Сенбі, 2 маусым 2012 8:28
«Елге ел қосылса – құт». Өткен жылдың қазан айында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Оңтүстікке келген сапарында жақын жылдарда Шымкент қаласы тұрғындарының санын 1 миллионға жеткізу жөнінде тапсырма бергелі бері бұл аймақта үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Осыған байланысты шырайлы Шымкенттің шекарасы өзгеріп, қаламен іргелес жатқан Сайрам, Төле би және Ордабасы аудандарының біраз жері облыс орталығының аумағына өтті. Онсыз да көрші аудандардың кейбір ауылдары күн санап кеңейіп келе жатқан қаламен қосылып, мидай араласып кеткен еді. Сөйтіп, бұрын қаланың аумағы 39 мың гектар болса, енді 117 мыңға кеңейді. Әрине, бұл жағдай тынысы мен тіршілігі бөлек Шым-қаланың тірлігіне дем беріп, құт-береке дарыған қазанын үлкейте түскені даусыз.
Сенбі, 2 маусым 2012 8:28
«Елге ел қосылса – құт». Өткен жылдың қазан айында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Оңтүстікке келген сапарында жақын жылдарда Шымкент қаласы тұрғындарының санын 1 миллионға жеткізу жөнінде тапсырма бергелі бері бұл аймақта үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Осыған байланысты шырайлы Шымкенттің шекарасы өзгеріп, қаламен іргелес жатқан Сайрам, Төле би және Ордабасы аудандарының біраз жері облыс орталығының аумағына өтті. Онсыз да көрші аудандардың кейбір ауылдары күн санап кеңейіп келе жатқан қаламен қосылып, мидай араласып кеткен еді. Сөйтіп, бұрын қаланың аумағы 39 мың гектар болса, енді 117 мыңға кеңейді. Әрине, бұл жағдай тынысы мен тіршілігі бөлек Шым-қаланың тірлігіне дем беріп, құт-береке дарыған қазанын үлкейте түскені даусыз.
Жалпы алғанда, Оңтүстік Қазақстан облысының тірлігі оңға басып, ерекше қарқынмен дамып келе жатқанын елдің бәрі мойындайды. Қазақстанда тіршілік кешіп жатқан тұрғындардың 15,6 пайызы осы Оңтүстікте қоныс тепкен. Аллатағалам Оңтүстіктің алтын құрсақты аналарына берекесін дарытып-ақ тұр. Бала туу саны көбейіп, осы топырақта өсіп-өніп жатқаны да баршылық, сырттан көшіп келіп жатқаны да көп. Соның ішінде жері құтты, малы сүтті, шыбық шаншысаң шынар өсетін Шымкент қаласының өмір базары бір сәт те бәсеңдеген емес. Әйтсе де, «біреудің тоңып, біреудің тойып секіретіні» рас екен. «Айтпаса сөздің атасы өледі» деген, ел қаланың аумағы кеңейіп, қанатын кеңге жайғанына қуанып жатса, кейбір шенеуніктер осындай абыр-сабыр сәтті пайдаланып, жерлерді саудалаумен әуре боп жүріпті.
Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы жыл басынан бері «Миллион тұрғыны бар қалаға – жер заңнамасын бұзбастан» жобасын жүзеге асыруда. Жобаның басты мақсаты – Шымкент қаласы бойынша, қаланың бас жоспарына енгізіліп жатқан өзгертулерге сай Сайрам, Төле би және Ордабасы аудандары аумақтарынан қалаға кіргізілетін жер телімдерін заңсыз тарату, жерлерді заңсыз иелену деректерін болдырмау, заңсыз табысталған жерлерді мемлекетке қайтару. Сөйтіп, осы жобаның арқасында аз ғана уақыттың ішінде көптеген заң бұзушылықтар анықталып, әкімдер жер учаскелерін қолындағы «көзір» карта сияқты көретіні тағы бір көрініс берді. Қолынан келіп тұрғанда қонышынан басып жіберген шенеуніктер жерді саудалап үлгеріп, «көзірлерін» пайдаланып қалуға қатты асыққандары айдан анық. Мысалы, Ордабасы ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары жерлер облыс орталығының аумағына кіретінін біле тұра Бадам ауыл округіне қарасты Алтынтөбе елді мекенімен іргелес жатқан ауылшаруашылық мақсатындағы 95,37 гектар жер телімінің пайдалану мақсатын өзгертіп, аумақты 865 жер теліміне бөлген. Прокуратура қызметкерлері бұл істі дер кезінде тексеріп, олардың небәрі 4 жер учаскесін ғана үлестіріп үлгергенін анықтады. Ертеңгі күні бұл жерлердің сұрауы болатынын, оның соңы дауға ұласатынын, елдің де, жердің де киесі, наласы болатынын ордабасылық лауазымды тұлғалар ойлады ма екен, сірә? Әй, қайдам…
Сансыз баптар елі – Сайрам жеріндегі кейбір шенеуніктер жер сатудың жаңа бір әдісін ойлап тапқан сияқты. Сайрам ауданы әкімдігінің №925 санды қаулысымен А. Ахтамоновқа Жаңаталап ауыл округі аумағындағы арнаулы жер қорынан жалпы мөлшері 10,0 гектар жер аукционсыз беріліп кеткен. Сондай-ақ мұндай фактілер Шымкент қаласы, Ордабасы, Төле би аудандарында да жиі кездеседі. Ордабасы ауданының әкімдігі конкурстар бойынша қажетті бірде-бір құжаттарды талап етпей, 2 қатысушыны («Сырлы құм» және Сыздықов) жеңімпаз деп таныған. Сірә, «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деп ойласа керек, әншейінде бір құжат үшін басыңа «бақ» қондырып, сандалтып жіберетін конкурстық комиссия жоғарыдағы екі жеңімпаздан тиісті анықтамаларды да, тіпті жер учаскесін пайдалану туралы бағдарламаны да талап етпепті. Комиссияның мұндай «жұмсақтық» танытуының астарында қандай пиғыл, қандай жымысқы әрекет жатқанын ішіңіз әрине, сезеді. «Осы конкурстардың барлығы прокурордың наразылығымен бұзылды. Жалпы алғанда «Миллион тұрғыны бар қалаға – жер заңнамасын бұзбастан» жобасын жүзеге асыру кезінде 810,6 гектар жерлер заңсыз табысталғаны анықталып, оларды қайтаруға сотқа 17 талап-арыздар берілді, 8 наразылық келтірілді. Қазіргі кезде мемлекетке 161,3 гектар жер қайтарылды» дейді облыстық прокуратураның 1-ші басқармасының аға прокуроры Ербол Өстеміров.
«Шымкентте заңды бұзуға болмайды, оны тек айналып өтуге болады». Оңтүстік тұрғындарының арасында анекдотқа айналып кеткен осынау әзіл, әсіресе, Шымкенттің жер жөніндегі мамандарына арналған ба дерсің… Еліміздің статистика агенттігінің 2012 жылдың 1 қаңтарында берген мәліметінде Шым-қалада 642,9 мың халық тұратыны көрсетіліпті. Бұл облыс тұрғындарының 24,5 пайызын құрайды деген сөз. Дәл бүгінгі күні қала аумағынан жеке үй салу үшін өтініш берген 61 мың адам кезекте тұр. Алайда қалалық әкімдік осынау кезекті қысқартудың орнына, бос жерлерді оңды-солды үлестіруде. Соның бірі ретінде «ШымкентГеопроектМонтаж» ЖШС пен К. Зәуірбековке ешқандай аукционсыз 500 және 80 гектар жердің беріліп кеткенін айтуға болады. Дәл қазір Абай аудандық прокурорының наразылығымен бұл жерлердің мемлекеттік актісі жарамсыз деп танылып, сотта қаралып жатыр. Бұдан басқа бір жер учаскесі екі адамға беріліп кеткен, яғни, ауыл әкімдерінің актілерді қолдан жасап, жерлерді заңсыз иеленуі туралы фактілер де жиі кездеседі. Мысалыға, Шымкент қаласына қарасты Қызылжар ауылының әкімі 2004 жылы бір жер учаскесін Ш. Анарбаева мен Б. Досжановқа беру туралы шешім шығарса, тура сол жер учаскесі ауыл әкімінің шешімімен Б. Сариев деген азаматқа да берілгені анықталып отыр. Сондай-ақ, Шымкентте 34 жер учаскесін заңсыз пайдалану деректері анықталды. Қаладағы «Қайтпас-2» шағын ауданында тұратын К.деген азаматша өз жер теліміне тұрғын үй салған. Бірақ, ешқандай құжаттарсыз қасындағы 633 шаршы метр жер телімін заңсыз иеленіп, жерді қоршап, оған да үй салып алыпты. Жақында ғана Шымкент қаласының әкімі ауысып, бұл қызметке бұған дейін Түркістанда тындырымды тірлігімен танылған Қайрат Молдасейітов тағайындалды. Жаңа әкім жер мәселесіндегі кемшіліктерге көз жұма қарамайды деген үмітіміз бар.
