Қазалы ауданындағы «Сыр маржаны» ЖШС Чехия мемлекетінен 300-ге жуық ангус сиырын әкеліп, бағуда. Серіктестік директорының орынбасары Талайлы Бөріқұлов Абердин-ангус мүйізді ірі қараның терісі қалың болғандықтан ыстыққа да, суыққа да шыдамды болатынын айтады.
Оның үстіне күй-жай талғамайды, анау-мынау сиыр малына тән ауруларға да төзімді көрінеді. Ең бастысы, жем-шөпке мұхит асып келген кейбір асыл тұқымды сиырлардай талғампаз емес, алдына қойғанын сыпырып сиырып жеп алады. Өріске де шығады. Еті тығыз, бір ет, бір май болғандықтан дәмді. Халықаралық санатта мәрмәр деген атауға ие. Алты айлық бұзауларының өзі 200-300 келіге дейін тартса, бордақылаған өгіз, бұқа бір тоннаға дейін салмақ жинайды.
Т.Бөрдіқұлов шаруашылықта 280 бас қашар бар екенін айтады. Шаруашылық өзге бұқамен шағылысса да тұқымын бұзбайтын ангустан төл алып, мал басын көбейтпек ниетте.
Бас зоотехник Сахил Ысқақов ең жоғары сұрыпты мәрмәр етін беретін ангустың өнімділігі жоғары деп отыр. Шаруашылықтың жем-шөп дайындауға мүмкіндігі мол. Сүрлем, жоңышқа, жүгерісі дайын. Әуелде 500 басқа мал бордақылау қорасын салған екен. Енді оны 3 мың басқа дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Себебі бұл малдың етіне сұраныс жоғары. Бүгінде Иран мен көрші Өзбекстанға экспортталып жатыр. Серіктестіктің иесі Мінәжаддин Өтеев жоғары сұрыпты етті дайындау үшін облыс орталығынан мал сою комбинатын іске қосуға талаптанып жатыр екен. Осындайда еске түседі. Ұланғайыр жері бар Қазақстанның сонау Бразилиядан ет сатып алатыны талай мәрте айтылған. Қазақстан бүгінде буферлік алаңнан шықты. Енді еліміздегі мейрамханалар қонақтарының ас мәзіріне тартатын қымбат мәрмәр еті қазақстандықтарға да қолжетімді болмақ. Қызылорда облысы