• RUB:
    5.07
  • USD:
    522.63
  • EUR:
    548.66
Басты сайтқа өту
Экономика 07 Сәуір, 2019

Бейбіт атом – қазақ-өзбек қатынастарының жаңа белесі

2030 рет
көрсетілді

Адамзаттың атомдық энергетиканы игеру тарихы 80 жылға жуық мерзімді шамалады. Жер шарында 1954-жылдан бастап ядролық энергетикадан тұрақты электр энергиясы өндірілсе, технологиялық мүмкіндіктер нәтижесінде радиоактивті изотоптардың қолданылу аясы кеңейе түскені мәлім. Осылайша, түрлі ғылымдардың құрамдас бөлігіне айналған «бейбіт атом» келешекте қазақ-өзбек еларалық ынтымақтастығының жаңа қырына айналуы ғажап емес.

Ядролық энергетиканың бастапқы энергия алу көзі – уран отыны. Кеңес Одағы кезінде Қазақстан мен Өзбекстан территориясында жүргізілген ауқымды барлау жұмыстары ірі уран қорларын анықтауға мүмкіндік берді. 1945 жылдан бастап осы күнге дейін жер шарында шамамен 2,8 млн тонна уран өндірілген болса, оның Канадаға 18%, Қазақстан мен Өзбекстанға 17% және АҚШ-қа 13% тиесілі, ал қалған бөлігі әлемнің басқа елдерінде өндірілген. Қырғи-қабақ соғыс жылдары Кеңес Одағы уран өндірісін үдеткенімен, 90-жылдары саяси картада Орталық Азияның тәуелсіз мемлекеттерінің пайда болуы, ірі уран қорларының Одақ шеңберіндегі атом өнеркәсібінің толық кешенінен бөлініп, өтпелі экономикалы елдердің энергетикалық еншісіне қалды. Нәтижесінде энергетикалық шикізаттардың импортына тәуелді дамыған елдер үшін Қазақстан мен Өзбекстан территориясы уран өнімдерінің ірі шикізаттық базасына айналды. Экономикадағы қиын-қыстау жағдай аталған жас мемлекеттерді дамыған және қуатты елдер тарапынан уран өндіру бойынша кез-келген инвестициялық, технологиялық ұсыныстарды қабылдауға мәжбүр етті. Тәуелсіздіктің ширек ғасырды еңсергеніне қарамастан Қазақстан мен Өзбекстанда сол үрдіс осы күнге дейін жалғасын тауып келеді. 

Жаңа технологиялық мүмкіндіктер нәтижесінде жер шарындағы барланған уран қорының көлемі соңғы онжылдықта 25% ұлғайып, шамамен 6,1 млн тоннаны құрап отыр. Бұл әлемдегі уран қорының әлі де ұлғая түсетіндігін аңғартады. 2018 жылғы деректер бойынша жалпы қорлардың Австралияда – 30%, Азияда – 24%, Африка – 20%, Америка құрлығы – 14%, Еуропа-Ресейде 12% шоғырланған.

XX ғасырда КСРО әлемдегі толық атом өнеркәсібі қалыптасқан  ядролық держава еді. Одақтың ыдырауы нәтижесінде Ресей атом өнеркәсібінің толық кешеніне, ал Украина, Армения, Литва, Қазақстан ядролық энергетиканың негізі қаланған елдер ретінде саяси картаға енді. Өткен ғасырда әлемнің біршама елдерінде, негізінен Шығыс Еуропа елдерінде АЭС құрылысын жүргізген – КСРО болса, оның басты мирасқоры – Ресей де сол үрдісті жалғастырып, аталған салада коммерцияланған қызметтерді ұсынушы әлемдегі санаулы елдердің біріне айналды.

Украинаға келсек, атом энергетикасы тарихындағы – Чернобыль апаты (КСРО, қазіргі Украина, 1986 ж.) әлемде ядролық энергетика жақтаушыларын сиреткен айтулы оқиға. Соған қарамастан энергетика құрылымындағы атом энергетикасының үлесі бойынша Украина (55%)  әлемде Франциядан (72%) кейінгі екінші орынды иемденеді. Қазіргі таңда Украинаның энергетикалық стратегиясында батыстық технологияға негізделген ядролық отын өндіретін зауыт, ядролық отын сақтайтын қойма мен жаңа реакторлардың құрылысы жоспарлануда. Ал Кавказ елдеріне  келсек, Арменияның жалпы электр энергиясының 1/3 қолданыстағы жалғыз ядролық реактор қамтамасыз етіп отыр.