Таяуда «Нұр Отан» ХДП жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов еліміздегі жер қатынастары саласы сыбайлас жемқорлық жөнінен мемлекеттік сатып алу қызметінен кейін екінші орында тұрғанын тілге тиек еткен-ді. Осы уақытқа дейін Жер ресурстарын басқару агенттігі мен оның ұйымдарында қызмет істеген әрбір екінші адам жер қатынастары саласындағы заңдылықты бұзуға жол бергені үшін әкімшілік жауапқа тартылыпты. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің мәліметіне қарағанда, 2010-2012 жылдары жер саласы бойынша лауазымды тұлғалардың үстінен 7 қылмыстық із қозғалған. Облыстық прокуратура органдары жер саласы бойынша 2010 жыл мен 2012 жылдың 3 айы аралығында 215 тексеру жүргізіп, 7428 заң бұзушылықты анықтапты.
Әйтеуір, құзырлы органдардың берген мәліметіне қарасаңыз, Оңтүстікте жер саласында небір қитұрқы, адам баласының ойына кіріп шықпайтын қулық-сұмдықтардың болып жатқанын көріп, шынында бұл саланы жемқорлық жайлап алғанына көз жеткізер едіңіз. Әрине, елдің бәрін, жер мәселесімен айналысатын мамандардың бәрін бірдей қаралап, топырақ шашудан аулақпыз. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген, кейбір пысықтардың жылпостығы, жерді әкесінен қалған дәулеттей көретін жемқорлардың әрекеті бұл саланың бұлтын қоюлатып тұр. Әйтпесе, Шымкенттің халқы шетінен еңбекқор, қол қусырып отырғанды білмейді, қашан көрсең бір шаруалармен шапқылап жүргені. Миллион тұрғыны бар қаланың да мың сан мәселесі болатыны айдан анық. Қателеспейтін адам жоқ. Біз көбінесе осындай келеңсіздіктер әкімдердің заңды жете білмеуінен орын алды деп ойлаймыз. Әйтсе де, жер мәселесі, жер дауы шенеуніктердің заңды білмеуінен гөрі сол заңды сыйламаудан, қадірлемеуден, менсінбеуден барып туындайтын сияқты. Қу құлқын бірдеңе тілеп қысқанда, ар, заң, иман… бәрі адыра қалады. Жоғарыда айтылған лауазымды тұлғалардың заңсыз екенін біліп тұрып жерді саудалап жіберуі осындай ойға жетелейді. Тегінде «Алла алдымен адамның санасына берсін» деп бұрынғылар бекер айтпаған ғой.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.
*Автор туралы анықтама
Оралхан ДӘУІТ «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі қызметіне тағайындалды.
Ол Шымкент қаласындағы «Шығыстану» институтын филология мамандығы бойынша бітіргеннен кейін қалалық «Шымкент келбеті», облыстық «Оңтүстік Қазақстан», республикалық «Түркістан» және «Жас Алаш» газеттерінде қызмет істеген. Жамбыл облыстық «Арай» газетін басқарған.
Төменде әріптесіміздің мақаласын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.