• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Сәуір, 2019

Жұмыспен қамту орталығында АӘК бойынша ерекшеліктер түсіндірілді

932 рет
көрсетілді

Қала тұрғындары атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жұмыспен қамту орталығына ғана емес, аудандық әкімдіктерге де хабарласа алады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Сәуір айының басынан бастап 3 мыңнан астам адам АӘК алуға өтініш білдірген. 

«Біз адамдардың қарасы қалың болатынын біліп, алдын ала дайындалдық. 1 сәуірге дейін біздің 36 қызметкер қайта оқытылды, қазір олар жұмыспен қамту орталығының операциялық залында, сондай-ақ аудандық әкімдіктерде адамдарды қабылдайды. Көпбалалы аналарға жұмыспен қамту орталығына бару міндетті емес, жергілікті әкімдікке де жүгінуге болады. Онда кезек аз. Бұл ретте мамандар сауатты әрі барынша тез кеңес береді», –  деді халықты жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Дана Тұрғынова. 

Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін жұмыспен қамту орталығы сағат 8:30-дан 20:00-ге дейін түскі үзіліссіз жұмыс істейді.   

«Құжаттарды сәуір айында тапсыруға болады. Азаматтардың жүгінген уақытына қарамастан, өтінім расталған жағдайда олар төлемге қол жеткізе алады.  АӘК 1 сәуірден бастап тағайындалды», – деді Д. Тұрғынова. 

Сондай-ақ, ол қызметкерлердің кейбіреулерден құжаттардың толық пакетін, ал басқалардан тек жеке куәлікті талап ететінін түсіндірді. 

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Е-Халық» жаңа ақпараттық базасын іске қосты. Аталған ақпараттық базада деректері жоқ азаматтардан қосымша құжаттар талап етіледі. Бұрын АӘК алған азаматтар жаңа форматтағы АӘК алушылар қатарына автоматты түрде көшеді», – деп түсіндірді ол.

Құжаттарды қабылдағаннан кейін учаскелік комиссия алғаш өтініш берушілердің материалдық жағдайын тексереді. 

Естеріңізге сала кетейік, 1 сәуірден бастап АӘК тағайындаудың жаңа критерийлері анықталды, оған сәйкес елорда тұрғындары үшін бір адамға 21 572 теңге көлемінде кедейлік шегі анықталды. Тиісінше, әлеуметтік көмек алу үшін отбасының бір мүшесіне табысы кедейлік шегінен аспайтын барлық адамдар жүгіне алады.