• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Сәуір, 2019

Б. Сұлтанов жемістер мен көкөністердің шекті бағаларының дәлізін белгілеуді тапсырды

1141 рет
көрсетілді

Қалалық билік бұл мәселені базарлар және жеткізушілер арқылы алдын ала пысықтап жатыр. Сондай-ақ, алдағы уақытта тұрақтандыру қорының қызметі жандандырылмақ, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бүгін Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен өткен әкімдіктегі кезекті  отырыста қала тіршілігінің маңызды мәселелері талқыланды. Жиында көтерілген мәселелердің  ең негізгісі азық-түлік бағасын тұрақтандыру тақырыбына арналды.

«Мен сіздерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне енбеген азық-түлік бағаларының экономикалық талдауын зерделеуді және оларды төмендету жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырдым. Осы мәселе бойынша жұмысты бастадыңыздар ма?» –  деп сұрады қала әкімі өзінің орынбасары Малика Бектұровадан.

«Мамыр айында оңтүстік өңірлерден жаңа піскен көкөністер мен жемістерді жеткізу басталады. Бұл мәселені базармен әрі тасымалдаушылармен алдын ала пысықтап, қажет болса, министрліктерді, оңтүстік аймақтардың әкімдіктерін қосыңыз. Сондай-ақ, бағаны маусымдық көтеру шыңында тұрақтандыру қорының (картоп, сәбіз, ұн) жұмысын жандандыруды тапсырамын», – деді әкім.

Өз кезегінде М.Бектұрова кейбір көкөністер мен әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерге бағаны тұрақтандыру туралы шарт талаптарын дайындау бойынша ірі гипермаркетпен келіссөздер жүргізілгенін хабарлады. Елорданың азық-түлік белдеуін дамыту мақсатында AQMOL дүкендер желісі кеңейтілуде. Сәуір айының соңына дейін тағы бір дүкен ашылады деп күтілуде.

Қазір қалада осындай бес дүкен жұмыс істейді. Мұндағы бағалар нарықтық бағадан 15%-ға төмен. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тоғыз түрі осында сатылады. Осы аптада Астана ӘКК мен AQMOL дүкендері желісі жеңілдетілген қарыз беру жөніндегі шартқа қол қояды деп күтілуде. «Қазір тұрақтандыру қорында ұн, қант, күріш, қарақұмық, картоп, сәбіз бар. Қазіргі уақытта «1000 орын - көше саудасы» бағдарламасы аясында  тұрақтандыру қорының өнімдерін сатуға қатысты дайындық жұмыстарын жүргізудеміз. Осы айдан бастап тұрақтандыру қорының өнімдері осы желі арқылы сатылатын болады. Дүкендерде нанның бағасы 75-80 теңгеден аспайды. Бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында наубайханалар мен ұн тартатын кәсіпорындармен меморандумға қол қоямыз», – деді М.Бектұрова.

Оның айтуынша, мамыр айында қалалық жәрмеңкелер өз жұмысын бастайды.

Бұдан әрі жергілікті бюджеттің орындалу барысы туралы әкім орынбасары Асқар Амрин баяндады. Оның айтуынша, шығындар бойынша бюджет 98%-ға игерілді.

Отырыста салық түсімдері бойынша жоспарды жүзеге асыру жөнінде қалалық департамент басшысы Бауыржан Айнабеков есеп берді.

Бақыт Сұлтанов бұған дейін салалар мен кәсіпорындар бойынша камералдық бақылау жоспарын әзірлеу туралы тапсырма берілгенін еске салды. Осыған байланысты Айнабековке салалар мен кәсіпорындар бөлінісінде камералдық бақылау жоспарын ұсыну, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үшін кассалық аппараттар мен терминалдарды орнату бойынша ШОБ-пен жұмыс жүргізу тапсырылды. Сонымен қатар, әкімнің орынбасары М.Бектұроваға Мемлекеттік кіріс департаментімен, аудан әкімдерімен бірлесе отырып, ШОБ-тің заңсыз нысандары бойынша жұмыстар жүргізу жүктелді.

Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Мұса Танабаев қаланың 2018-2020 жылдарға арналған қоршаған ортаны сауықтыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы баяндады. Ъ

Әкім қаланың санитарлық жағдайы сын көтермейтінін тілге тиек етті.

«Мобильді топ айнала жүріп, заңсыз кәсіпкерлік қызметті анықтады. ШОБ нысандарының сәулеттік келбеті,  тамақтану нысандарының санитарлық жағдайы нормаларға сәйкес келмейді. Аудан әкімдері әр нысанға өз аяғымен барып, жағдайдың мән-жайын тексеріп, нәтиже шығаруы керек», – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, Бақыт Сұлтанов сауда нысандары арасында алдын алу шараларын өткізуді, бұзушылықтарды анықтауды және оларды жою бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

Кеңесте сыртқы жарнама мәтіндерін орналастыру және оларды тиімді пайдалану мәселелері де талқыланды.