Литва 2009 жылы Еуропада Италиядан кейінгі атомдық энергетикадан түпкілікті бас тартқан елге айналғанымен, Балтық елдеріндегі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығына байланысты,  бір кездері елдің 70% электр энергиясын өндірген атомдық энергетиканы қайта дамыту, жаңа АЭС (Висагинас) құрылысы жайлы салмақты пікірлер бүгінде қайта талқылануда. Сонымен қатар, Белорусь АЭС мен Ресейдің Калининград облысындағы Балтық АЭС (уақытша тоқтатылған) жобалары аталған аймақта ядролық энергетика әлеуетінің алдағы уақытта да кемімейтіндігін аңғартады.

Орта Азия елдеріне оралар болсақ, Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстанда уран ресурстарына кең көлемді тиісті барлау жұмыстары осы күнге дейін жүргізілмеген. Ал Ақтау АЭС 1999 жылы эксплуатациядан шығарылғанын ескерсек, КСРО-ның атом өнеркәсібінен Қазақстан мен Өзбекстанға ірі уран қорлары мен бірнеше тау-кен металлургиялық комбинаттары бар – шикізаттық өндіріс ғана мирас болды.

Соңғы деректер бойынша Қазақстан мен Өзбекстан әлемдік уран қорларының 16% үлесін иемденеді. Уран өндірісі бойынша әлем елдері арасында 2009 жылдан бастап Қазақстан көш бастаса, Өзбекстан тұрақты түрде алғашқы жетілікті түйіндейді. 2010-2017 жылдары аралығында Қазақстан (40%) мен Өзбекстан (4%) орта есеппен жыл сайынғы әлемдік өндірістің 44% қамтамасыз етіп келеді. Ал уран өндіруші мемлекеттердің барлығы шикізат экспортын жүзе асырмайтындығын ескерсек, Қазақстан мен Өзбекстанның шикізаттық уран нарығындағы экспорттық әлеуеті – әлемдік мұнай нарығындағы ОПЕК елдерінің экспорттық әлеуетінен асып түседі. ОПЕК елдері әлемдік мұнайдың 35% өндіріп, әлемдік мұнай экспортының 50% қамтамасыз етеді.

Мұнай нарығы мен уран нарығын салыстыру көпшілікке ойға қонымсыз көрінетіні секілді, ОПЕК елдерінің мұнай нарығындағы баға қалыптасудағы рөлі мен Қазақстан мен Өзбекстанның уран нарығында баға қалыптасудағы рөлі де салыстыруға келе бермейді. Алайда, нарықтар арасындағы тығыз байланыс пен жасырын бәсекелестікті ешкім жоққа шығара алмайды. Бүгінгі күні энергетикалық ресурстарды экспорттаушы елдердің кейбірі әлі де «Голланд ауруынан» шыға алмай отырғаны – бір мысал, ал «Ресурстар қарғысынан» құтылып, «Құдайдың алғысына» бөленіп жатқаны – екінші мысал болса, энергетикалық ресурстарды экспорттаушы елден импорттаушы елге айналып кету де үйреншікті үрдіске айналып бара жатқандығын байқап отырмыз. Осы ретте, уран нарығындағы Қазақстан мен Өзбекстанның «Барында батып іш, жоғында сатып іш» тірлігі – түбі екі ел үшін де ұлттық берекеге алып келмейді. Оның амалы біреу - бірлік, бірлік түбі – береке.

Ірі уран өндіруші кәсіпорындардың қатарына қазақстандық Қазатомөнеркәсіп пен өзбекстандық Новои тау-кен металлургиялық кәсіпорыны кіреді. Аталған ұйымдар әлемдік уран өндірудің 25% қамтамасыз  еткенімен халықаралық бизнестегі масштабтары өз мемлекеттері аумағымен ғана шектеледі. Сондай-ақ екі елдің ұлттық уран өндіруші операторлары арасында қандай да бір меморандум немесе әріптестік туралы ақпараттар кеңістігінде деректер кездескен емес. Уранның қарғысынын құтылып, уранның алғысына бөлену үшін осы екі кәсіпорынның стратегиясы Сырдария суындай бір арнада тоғысуы қажет сияқты?!  

Шикізаттан реакторда қолданылатын отын алу өте күрделі технологиялық үдеріс. Ұзақ жылдар бойы бұл технологиялық мүмкіндіктер санаулы елдердің еншісінде болды және ядролық энергетикадағы ғаламдық технология қозғалысы, АЭС құрылысын жүргізу секілді іс-қимылдардың барлығы Үлкен саяси институттардың ықпалымен басқарылып келе жатқаны белгілі. Осы ретте, Қазақстан мен Өзбекстан энергетикалық стратегиясында шикізат экспортынан бөлек, атом өнеркәсібінің толық кешенін қалыптастыру да өте маңызды. Алайда уран шикізатын импорттаушы елдер өз өндірістерін тоқтатып, Орта Азия елдерінен дайын отын алуға қызығушылық танытпайды. Сондай-ақ  ірі ойыншылар нарықтағы жаңа қатысушылар үшін оңайлықпен шегініс жасамайтындығы да түсінікті. Трансұлттық энергетикалық корпорациялар әлемдегі АЭС-тарды жабдықтау ісін өзара бөлісіп алған және олардың шыққан тегіне сәйкес стратегиялық саясаты мен нарықтағы әрекеті  Әлемдік тәртіппен астасып жатыр.

Бұл ретте Қазақстан Ресеймен өндірістік циклды интеграциялау, сондай-ақ Үлбі металлургиялық зауытында ядролық отын өндіруді ұйымдастыру бойынша біршама нәтижелі бастамалар жасады. Сонымен қатар, елімізде 2017 жылы МАГАТЭ-нің тікелей бақылауымен жұмыс істейтін аз байытылған уран банкі ашылған болатын. Бұл атом өнеркәсібіндегі ғаламдық үдерістерден Қазақстанның шеткері еместігінің, ажырамастығының үлкен нышаны. 

Өзбекстан да қосылған құнды уран өнімдері экспортына мүдделі, әрі хақылы. Мақсаттың ортақтығын ескере отырып ағымдағы әлеуеттің шама-шарқын асыру үшін – Қазақстан мен Өзбекстан уран байыту, ядролық отын өндіру және сақтау секілді өнеркәсіп кешендерін ішінара интеграциялау мүмкіндігіне назар аударуы қажет. Ішінара интеграциялаудың маңызын тиімділік тұрғысынан ғана бағалауға болмайды, бұл екі ел үшін де тұрақты дамудың кепілі, екі жақты ынтымақтастықтың  бағынбаған белесі. 

2018 жылы электр энергиясының жаһандық өндірісінде ядролық энергетиканың үлесі 5% құрады және тұрақты 1,4% өсімін сақтап келеді. Бүгінде  әлемдік 400 ГВт-қа жуық электр қуатын қолданыстағы 453 ядролық реактор өндіруде. Ядролық энергетикадан электр энергиясын өндіруден АҚШ сөзсіз көш бастайды. 2018 жылғы көрсеткіштер бойынша АҚШ-тан кейін Франция, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея елдері жайғасқан. Осыдан үш жыл бұрын Қытай бестікке де кірмейтін, қазір үштікте, ал құрылысы жүріп жатқан АЭС-тар іске қосылса таяу жылдары Қытай Францияны да артқа тастайтындығы анық. Жалпы осы күнде әлемнің 37 елінде ядролық энергетиканың негізі қаланған.

Дәл қазір әлемде қуаты 57 ГВт құрайтын 55 энергоблоктың құрылысы жүріп жатыр және оның 85% дамушы елдерде. Олардың ішінде алғашқы АЭС құрылысы БАӘ, Беларусь, Бангладеш және Түркияда. Алғашқы АЭС құрылыстарын БАӘ-де корейлік кәсіпорын жүргізсе, қалған үшеуінде ресейлік Росатом компаниясы жүргізуде. Ресейдің отандық АЭС жобаларынан бөлек, шет елдерде АЭС құрылысын жүргізудегі белсенділігінің бір сипаты – технологиясы мен қызметтерді экспорттау болса, екінші сипаты – әлемнің дамушы елдерінің көшбасшысы ретінде әлемдік саясаттағы өз ықпалын арттыру. Әлемдік тәжірибеде көріп отырғанымыздай, көп жағдайда бұл сипаттар екінші тараптарды да қанағаттандырады.

