• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Сәуір, 2019

Әскердегі уақыт зая емес

1198 рет
көрсетілді

Жасыратыны жоқ, кейбір мамандар қазіргі жастардың бірқатары әскерге баруға немқұрайлы қарайтындығын айтады. Мұның себебін олар армия қатарына алынған 100 мың жастың әр оныншысы әскери қызметке жарамсыз болып келуімен түсіндіреді. Ал негізінде бұл, әлеуметтік сауал­нама көрсеткендей, әр үшінші шақырылушының армияға барғысы жоқтығынан туындап отыр екен. Оған себеп ретінде бірқатары армия кезеңі уақытын босқа алатындығын меңзеген көрінеді.

Әрине, армия тәртібі қатал. Қатал болатын себебі, оның мін­­­деті елдік істі талап етеді. Әскери қыз­метші осы міндеті үшін жа­уап береді. Сондықтан бұл міндет көп адамға атқара алмас ауырлық жүктейтін секілді көрінеді. Алай­­да осының өзі кез келген жас­өспірімді на­­­ғыз адам болуға бау­лайтыны, шың­дайтыны ес­керіле бер­мейді. Жылына екі рет Қарулы Күштердің жас толымы әскери ант береді. Мәселен, был­­тыр көктемде Құрлық әс­кер­лері мен Әуе қорғанысы күш­терінің әскери бөлімдері мен құрамаларына шақырылған төрт мыңнан астам мерзімді қыз­меттегі әскери қыз­­метші Отанға адал болуға ант бер­ді. Осын­дай ант қабылдаған соң олар кіші мамандарды даяр­лау бағдарламасы бойынша жауын­герлік оқуға кіріседі. Жар­ты жыл­­дан соң  артиллерист, тан­кист, байланысшы, атқыш сияқ­ты әскери мамандықтарға ие бо­­лып, бірыңғай, толыққанды Отан қорғаушы сапына тұрады. Өт­к­ен жылы күзде Қарулы Күш­тер­дің, басқа әскерлері мен әс­кери құра­маларының қатарына 17 мыңнан ас­там шақыру жасын­дағы азамат келді.

Армиямыз айбынды деген атына заты сай болуы үшін оның дайындығы да жоғары болуы­­ керек. Бұл мақсатта әскери жат­­ты­ғулар үнемі жүргізіліп оты­рады. Соның ішінде қай кезде болмасын десантшылар әскердің басты қуаты екені бел­гілі. Десанттық-шабуылдау әс­керлерінде олар­дың өзіне тән даяр­лығының негізі – әуе-де­санттық дайындық бойынша сабақтар. Оқу-жаттығу, секірулерін көп­теген әскери қызметші орындайды. Барлық жерүсті элементтерді «үздік» деген ба­ғаға орындаған және өзде­рінің іс-қимылдарының орындалуын жетік меңгерген курсанттар ғана секіруге рұқсат алады. Осындай әскери өнердің шыңдауы арқасында армиядағы көптеген жас азамат өмірден өз жолын тапты. Мәселен, өт­кен­де Қапшағайда Десанттық-ша­буылдау әскерлерінің қазақ күресінен чемпионаты өз мәре­сіне жетті. Онда 80 ке­ліден аса салмақ дәрежесінде 30-дан аса палуан тартысқа түсті. Са­йыс қорытындысы бойынша 61993 әскери бөлімінің әске­ри­­ қызметшісі аға сержант М.Қожан­таев жеңімпаз атанды. Екін­­ші орын 32363 әскери бө­лі­мінен келген мерзімді қыз­мет­тегі сарбаз Е.Сіргебайға бұйыр­­са, үшінші орынды 61993 әс­кери бөлімінің аға сержанты Н.Саябаев еншіледі. Ал Немістің Гамбург қаласында таэквондодан (WT) өткен «Germany Open-2019» рей­тингтік турнирінде ар­мия спортшысы Нұрсұлтан Мамаев 74 ке­ліге дейінгі салмақ дәрежесінде үшінші орынды иеленді.

Әншілеріміздің де,  спорт­шыларымыздың да дені әскерде қызмет еткенін айтқан жөн және қайсыбірі  әлі де әскери қыз­мет­терін жалғастыруда. Мыса­лы, бел­гілі продюсер Қ.Болманов ар­найы әскери батальонда озат қызмет еткен. Ал олимпиада­ чем­пионы Д.Баландин да «Дина­мо» спорт қоғамында әс­ке­ри қыз­­­­­­­метін өткізген. Ауыр атлет Нид­­жат Рахимов та осы «Дина­мо» спорт қоғамынан шық­қан. Бел­­гілі хоккейші Дамир Рыспаев Ал­­маты қаласындағы Орталық спорт клубында әскери қызметін өтеген. Белгілі эстрада әншісі Бүр­кіт Республикалық ұланда қыз­­мет етті. Айта берсе, мұндай мысал­­­дарды көптеп кел­тіруге болады. Сонда осындай бел­гілі адам­дардың көпшілігі армия оларға үлкен серпіліс бер­генін ай­тады.

Өйткені мектеп, жоғары оқу орындары кейде бере алмаған тәртіп, қайсарлық, төзімділік, се­німділік секілді өмірде аса қа­жет қасиеттердің орнын армия толтырады. Талай әлжуаз бозбаланың армияға барып келгеннен кейін нағыз азамат болып қалыптасып кететіні жасырын емес. Ал армияның  өзіне қалаған саласын таңдап, сонда қызмет етем деп талпынған жас ең әуелі өз денсаулығын күтіп ұстайтындығы белгілі. Мәселен, президенттік полк қатарында ең үздік әскери қызметшілер ғана міндетін атқарады. Себебі Мемлекеттік күзет қызметі елі­міздің ұлттық қауіпсіздігін қам­тамасыз ету күштеріне жататын болғандықтан мұнда іріктеу өте қатаң жүргізіледі. Осы орайда алдымен МКҚ қызметкерлері бұл бағыттағы жұмысты жыл са­йын жетілдіру үстінде. Мәсе­лен, былтыр әскерге шақырту комис­сиясының жұмыс нәтижесінде 295 жас сарбаздың 255-і арнаулы орта және жоғары білім ал­ған екен. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2016 жылы лайықты бі­лімі бар үміткерлердің саны 195-ті құраған болатын. Бұл дегеніміз – әскери қызметті сапалы өткеруге әрі қызмет сатысымен жоғарылаудағы өте маңызды фактор.

Азаматтық қызметке тұрарда да әскери борышын өтеген жас­қа жол беріледі. Оның үс­тіне бұ­рын­ғыдай емес, қазіргі күні әс­керде келісімшартпен қыз­­­мет ету үрдіске айналды. Ол үшін әскери қызметшіге жа­ла­қы төле­неді. Пәтермен де қам­тамасыз еті­леді. Әскер ісін­де осындай зор нәтижелерге жетіп жатқан олар­дың отбасын бас­панамен қам­тамасыз ету де дәстүрлі жолға қо­йыл­ған. Мә­селен, өткен жылы  Семей қаласының «Юность» шағынауданында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әс­кери қыз­метшілеріне қыз­меттік пәтер кілт­­терін салтанатты түрде тапсыру рә­сі­мі өтті. «Бүгін біз су жаңа пә­тер­дің кіл­тін алдық және менің қуа­ны­шым шексіз. Менің ойымша әскери қызмет өткеру үшін бұл керемет ыңғайлылық пен мүм­кіндік береді. Бөлмелер кең, жа­рық, пәтерде барлығы дайын. Жиһаз бен жеке заттарымызды алып кіру ғана қалды»,  деп 44736 әске­ри бөлімінің ко­мандирі майор Думан Біләлов өз қуанышымен бөлісті. Әскери қызметшілерді әлеу­меттік қор­ғау мәселесі ҚР ҚК Жо­ғар­ғы Бас Қолбасшысы және ҚР Қор­ғаныс министрінің ұдайы ба­қылауында тұр.