• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Сәуір, 2019

Көп балалы отбасылардан шыққан оқушылар тегін ыстық тамақпен қамтылады

2111 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жекебаев Primeminister.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында мектеп асханасының сапасы мен тамақ бағасы қалай тексерілетіні туралы айтып берді.

Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы басшысының орынбасары елордада 1-4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен толықтай қамтамасыз етілгенін айтты.

«Сонымен қатар, 5 – 11 сынып аралығындағы жекелеген категорияға жататын балалар ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Бұдан өзге, барлық мектепте ата-аналар есебінен тамақпен қамту ұйымдастырылған. 2019 жылғы қыркүйектен бастап Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Б. Сұлтановтың бастамасымен көп балалы отбасылардан шыққан балаларды да тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз», — деді Д. Жекебаев.

Сондай-ақ, спикер оқушылардың ата-аналары мектеп тамағын бақылауға қатыса алатынын және мектептің бракераждық комиссиясының мүшесі бола алатынын айтты. Оған мүше болу үшін мектеп басшылығына жүгіну керек.

«Комиссияға кем дегенде 10 ата-ана, әлеуметтік педагог және мектептің медицина қызметкері кіреді. Олар асханаға кіріп, азық-түлік сапасын тексереді, тағам әзірлеу сапасын бақылайды, өлшейді және ас мәзіріне сәйкес қанша болуы керек екенін тексереді. Комиссия мүшелері барлық азық-түлік өніміне тиісті құжатты талап ете алады. Тамақтан уланудың алдын алып, сапасын тексеру үшін әрбір өнімнің сертификаты болуы тиіс», — деді Д. Жекебаев.

Сонымен қатар, биылғы 1 қыркүйектен бастап елорданың барлық мектебі бейнебақылаумен қамтамасыз етіледі, олар тек асханаларда ғана емес, сондай-ақ тамақтар тікелей дайындалып жатқан ыстық цехта та орнатылады.

«2019 жылдан бастап аталған жұмысты жеңілдету мақсатында біз 30 мектепте бейнекамераларды орнаттық, 1 қыркүйекке қарай қаланың барлық мектептерін қамту көзделген. Кейбір мектептерде мобильді қосымшалар жұмыс істейді, ата-аналар баланы таңертең мектепке әкелген кезде тамақтың дайындалу процесін бақылай алады. Бракераждық комиссия ендігі бейнебақылау арқылы тексеріс жасай алады», — деді елорданың Білім басқармасы басшысының орынбасары.

Ол, сондай-ақ, мектептерде тамақтану сапасын тағы басқа комиссия — Білім басқармасының бұйрығымен құрылған қалалық Ведомствоаралық сарапшылар тобы тексеретінін айтты. Комиссия құрамына түрлі ведомстволардың өкілдері кіреді. Бұл — депутаттар, үкіметтік емес ұйымдар, ата-аналар жұртшылығы.

«Бұл топ таңдаулы түрде мектептерге баралы. Ведомствоаралық сарапшылар тобы мектептерде алғашқы көңіл бөлетін жағдай – бракераждық мектеп комиссиясының жұмысы, есеп құжаттамасын жүргізу, оқушылардың тамақтану режимі, экологиялық таза ауыз сумен қамтылу, тамақтану рационы бірыңғай стандарттар мен санитарлық талаптарға сай келіп-келмейтінін тексереді. Айта кетерлік жайт, тамақ дайындалатын бөлмеге тек санитарлық кітапшасы бар адамдар ғана кіре алады», — деп түсіндірді Д. Жекебаев.

Бақылаудың үшінші органы — Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті. Егер бастапқы екі орган негізінен бақылау функцияларын орындаса, Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тек санитарлық ережелердің бұзылғаны анықталған жағдайда ғана жұмысқа кіріседі. Департамент өкілдері тексеріп, айыппұл санкциясын жазып, әкімшілік жауапкершілікке тарта алады.