алғаныма екі жыл болды ғой. Үйіміз бір бөлмелі, жалғыз терезелі, саз балшықтан соғылған үй. Отбасында жеті баламыз. «СҚ»-ны оқып болған соң бөлменің қабырғасындағы шегеге іліп қоямын. Оның қасына «қара қалпақты» да ілдім. Үй іші радионы тыңдап мәз болады. Кешкілік «СҚ» газетіндегі қызықты мақалаларды әке-шешеме, балаларға дауыстап оқып беремін. Осы 1949 жылдың күзінде, 30 қазанда Балзада Шәмшіқызымен шаңырақ құрдым. Балзада Шымкентте астық сапасын анықтайтын екі жылдық оқу орнын бітіріп келген еді. «Заготзерно» мекемесінде лаборант болатын. Бірде көңілденіп, «Социалистік Қазақстан» газетің, мына «қара қалпақ» мені саған жақындатты ғой» дегені бар-ды. Сол Балзада Шәмшіқызы дүниеге бес бала әкелді, оқытып, тәрбиеледі. Балаларымыз Мәскеуде, Ленинградта, Алматыда жоғары білім алды.
Бір күні хатшы Саттар Нұрмашұлы Имашев телефонмен хабарласып, келіп кетуімді сұрады. Бардым.
– Мен оқуға жүргелі отырмын. Төреханов жолдас, сен КазГу-ге оқуға бар. Қаламың қарулы, уытты. Елге танымал қаламгер боларсың. Меніңше, келешегің баспасөзде, – деп қысқа ғана айтты да қолын ұсынды.
Иә, Саттар Имашев кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Советі Президиумының төрағасы болды.
1950 жылы КазГу-ге оқуға түстім. Т.Тәжібаев, М.Әуезов, І.Кенесбаев, Н.Сауранбаев, Б.Кенжебаев, Е.Балмаханов, Т.Бәсенов, Н.Жақсыбаев, Б.Сүлейменов, Ы.Маманов, О.Төлегенов, Ж.Аралбаев, арабтанушы Әжікеев сияқты білімді де атақты ұстаздардан үлгі-өнеге, тәрбие, білім алдым. Факультет комсомол ұйымының хатшысы болдым. Арнаулы шәкіртақы алып тұрдым. М.Шолохов, Л.Леоновтерді КазГу-ге шақырып, студенттермен кездестірдім. Университетті қызыл дипломмен аяқтадым. Бұл студенттік бес жылда да «СҚ» газетін киоскілерден сатып алып, тұрақты оқырманы болдым. Университет басшылығы Ленинград университетіне шығыстану кафедрасына аспирантураға жолдама берді. Жағдай жоқ, бара алмадым. Елде, сол Шалқар аудандық газетіне ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі етіп бекітті. Қалам қайта жанданды.
* * *
«Түтінсіз қала», «Құмдағы орман сыбдыры», «Шым кепеден шыны сарайға», «Аяққұм мал жайлымы» очерктерім, «Өсек өзін өртеді», т.б. фельетондар арқылы болар, «Социалистік Қазақстан» екі рет өзінің Кұрмет грамоталарымен марапаттады. Орталық партия комитеті менің газеттерді басқару, жоспарлау, шығару жөніндегі іс тәжірибем туралы «Талап. Тәжірибе» атты кітапқа (1972 ж.) қосты. Бұл жылдары Темір, Ойыл, Байғанин аудандары және Шалқар, Ырғыз аудандары бойынша шығатын Ақтөбе облыстық, селолық газеттерін ұйымдастырып, басқардым. Содан кейін табан аудармай отыз жыл Шалқар аудандық газетін ашып, бас редакторы болып жұмыс істедім. КСРО-ның талай жерінде болдым. Өмір бойы жазылған қойын дәптерлерімнің саны екі жүзден асты. Турасын айтсам, «Егемен Қазақстан» менің ұлы да ұлағатты ұстазым болды. Қаламымды шыңдады. Терген, жинаған деректер, тарихи оқиғалар соңғы ширек ғасырда «Атамұра» баспасынан 16 кітап, 7 роман, 7-8 повесть жарыққа шығаруыма жеткізді. «Дала Геркулесі» тарихи романыма Сәбит Досановтың «Егемен Қазақстанда» (2009 жылы 25 ақпанда) рецензиясы шықты. Бұл кітап Нью-Йоркте көрмеге койылыпты.
Тағы бір дерек. «Дала Геркулесі» шығармама байланысты 2010 жылдың 13 қыркүйегінде Елбасынан хат алдым. Онда: «Өмірде көпті көрген қоғамда жүріп жататын күрделі процестерге сараптама жасай алатын көзі ашық кісінің келтірген деректері ретінде сіздің бұл жазбаларыңыздың өзіндік тарихи мәні бар деп есептейміз» деп жазыпты.
P.S. Бүгіндері 90-ның шыңын бағындыра отырып, «Егемен Қазақстан» газетінен Байқал Байәділ, Гүлайым Шынтемірқызы және Нәзира Жәрімбеттің мақалаларын, сондай-ақ бағана авторлары Сейфолла Шайынғазы, Анар Төлеуханқызы, Серік Негимов, Сұңғат Әліпбай, Жақсыбай Самрат, Сүлеймен Мәмет және Мирас Асанның жазғандарын Балзия Шәмшіқызы екеуміз жарыса оқып, риза болып қаламыз.
Тауман ТӨРЕХАНОВ,
журналист-жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері