• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Сәуір, 2019

Халықаралық кәсіби шеберлік байқауында ел намысын қорғайды

862 рет
көрсетілді

Бүкіләлемдік «WorldSkills» чемпионатына жыл сайын 70-ке жуық елден ең үздік мамандық иелері жиналып, сала үздігін анықтайды.

Биылғы бәсеке тамыз айында Қазан қаласында өтеді. Онда Қазақстан атынан Виктор Веселов қатысады. 19 жастағы студент үшін үй тұрғызу еш таңсық емес. Өйткені, болашақ құрылысшы өзінің кәсіби шеберлігін  талай додаларда дәлелдеген.  Былтыр Мәскеуде өткен халықаралық «WorldSkills» чемпионатында үшінші орынды иеленген. Қарапайым құрылыс материалдарынан  түрлі құрылымдар жасап, қазылар алқасының назарына іліккен. Ол екі тапсырманы да  талапқа сай мінсіз орындап шыққан.

Виктордың жетекшісі әрі тәлімгері Евгений Смирнов та осал емес. Кезінде кәсіби шеберлік сайыстарының талайында оза шауып,топ жарған. Қазақстан чемпионы, «ЕuroSkills» жүлдегері  секілді атақтары бар. Енді білген-түйгенін оған үйретуден жалыққан емес.

«Виктор бірде  өзге қатарластарымен бірге маған тәжірибеден өтуге келді. Ә дегеннен  үйренсем деген талабы, алғырлығы, еңбекқорлығы ұнады. Құрғақ құрылыстың қыр-сырын  тез-ақ меңгеріп алды. Өзіме шәкірт таңдау үшін студенттер арасында сайыс өткізіп, оның лайықты ізбасар болатынына көзім жетті», дейді Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің өндірістік оқыту шебері Е. Смирнов.

Сөз арасында  Виктордың «Worldskills» чемпионатының республикалық кезеңінде де бірінші орын алғанын айта кеткен жөн. Енді кәсіби шеберлігін халықаралық деңгейде қорғау үшін қызу дайындыққа кірісіп кеткен.