Қытай, Ресей, Үндістан секілді дамушы елдердің ядролық энергетиканы одан әрі дамытуға күш салуы әлемнің өзге де дамушы елдерінің тұңғыш АЭС құрылысына қызығушылығын тудырып отыр. Олар – қарқынды экономикалық өсім көрсетіп отырған Индонезия мен Египет, сондай-ақ азды-көпті уран қорына ие – Иордания және әлемдік энергетикалық ресурстар нарығында уран экспортының 60%-ға жуығын қамтамасыз етіп отырған Орталық Азияның ірі елдері, тақырыптың арқауы – Қазақстан мен Өзбекстан.

 Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 2012 жылы «Қазақстан-2050» стратегиясында: «Ядролық энергетиканы дамытудың келешегін ұмытпауымыз керек. Әлемнің таяудағы даму келешегінде арзан атом энергиясына деген қажеттілік өсе түсетін болады. Қазақстан – уран өндіруде әлемдік көшбасшы. Біз АЭС отыны үшін төл өндірісімізді дамытып, атом станциясын салуға тиіспіз» деп атап өткен болатын. Сол жылдан бастап Қазақстанда АЭС-тың экономикалық негіздемесі мен орналасатын орны туралы әртүрлі пікірлер мен мақалалар жарияланып келеді. Орналастыру орны бойынша көпшілікке Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылы, Курчатов ауданы және Ақтау қаласы нұсқалары белгілі. Ядролық энергетиканы дамыту бойынша жобалық техникалық негіздеме жасалды дегенмен де, дәстүрлі энергия алу көздерін кең көлемде әртараптандыруға Қазақстан әзірге ниет танытпай келеді. Оған себеп те бар, ол – әлемдегі алғашқы ондыққа кіретін Қазақстанның көмір өндірісі, мен дәстүрлі ЖЭС, сондай-ақ көмірден басқа бастапқы энергия алу көздерінің республика аумағында әркелкі таралуы, сондай-ақ өндірістік тұтыну мен әлеуметтік тұтынудың аймақтық ерекшеліктері.  

2014 жылғы жүргізілген ғылыми зерттеуімнің нәтижесінде Қазақстандағы АЭС қазіргі Түркістан облысы, Көксарай су қоймасының батысына орналастыруды ұсынып, оның экономикалық артықшылықтарын негіздеуге тырысқан болатынмын. Аталған ұсыныс билік пен бұқара тарапынан кең талқылауға түскен жоқ. Одан бері бұл аймақта елеулі өзгерістер болды. Ұсынылған аймақтан небәрі 150 км қашықтықта, Өзбекстан 2018 жылы өзінің алғашқы АЭС құрылысының негізін қалады.  

Өзбекстандағы саяси биліктің ауысуы әлемдік қауымдастықтың назарын өзіне аударды. Саяси биліктің жаңа бағыты әлеуметтік-экономикалық даму, әлем елдерімен ынтымақтастықты жандандыру, көрші мемлекеттермен сауда-экономикалық байланыстарды тереңдету екендігін аңғартты. Бүгінде 33 млн астам халқы бар мемлекеттің экономикасын, оның жасырын әлеуетімен қоса, сәйкесінше бағалайтын уақыт жеткен секілді. Осы тұста ядролық энергетиканы дамыту бастамасы – Өзбекстанның әлемдік қауымдастыққа менмұндалаған дабылы іспеттес. 

Өзбекстанда алғашқы АЭС-тың орналасатын орны ретінде Бұхара қаласының солтүстігіндегі Тұрдакөл нұсқасы көпшілікке белгілі болғанымен,  2018 жылы Жызақ облысы, Фарыш ауданына Тұзқан көлінің маңына орналастыру шешімі бекітілді. Басты мердігер «Росатом» компаниясымен EPC-келісіміне (жобалау, сатып алу және құрылыс) қол қойылып, Өзбекстан мен Ресей президенттері АЭС құрылысын бастауға арналған ресми іс-шараға қатысқаны мәлім. Сондай-ақ Өзбекстанда 2019-2029 жылдары аралығындағы ядролық энергетиканы дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Бұл тәуелсіз Өзбекстан тарихындағы келешекке жасалған стратегиялық, саяси-экономикалық қадам.

