• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Сәуір, 2019

Политехникалық колледж базасында қызмет көрсетуші ұйымдардың қызметкерлері оқытылады

1019 рет
көрсетілді

Бағдарламаға тұрғын үйлерге қызмет көрсететін 430 басқарушы компания қатысуда деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрованың айтуынша, Нұр – Сұлтан қаласында ПИК және қызмет көрсететін ұйымдардың қызметкерлерін оқытылатын болады. 

Қала әкімінің тапсырмасына сай Политехникалық колледж базасында қызмет көрсетуші ұйымдар мен пәтер иелері кооперативі қызметкерлерін кәсіби даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша оқу орталығының жобасы әзірленді. 

«Аталған оқу орталығында тұрғын үй саласындағы кәсіби мамандарды даярлау, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және де тұрғындарды жайлы жағдаймен қамтамасыз ету  бағыттары қамтылатын болады», – деді Малика Бектұрова. Оқу орталығының  бағдарламасын Политехникалық колледж, Сарыарқа ауданы әкімдігі және қызмет көрсетуші ұйымдардың  қызметкерлері бірлесе әзірледі. Бағдарламаға қатысушылар – тұрғын үйлерге қызмет көрсететін 430 басқарушы компания. 

«Оқу бағдарламасы  2 ай  көлемінде  жүргізіледі және 288 сағаттан  тұратын 10  модульді  құрайды. Олар: нормативтік - құқықтық құжаттар, ғимаратты инженерлік–техникалық жабдықтау,  қауіпсіздік  техникасы,  кондоминиум  нысандарын  басқару,  жоспарлау, ұйымдастыру және тағы басқалары. Оқу барысында тыңдаушылар тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығында көрсетілетін қызметке байланысты туындайтын  мәселелерді  талдау  және жүйелендірумен айналысатын болады», – деді М. Бектұрова. 

Сонымен қоса, олар көп пәтерлі тұрғын үйлерді  басқару тиімділігін қамтамасыз ететін механизмді әзірлеуге қатысады. Жобаны қаржыландыру сервистік компаниялардың жеке қаражаттары есебінен іске асырылады деп жоспарлануда. Жан басына шаққанда 1 айлық оқу құны  30 000 (отыз мың) теңгені құрайды. 

Бүгінгі таңда Құрылыс-техникалық, Тұран-профи қалалық шаруашылық, Индустриалды-инженерлік экономикалық колледждерінде: слесарь-механик, техник-сантехник, желдеткіш жүйелерінің құрастырушысы мамандықтары бойынша білім беріледі. Қазіргі кезде 327 студент мемлекеттік тапсырыс есебінен оқып жатыр. Биыл 100 адамға тағы да мемлекеттік тапсырыс орналастырылады, оның 50 жергілікті бюджет, 50 республикалық бюджет есебінен мамандықты игермек. Жоспар бойынша 37,2 млн.теңге бөлінеді. 

Сонымен қатар, Политтехникалық колледжінде  «КНАУФ», «BOSCH», «ИНГРИ» сияқты 3 ресурстық орталық және  «ТехноНИКОЛЬ»  «Bosch Thermotechnik»  2 оқу орталық жұмыс істейді. 

Бұл жобалардың мақсаты құрылыстың құрғақ әдісі (КНАУФ технологиясы) бойынша мамандар даярлау (бүгінге дейін 1140 маман даярланды);  электр құралдары мен Бош жабдығы саласында кәсіби білім беру сапасын жақсарту (бүгінгі күнге 222 адам сертификат алды). 

Сонымен қатар, 5 сәуірде Политехникалық колледж Білім және ғылым  министрлігінен «Газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін құрастыру және пайдалану» мамандарын дайындау  бойынша оқу лицензиясын алды. Оқу барысында техник біліктілігімен «Газ объектілері құрал-жабдығын пайдалану технигі», «Газ шаруашылығында апатты қалпына келтіру жұмыстарының слесарі»,  «Газ құбырларын пайдалану және жөндеу слесарі» сияқты қосымша екі жұмысшы мамандығы берілетін болады.   

«Алдағы 3 жыл ішінде газдандыру саласы бойынша мамандарды даярлайтын боламыз. Биыл, сұранысқа сәйкес, 25 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылады. Аталған мамандарды даярлау сапасын арттыру мақсатында колледж базасында Bosch Thermotechnik компаниясымен бірлескен оқу орталығы  ашылды. Әрбір бағдарлама бойынша халықаралық сертификаттау жүргізіледі. Осылайша, жетекші технологиялардың ірі халықаралық өндірушілерімен ынтымақтастық қатынасы колледжді жаңа стандарттар бойынша кадрларды даярлаудың маңызды алаңына айналдырды», – деді Бектұрова.