• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 10 Сәуір, 2019

Кәсіпкерлікті дамыту – тұрақтылық кепілі

1139 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды. Сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президентінің «Әлеуметтік қамқорлық» бастамасын іске асыру аясындағы әлеуметтік жобалар баяндалды.

«Қарапайым заттар экономикасына» басымдық беріледі

Жиында алдымен елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту туралы баяндама жаса­ған Ұлттық экономика ми­нистрі Руслан Дәленов тиісті мем­л­екеттік бағдарламаны іске асыруға рес­­пуб­­ликалық бюджеттен 210 млрд теңге қаражат бөлінгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл қаражатқа 13 мың ш­ағын және орта кәсіпкерлік субъектісі қар­жы­лан­дырылып, 10 мың жұмыс орны құрылды, 3,3 трлн теңгенің өнімі шығарылды. 

− Бөлінген қаражаттың көп бөлігі, яғни 126 млрд теңге немесе бар­лық сом­а­ның 60,2%-ы несиелер бойын­ша сыйақы мөлшерлемесін субси­дия­лау­ға арналған. 53 млрд теңгесі неме­се 25,2%-ы фабрикалар, зауыт­тар мен шағын және орта бизнес­тің өнді­ріс­тік объектілеріне жетіс­пей­тін инфра­құрылым жүргізу­ге жоспарланған. Қалған бөлігі кредиттерді кепілден­діру­ге, гранттар беруге, оқытуға және кәсіпкерлерге консультациялық қыз­мет көрсетуге бағытталды. Бағ­дарла­маны іске асыру кезең­дерінде қара­жат­­тың толықтай игерілуі қамта­масыз етіл­ді. Бұл ретте 2019 жылы қаржы­ланды­руға 2018 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 57%-ға артық сома көздел­ген. 2019 жылғы бірінші тоқсан­ның қорытындысы бойынша 715 жобаға қолдау көрсетіліп, 11,5 млрд теңге сомаға субсидиялар мен кепілдіктер төленді, – деді Р.Дәленов. Министрдің баяндамасында айтылғандай, жыл сайын 20 мыңға жуық кәсіпкер білім алып, біліктілігін арттырады, оған қоса 154 мың кәсіпкер тұрақты консультациялық және сервистік қызмет алып отыр. 

Соңғы көрсеткіш бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіп­кер­лік субъектілерінің саны 1,2 млн бірлікке жетті. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 8,3%-ға артық. Министр өз сөзінде «қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша қолжетімді несиелеу міндетін орындау үшін 600 млрд теңге бөлінгенін еске салды. Айта кетерлігі, 65-ке жуық экономикалық қызмет түрінен 365 тауарлық позиция айқындалған.

− Шағын және орта кәсіп­керлікті дамытуды одан әрі ынталандыру үшін кәсіпкерлік қыз­метті дамытуға қолайлы жағ­дайлар тудыруды көздеген бизнес-ортаны жетілдіру үшін заңнамалық түзетулердің 7-ші пакеті қабылданды. «БЖК – 2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту аясында қаржылай қолдау құралдарын жетілдіруге бағыт­талған түзетулер әзірленген, – деді Р.Дәленов. 

Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму министрі Роман Скляр «қарапайым заттар экономикасын» дамыту аясын­да басым жобаларды жеңілдікпен несие­лендіру бағдарламасын тиімді іске асыру үшін 2019 жылдың 18 наурызынан бастап «Атамакен» ҰКП базасында бағдарламаны іске асыру барысына мониторинг жасайтын Жобалық офис қызмет атқарып жатқанын атап өтті. 

− Бүгінде жобалық офистің 7 отырысы өткізіліп, өңірлердегі 300-ден астам кәсіпорын тыңдал­ды. Жобалық офис жұмысында сомасы 306 млрд теңгені құрайтын 344 әлеуетті жоба бар, оның ішін­де 6,1 млрд теңге болатын 10 жобаны екінші деңгейлі банктер ма­құл­дады, сомасы 16,6 млрд теңге болатын 52 жоба екінші дең­гейлі банктердің қарауында, – деді Р.Скляр. 