Өзбекстан үшін ядролық энергетиканы дамытудың басты алғы-шарты – көмірсутекті отынға тәуелділікті азайту, 2030 жылға қарай екі есеге артатын электр энергиясына деген сұранысты арзан энергиямен қамтамасыз ету болып табылады. АЭС-тың іске қосылуы атмосфераға шығарылатын көмірқышқыл газын 14 миллион тоннаға, азот оксидін 36 мың тоннаға азайтуға жол ашады, сондай-ақ жыл сайын 3,7 млрд текше метр табиғи газды үнемдеуге мүмкіндік бермек. Үнемделген табиғи газдың экспорты Өзбекстанды жылына 500-600 млн доллардай кіріске кенелтпек.    

2017 жылғы өндірістегі бәсекелестікті қалыптастыру мақсатында Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы электр энергиясы тарифтерін Орта Азия елдері тарифтерімен теңестіру қажеттігі туралы мәселелер жиі талқыланып жүрді. Алайда аталған мәселенің шешімін табуда Үкімет  шарасыздық танытты, себебі кейбір сарапшылардың Өзбекстандағы тарифтер алдағы уақытта қымбаттауы мүмкін екендігі туралы болжамдары аталған мәселе бойынша жұмыстардың жалғасуын тоқтатып тастады. Алайда Орталық Азия елдерінің тарифтері, осы күнге дейін де Қазақстанның шекаралық облыстарындағы тарифтерден әлдеқайда арзан екенін байқап отырмыз. Сонымен қатар, 2018 жылы ҚР Қауіпсіздік Кеңесі отырысында ҚР Тұңғыш Президентінің Республика бойынша энергия тарифтерін төмендету тапсырмасы Үкімет тарапынан энергия тарифтеріне шекті бағалар орнатумен ғана аяқталған болатын. Аталған тапсырмаларды практикада жүзеге асыру стратегиялық жоспарлау мен жүйелі жұмыс жасауды талап етеді және ол мәселелердің ұзақ мерзімдік шешімі – Қазақстандағы АЭС құрылысын бастау тақырыбын айналып өте алмасы сөзсіз.

  Орталық Азия елдерінің электр энергиясын өндірудегі бастапқы энергия алу көздері әртүрлі. Мысалы Тәжікстан мен Қырғызстанның электр энергиясын өндіру – гидроэнергетикаға, ал Түркіменстанда толығымен газға негізделген. Әртараптандырылған электр энергиясын өндіру Қазақстан мен Өзбекстанға тән болғанымен, Өзбекстанда газдың, Қазақстанда көмірдің үлесі басым. Әрине, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде мемлекеттер «барымен базар» деп, қоры жеткілікті немесе қол жетімді ресурстарды пайдаланады. Сондай-ақ көп жағдайда экономикалық тиімділіктің экологиялық тиімділікке қарағанда оқ бойы озық жүретіндігі де жалпақ бұқараға белгілі.

 Орталық Азия елдерінің негізгі су көзі – Сырдария мен Әмудария  өзендері. Аталған бассейндер – жоғарғы ағыстағы Қырғызстан мен Тәжікстан үшін электр энергиясын өндірудің де көзі болса, төменгі ағыстағы Өзбекстан, Қазақстан, Түркіменстан елдерінің өзенді бойлай қонған халықтары үшін тіршіліктің, шаруашылық пен егіншіліктің нәрі. Екі өзен Орта Азия халықтары үшін Жер-Ананың екі омырауы іспеттес. Сол себепті жоғарғы ағыстағы елдердің жаңа гидроэнергетикалық жобаларын төменгі ағыс елдері терең күрсініспен қабылдайды. Өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап аталған бассейндердің суармалы егістікте есепсіз қолданылуы нәтижесінде аймақтағы үлкен экологиялық мәселе – Арал апаты орын алды. Арал теңізін қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, әзірге қуанарлық нәтиже жоқ. Төменгі ағыс елдері Қазақстан мен Өзбекстанның ядролық энергетиканы игеруі – экономиканың түрлі салаларын инновациялық сүйемелдеуге ықпал жасай отырып, түптеп келгенде Арал теңізін қайта қалпына келтіру мен аймақтық су ресурстары бойынша шиеленістерді жеңілдетуі де ғажап емес.   

