• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Сәуір, 2019

Өскемендік оқушының әлеуметтік желіде жариялаған видеосы қала әкімінің өзін ауласына келуге мәжбүр етті

5922 рет
көрсетілді

 Иә, дәл солай.

3 сәуір күні шаһардағы №15 мектептің 6 сынып оқушысы Досжан Дулатұлының өз ауласынан түсірген видеосы әлеуметтік желі арқылы жедел тараған еді. 3 минуттық видеода ол өзі тұратын үйдің ауласындағы әбден ескіріп, тозған, сынған орындықтар мен спорттық құрылғыларды, жарамсыз болып, ауланың бір бұрышында жатқан әткеншекті көрсетіп: ««Двор осындай жаман. Балалар ойнағысы келеді. Ойнайтын түк те жоқ. ...Жақсылап двор істеу керек осы жерге. Маяковский 20 көшесінде осындай жаман двор. Неге жөндемейді? Мен соны айтқым келеді. ... Балалар ойнайын десе ойнай алмайды. Үйде отырады қамалып» (сөзін сол қалпында беріп отырмыз – А.Қ) деп жанайқайын жеткізген-ді.

Қоршаған ортасына бей-жай қарамайтын батыл оқушының бұл әрекеті облыс орталығының басшылығының да назарынан тыс қалмапты. Видео жарияланған күннің ертеңінде, яғни 4 сәуір күні Өскемен әкімі Жақсылық Омар қол астындағы қызметкерлерімен бірге Маяковский көшесіндегі 20 үйге арнайы келіп, Досжанның арқасынан қағып, алғысын білдіріп, ауланы  қала бюджетінен үнемделген қаражат есебінен жөндетуге уәде берген-ді. Ауланы бюжет есебінен де жөндеуге болады екен. Алайда аулаға тиесілі үйдің ПИК-і  өткен жылы өтінішті дұрыс бермей, аула жөнделетін аулалардың тізіміне кірмей қалған көрінеді.

Бүгін біз өз ауласынан репортаж жасаған оқушының ата-анасына телефон шалып, әкесі Дулатпен және Досжанның өзімен аз-кем әңгімелестік.

-Видеоны ұлыңыз өзі түсірген бе? Әлде біреулер «түсір» деп айтты ма екен?

- Жоқ. Үйдің маңында ойнап жүріп түсіріп, интернетке жіберген ғой. ХХІ ғасырдың балалары емес пе? Бәрін біледі.

- Әйтеуір мектепте ешкім ұрыспап па?

-|Жоқ, ешкім ұрыспапты. Мен де ойлағам, «мұның не?» деп ұрсатын шығар деп. Бірақ енді ұрсатындай ештеңе істеген жоқ қой. Түсіргенінің бәрі рас. Өзі әуелде кішкене қорықты. «Қорықпа, ештеңе бүлдірген жоқсың» дедік. Ұлым мектепте үздік оқиды. Регбиге қатысады. Қарындасы бар, достары бар, бәрі есік алдына ойнауға шығады. Бірақ аулада ойнамайды, басқа аулаға кетіп қалады. Іздейміз. «Осы двор шаршатты. Түк жоқ» деп айтып жүретін үнемі.

-Сонда бұл аула мүлде жөнделмеген бе?

- Мүлде жөнделмеген ғой. Бәрі сынып жатыр. Біз бұл жерге 2011 жылы көшіп келгенбіз. Сол уақыттан бері осылай. Балалар осы аулада ойнауға мәжбүр. Біздің ПИК «ауланы жөндетуге өтініш бергенбіз» дейді. Жалпы бұл жердің ПИК-і дұрыс жұмыс істемейді. Олардың жұмысы болса да, 1 қабаттағы подьезді өзім жасап, өзім сырлағанмын.

Оқушының әкесі Дулат Уановтың айтуынша, бұл аулада бір емес, 4 үй бар екен. Дулат әскери қызмет атқарса, анасы медбике болып жұмыс істейді екен. Оқушының өзімен де сөйлесіп, пікірін тыңдадық.

-Досжан батыр, түсірген видеоңды көрдік. Дайын тұрған журналист екенсің. Видеоны өзің түсірдің ғой.

- Үш-төрт күн бұрын түсіргем. Интернетке,  Вк мен фейсбукке жібердік.

- Мұны қала әкімі көрсін деп түсірдің бе? Әлде жай түсіре салдың ба?

- Үстідегі адамдарға, басшыларға жібергем. Интернетке салғам. Өздері көрді. Кеше қала әкімі келді. «Істейміз. Жарайсың!» деді.

-Мектепте ешкім ұрысқан жоқ па?

- Жоқ.

-Сонда сен бұған дейін басқа аулаларға барып ойнап жүрдің бе?

- Иә, Екінші үйдің ауласына барып жүрміз. Ол жақта футбол алаңы бар.