• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Сәуір, 2019

Cәуірдің басынан АӘК алуға 3 мың адам өтініш білдірді

852 рет
көрсетілді

Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау бойынша құжаттарды жұмыспен қамту орталықтары мен аудан әкімшіліктерінде тапсыруға болады, деп хабарлайды елорда әкімшілігінің ресми сайты.

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін құжаттарды қабылдағаннан бастап астаналық жұмыспен қамту орталығы мен аудан әкімшіліктеріне 3 мыңнан аса тұрғын өтініш білдірді. 

«1 сәуірден бастап АӘК тағайындаудың жаңа критерийлері анықталды. Оған сәйкес астана тұрғындары үшін жан басына шаққандағы кедейлік шегі 21 572 теңге деңгейінде. Сәйкесінше, бізге әлеуметтік көмек алу үшін отбасындағы бір адамға шаққандағы кіріс мөлшері кедейлік шегінен аспайтын барлық адамдар келе алады. Бүгінге дейін  біз 3 мыңнан астам адамға кеңес бердік,  500 тұрғынның құжатын қабылдадық», – деді қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Данияр Нұрпеисов. 

Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін жұмыспен қамту орталығы  сағат 8:30-дан 20:00-ге дейін және түскі үзіліссіз жұмыс  істейді. Сондай-ақ, құжаттарды тек жұмыспен қамту орталығында ғана емес, аудан әкімдіктерінде де тапсыруға болады.   

«Құжаттарды сәуір айы бойы тапсыруға болады. АӘК үшін құжатты тұрғындар айдың қай күні тапсырғанына қарамастан, төлем алады (расталған жағдайда). Ол 1 сәуірден бастап тағайындалады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Е-халық» жаңа ақпараттық базасын енгізді. Оған сәйкес өтініш білдірушіден идентификация жүргізу үшін тек қана жеке куәлігі талап етіледі. Бірақ ережеге сай, егер жеке тұлғаның мәліметі базада болмаса, онда балаларды және өзін куәландыратын туу туралы куәлік, банктік есеп-шот талап етіледі», - деп түсіндірді ол. 

Көп балалы ана Индира Жолдыбекова үшін АӘК үлкен көмек болады. 

«Мен – жеті баланың анасымын, «Алтын алқа» иегерімін. Жұмыспен қамту орталығына АӘК алу үшін құжат тапсыруға келдім. Көпбалалы аналарға арнап осындай мүмкіндік жасағанына рахмет айтамын. АӘК рәсімдеу процесі өте тез, мен кезекте 10-15 минут қана тұрдым. 

Барлық құжаттарды оператор қабылдап алды. Күйеуімді жұмыссыз ретінде тіркеді, жұмыс тауып беруге уәде етті», – деді ол. Көпбалалы ана Ботакөз Жанұзаққызы алғаш рет құжат тапсыруына байланысты жолдасының еңбек табысы туралы анықтама әкелуі керек болды, себебі базада ол туралы мәлімет жоқ. «Барлық құжаттар дайын, тек жолдасымның еңбек табысы туралы анықтама жоқ. Қазір алып келемін, сосын құжаттарды қабылдаймыз деді. Қалған құжаттар түгел. Егер АӘК алсақ, біздің отбасы үшін үлкен көмек болар еді», – деді ол.