АЭС жүрегі – ядролық реактор. Технологиялық ерекшеліктері бойынша эксплуатациядағы ядролық реакторлардың 6 түрі кездеседі. Бұлардың арасында кең қолданыс тапқан PWR реакторы (292 дана) –  эксплуатациядағы реакторлар жалпы санының 65% құрайды және ядролық энергетикадан алынатын электр энергиясының 70% өндіреді. Осылайша, аталған реактор түрі әлемдік тәжірибеде өзін кең зерттелген, қауіпсіздігі мен өнімділігі жоғары және қолданысқа төзімді екенін байқатып отыр. Бүгінде құрылысы жүріп жатқан энергоблоктардың да басым бөлігінде (85%) PWR реакторлары. Әлемдегі қолданыстағы 453 реакторды – жас мөлшері 1-25 жыл аралығындағы 116 (103 ГВт) реактор, 26-50 жыл аралығында 337 (297 ГВт) реактор құрайды. Ядролық энергетиканың даму тарихын талдай келе, реакторлардың орташа өмір сүру ұзақтығы 50 жылдай болса, соңғы буынды PWR реакторларының жұмыс жасау мерзімі 80-100 жылға дейін ұзаруы мүмкін. Өзбекстан «III+» буынды PWR-1200 реакторларынан тұратын қос энергоблоктың қуаты 2400 МВт АЭС құрылысын жоспарлауда. Қазақстанда  АЭС құрылысы бойынша тарихи шешім қабылданса, таңдау орташа немесе жоғарғы қуатты PWR реакторларына түсетіндігі анық.

Осы ретте, тағы бір өзекті мәселе – ядролық физика, ядролық энергетика саласында мамандар әзірлеу. Қазақстанда бұл бағыт бойынша ұлттық институттар мен білім беру мекемелері, зертханалық реакторлармен қамтамасыз етілген лабораториялар жүйелі жұмыс жүргізіп келеді және алыс-жақын шет елдерде аталған салада білімін шыңдап жүрген қазақстандық жастар да баршылық, ғылыми-техникалық база да жеткілікті. Өзбекстан да мамандар даярлау ісін қолға алып, ғылыми-техникалық базаны жетілдіру ісіне шындап кірісіп те кетті. АЭС құрылысы 10 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға (6-10 жыл), эксплуатациядағы АЭС (80-100 жылға дейін) екі мыңға таяу маманды білікті еңбекпен қамтуға мүмкіндік береді. Ғылыми-техникалық байланыс, маман даярлау ісі, тәжірибе алмасу - бұлар да өзара бірлескен іс-қимылдарға арқау болатын байланыс нүктелері.

Атомдық энергетиканы дамыту халықаралық әріптестік пен түрлі Халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық нәтижесінде ғана жүзеге асады. Орталық Азиядағы ядролық энергетиканың дамуында аймақтық ынтымақтастықтың да маңызы зор. Оның ішінде Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығы – бұл аймақтық қауіпсіздік пен бейбітшіліктің кепілі. Бүгінде аталған елдер арасында сауда-экономикалық байланыстардың нығайып келе жатқанына куә болып отырмыз. Осы екі жақты әріптестікті тереңдетудің ендігі сыры – энергетикалық дипломатияда, және оның жүзеге асыруда қалыптасқан аймақтық, екі-жақты қарым-қатынас платформалары да  жеткілікті. Екі ел арасындағы энергетикалық әріптестікті қамтамасыз ету – бүтін аймақтағы сауда-экономикалық, транспорттық-логистикалық, экологиялық, мәдениет туризм және т.б. тіршіліктің түрлі салаларындағы бауырмалдық пен ынтымақтастыққа жол ашады.

Орталық Азияны ядролық энергетиканың елесі кезіп жүр. Ерте ме, кеш пе аймақта «Прометейдің оты» жалындайтын айбынды станциялар бой көтермек.  Қалай болғанда да жүгі ауыр, жауапты іс. Осыны сезіне отырып, Қазақстан мен Өзбекстан уран өндіруден бастап, радиоактивті қалдықтарды сақтауға дейінгі өнеркәсіп кешендерін ішінара интеграциялау мүмкіндіктерін қарастыруы қажет. Атомдық энергетиканы дамыту екі елдің достығына, аймақтық ашықтыққа, халықаралық ынтымақтастыққа, саналы ой мен елдестірмек ерік-жігерге негізделу тиіс. Сонда ғана ниет түзу, еңбек рәтті, жұрт тыныш, абысын тату.

Өміртай Амалбек

ҚазҰУ, PhD докторанты