Банктерде қаралып жатқан әле­уетті жобалардың негізгілері же­ңіл, тамақ өнеркәсібі және қыз­­мет көрсету салаларына ар­нал­ған. Ал Ауыл шаруа­шы­лығы ми­нистрі Сапархан Омаров ауыл­шаруа­шылық кеше­нін дамытуға бөлін­ген 200 млрд тең­генің 100 млрд теңгесі өнім­дерді қайта өң­деуді дамы­туға жұмсалатынын жеткізді.

− Онда мөлшерлеме «БЖК–2020» есебінен субсидияланады. Тағы 100 млрд теңгесі ауыл шаруашылығы өнді­рісін дамытуға бағытталады — мөл­­шер­леме Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің бағдарламасы бойынша суб­си­дияланады, бюджетте аталған мақ­сат­тарға қажетті қаражат бар, – деді ол.

А.Мамин тақырыпты қоры­тын­дылап, алдағы уақытта ша­ғын және орта бизнестің рөлін күшей­тіп, оның ел экономи­ка­сындағы үлесін 2025 жылға қарай 35%-ға дейін жеткізу міндеті тұрғанын атап өтті.

− Елбасының тапсырмасы бойынша «қарапайым заттар экономикасының» басым жобаларын несиелендіруге бөлінген 600 млрд теңге қаражаттың игерілу қарқынын өсіру керек, мұны қатаң бақылауға алу қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен және мемлекеттік органдармен бірге «қарапайым заттар экономикасын» дамыту аясында құрылған жобалық офистің жұмысын жандандыру тапсырылды. Ұлттық экономика министрлігіне «қарапайым заттар экономикасы» шеңберінде басым жобаларға кепілдік беру меха­низмін бекіту және айна­лым капита­лын несиенің 50%-ға дейінгі мөл­шерінде қаржы­лан­дыру құқығын беру­ді көздейтін қаулы жобасын енгізу тапсы­рыл­ды. Ауыл шаруашылығы ми­нистр­­лігіне «қарапайым заттар эко­номика­сын» дамыту аясында АӨК саласын­да­ғы несиелерге суб­си­дия беруді қам­та­ма­сыз ету жүк­теледі, – деді Үкімет басшысы. 

Баспана алуға мүмкіндік көбейеді

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Б.Сапарбаевтың ай­туы­­н­ша, 1 сәуірден бастап атау­лы әлеу­меттік көмекті белгілеу­ге құ­­жат­тар барлық жерде қа­был­да­нып жатыр. Қазір 180 мың­ға жуық адамның құжаты қабыл­данды.

− Биыл жергілікті атқарушы органдармен 821 мың адамға әлеуметтік көмек көрсетуге 83 млрд теңге бағытталады. Жыл басынан бері 9,3 млрд теңге сомаға 282 мың адамға көмек көрсетілді. Бұған қоса, 2019 жылы 373 мың жаңа жұмыс орны құрылады, қазір 31,9 мың жұмыс орны ашылды, – деді министр. 

Оның айтуынша, 58 мың отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етуге 2025 жылға дейін республи­ка­лық бюджеттен 500 млрд теңге бөлін­бек. Елімізде 23,3 мың көп балалы ана 1 178 ірі кәсіпорында жұмыс істейді. Оның 15 мыңға жуығы тұрғын үйге мұқтаждар қатарынан. Министр сонымен қатар бизнестің өңірлерде іске асырып жатқан әлеуметтік бастамалары туралы баяндады. Мәселен, 2019 жылғы 1-тоқсанда меценат­тар­дың, демеу­шілер мен жеке адам­дар­дың қара­жаты есебінен аз қамтыл­­­­ған және көп балалы отбасыларға 

3 млрд теңгенің әлеуметтік көме­гі көрсетілді, 5 мыңға жуық жұ­мыс орны құрылды, аз қамтыл­ған және көп балалы отбасылардың ішінен 1,4 мың адам жұмысқа орналасты, 268 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 

