Жетістікке кез келген тұлға жетпейді. Мәселе сонда. Жігеріңді шыңдаудың тәсілі көп болғанымен, оның барлығы шынайы өмірдегі жүйеде іске аса бермейді. Өтімсіз. Ықпалы жоқ. Бос иллюзия.
Бәрі ықпалдылықтың ең жоғары нүктесін алғысы келеді. Әркім өз мүмкіндігін сынап көреді. Тіршілікке бейімділік үлкен тәжірибені талап етеді. Өзің жеке өміріңде тоқырап жүріп, өзгелерге үлгі болу мүмкін емес. Оған құрғақ теориялар да көмектеспейді. Билікке кездейсоқ адамдар да келмейді.
Басқаларға ықпалыңды жүргізу оңай емес. Басқарудың ең басты нүктесі – өз сезімің мен ақыл парасатыңды басты мақсатыңа қазықтай білу. Қабілет-қарымыңның масштабы осы жолда айқындалады.Жасық болсаң, оны жүз тренинг те шыңдай алмайды. Қадамың батыл болса, жолыңдағы жүз кедергі де сені тоқтата алмайды. Басты құпия да осында. Осыны фильм өз тілінде жатық түсіндіреді.
Қоғамдағы сайқымазақ ойындар. Фильмде оның табиғаты мен тілі анайы. Басқаша ашып, жеткізу мүмкін емес. Себебі оның болмысы тұнған азғындау. Бұл осы дәуірдің басынан өткеріп жатқан үдерісі. Ақиқаты. Таңдауы.
Ата-анасы білім жолында оқуда деп үміт күткен қыздарының бейнесі. Әлеуметтің белгілі бір ортасы мен дәрежесіндегі жауапкершілігін көтеріп жүр деп сенген ер-азаматтардың іс-әрекетінің көрінісі. Бұл тақырып уақытында зерттелуі – тиісті қажеттілік.
Бұл фильм – бүгінгі қоғам өресінің айнасы. Режиссердің осы тақырып төңірегіндегі ізденісі. Өзіндік тілі. Дүниетанымының ащы үні.
Тренингінің басты мақсаты – адам санасын жаулау. Ықпалдылыққа үйрету. Жігерін шыңдау. Белгілі бір мақсат жолындағы ағартушылық өнер. Қаржы көзі. Барлық жолы айқындалған өмірдің заңдарын қайта бір сараптау. Заманға бейімдеу. Насихаттау.Фильмдегі басты кейіпкер Қанатқа курстасы Данияр нағыз өз ортасының ақиқатына жанасатын сабақ береді. Дарвиннің ілімімен айтқанда, өз ортаңның тіршілік тәртібіне қарай іс-әрекетіңді де бейімдеу. Әркім өз ісіне жауапты. Әркім өз күнәсін өзі көтереді. Әлсіздер өз таңдауымен, өзіне тым сенімділер өз жолымен жүреді. Бұл – фильмнің басты пәлсапасы.
Шешім жасайтын ой мынада. Барлығы билікке жетсем дейді. Ықпалдылық. Дәреже. Мансап. Ақша. Еркіндік. Барлығының көздегені осында. Сол деңгейді алсам, барлығы өзгереді деп күтеді. Қиялындағы ақиқатына сенеді. Бірақ биліктің барлық күші сонда ма?!
Биліктегі көп шенділердің жинақталған бейнесі фильмде режиссердің қабылдауында бүгінгі ақиқатпен жанасатындай деңгейде ашылған. Бірақ басты кілт бұл емес. Жоғарғы билік – көпшіліктің пайымында мінсіз үлгілерге негізделеді. Барлығы өзіне үлгі іздейді. Үлгіні мінсіз дейді. Бірақ бұл фильм өмірде барлық қалыптасқан пайымдар мен қағидалардың бүгінгі қателігін ашып көрсетеді. Бәрі біз ойлағандай емес. Гүлзат КӨБЕК,
кинотанушы,
өнертану PhD докторы