− Қазіргі таңда елімізде 340 мыңнан астам көп балалы ана бар. Оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін 93 млрд теңгенің әлеуметтік көмегі биыл 820 мыңнан астам адамға беріледі. 1-тоқсанның өзінде 9 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 280 мыңға жуық қазақстандық қамтылды. Жоспар бойынша 6 мыңға жуық жалдамалы пәтер жыл сайын көп балалы отбасыларға беріліп отыратын болады. Бұ­ған қосымша тағы 16 мың пәтер «Тұр­ғын­үй­құрылысжинақбанкі» арқылы жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен 2019-2021 жылдары беріледі. Жалпы жеті жылдың ішінде ең кемінде 40 мыңға жуық жалдамалы пәтер берілуі керек. Оған қосымша үш жылдың ішінде «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы жеңілдетілген займмен кемінде 18 мың пәтер берілуі тиіс. Яғни осы уақыттың ішінде 54 мыңға жуық, пәтер берілуі керек. Оның 12 мыңы биыл беріледі, – деді Б.Сапарбаев.

Министр бизнес-құрылымдар­мен бірлесіп бірқатар әлеуметтік қолдау шараларын іске асыруды талқылаудың маңызын атап өтті, оның ішінде «Тұрғынүйқұрылыс­жинақбанкі» АҚ-ның «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер» және тағы басқа бағдарламалары бойынша аз қамтылған және көп балалы отбасыларға кемінде 10 пайыз субсидия берілетіні де атап айтылды. 

Үкімет отырысында Елбасы­ның «Әлеу­мет­тік қамқорлық» идея­сын қолдап, нақты әлеумет­тік бастамаларды іске асыра бас­таған бизнес өкіл­дері болғанын айта кеткен жөн. Қызыл­орда облысында жеке қаражаттар есебінен көп балалы және аз қамтылған отбасыларға арнап тұрғын үй салуға арналған «Баламекен» жоба­сының іске асырылуы туралы Болат Өтемұратов қорының директоры М.Айтмағамбетов айтып берді. Маңғыстау облысында үйде өз ісін және шағын өнеркәсіптерді ашуды қолдауға бағытталған «Үш күн ішінде бизнес ашу» жобасы туралы бастамашы А.Нұрланова жан-жақты баяндады. Бұған қоса, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы А.Есімов, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы А.Мырзахметов, Қызыл­орда облысының әкімі Қ.Көшер­баев, Қостанай облысының әкімі А.Мұхам­бетов азаматтардың әлеуметтік әлжуаз санаттарын қолдау, оның ішінде бизнес қауымдастықпен бірлескен жобаларды іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. 

Тақырыпты қорытындыла­ған Үкі­мет бас­шысы А.Мамин бизнес-бас­та­ма­ларды дамы­ту, өзінің жеке ісін ашу тәжірибесін көп­­шілікке тарату керек екенін айтты. Көп­те­ген кәсіп­керлер табысы аз азаматтар­ды өз кәсіп­орын­дарына жұмысқа орналастырып, бизнес негіздеріне үйрете бастады.

− Азаматтар мұқтаж жандарға көмек мем­лекеттен ғана емес, бизнес қоғам­дас­тығы­нан да келіп жатқанын білуі керек. Біз­дің ортақ міндетіміз – азаматтарға өмір­де өздері тап болған қиын жағдайдан шығу­ға көмек көрсету, – деді Премьер-Министр. 

Сонымен қатар Үкімет бас­шысы кәсіп­орын жетекшілері­нің назарын баспана мәселесіне аудар­ды. Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігіне атаулы әлеуметтік көмек алатын еңбек жасындағы адамдарды жұмысқа орналастыру, оқыту және қайта оқыту мәселесін ерекше бақылауға алу тапсырылып, бұл жұмысқа «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да атсалысуы қажет екендігі айтылды.