Бұған дейін екі жақ та талай рет келісімге келуге тырысқан. Тіпті Францияда, басқа елдерде кездесіп, келіссөз жүргізген. Бірақ екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды екен. Ливияны бір орталықтан, бір үкіметтен басқаруға бір-бірін көндіре алмады. Сөйтіп сәуірдің басында Ливияның шығысын, мұнайлы аудандарын басқарып отырған фельдмаршал Хафтар ел астанасы Триполиды алуға бел шеше кірісті. Ал сол Триполи қаласында жайғасқан үкіметтің басшысы Файез әл-Саррадж да қарап қалған жоқ. Қолындағы бар ресурстарды біріктіріп, бас көтерген фельдмаршалға қарсы қоймақ. Ресми армия Хафтардың иелігінде болса да, оған бағынғысы келмейтін жергілікті бербер тайпалары, дала командирлері жеткілікті екен.
Сіз кімсіз, Хафтар мырза? Өзі онсыз да басы бірікпей, бірнеше аймаққа бөлініп, ДАИШ террористерімен күрес енді аяқталғанда, бүлік шығарған Халифа Хафтар деген кім? Ол кезінде Муаммар Каддафидің жақын серігі еді. 1987 жылы Ливия мен Чад соғысқанда, қол бастаған Хафтар тұтқынға түседі. Сәтсіздікке ұшыраған офицерден Каддафи бас тартады. Басшысының бұл қылығына ашуланып, Хафтар оппозиция тарапына өтіп кетеді. Алайда, Каддафиге қарсы төңкеріс те, қарсылық та сәтсіз болған соң АҚШ-қа көшеді. Ал 2011 жылы Каддафидің басына қара бұлт үйірілгенде, Ливияда көтеріліске шыққан жұртқа басшы болады. Бұл енді Францияның қолдан жасаған жоспары дейді.
Каддафи көз жұмып, елі талан-таражға түскенде, Халифа Хафтар саяси аренадан көрінбей кетеді. Дегенмен көп өтпей билікке исламшыл саяси топ келгеніне көңілі толмай, жұртты жаңа үкіметке қарсы шығуға шақырады. Оның халық арасында беделін көтерген «Ливия мақтанышы» әскери операциясы еді. Оның мақсаты – діни радикал топтарға қарсы күрес болатын. Себебі жаппай тәртіпсіздікті пайдаланып, Ливияда ДАИШ және басқа да топтар кең етек жайды. Осы уақыт ішінде Бенгази нағыз қиранды қалаға айналды. Бірақ хаостан шаршаған азаматтар сол кездегі генералдың ісін қолдады. Ол радикалдардан мұнай кеніштерін тартып алып, жеңіске жетті. Осы жеңісі үшін 2016 жылы Хафтарды қолдайтын Парламент Ливияда алғаш рет оған фельдмаршал атағын берді. Кезінде бұл елді 42 жыл басқарған Каддафи полковник шенімен шектелген еді.
Хафтар құтқарушы ма, әлде жоюшы ма? Ливияның бір бөлігінде қарудың күшімен тәртіп орнатқан осы кісіні кейбір азаматтар елді құтқарушы, қазіргі тәртіпсіздікті тыятын қолы жуан жалғыз адам деп есептейді. Ал оның қарсыластары Халифа Хафтар билікке келсе, екінші Каддафи атанатын нағыз авторитар санайды. Қазірдің өзінде фельдмаршал ел астанасы Триполидың маңындағы Гарьян қаласын қарсылықсыз басып алды, бас әуежайды шабуылдады. Осы қақтығыстан 60-қа жуық кісі көз жұмған. Соғыстан аман қалу үшін 2800 азамат Триполи қаласын тастап шықты. Бұл азаматтық соғысқа араласпау үшін АҚШ-тың әскері елден кете бастады. Үндістан да өзінің бітімгерлік күштерін Туниске көшірді. Шетелдік армиялардың бұлайша Ливиядан басын ала қашуы ертең нағыз қан-жоса соғысқа жағдай жасауы мүмкін. Оны өзге Африка елдерінің тәжірибесі сан рет дәлелдеді.
Бір елдегі қос билік. Сонымен бүгін Ливияда қос үкімет орнады. Файез әл-Саррадж басқаратын Триполидағы үкіметті Түркия, Қатар және Батыс елдері қолдайды. Ал оған қарсы күресіп жатқан Халифа Хафтарға Сауд Арабиясы, Мысыр, Араб әмірліктері дем беріп отыр. Ресей қос тараппен де жақсы. Халифа Хафтар жас кезінде Ливияның атынан келіп, Мәскеуде әскери білім алған, орыс тілін меңгерген. Енді фельдмаршалды қару-жарақпен, кәсіби сарбаздармен қамтамасыз етіп отырған сияқты. Мәскеу Хафтарды қолдау үшін Вагнер деп аталатын жеке әскери компанияның 300 жауынгерін жіберді деген ақпарат бар. Яғни, Ресей барлық мүмкіндікті қолданғысы келеді. Мәселен, ертең алда-жалда Хафтар билікке келе қалса, Ливиядағы террористер, босқындар арқылы Еуропаға ықпал жасауы мүмкін. Сол үшін Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу фельдмаршалмен бірнеше рет кездесіп үлгеріпті.
Триполи – соңғы нысана. Ендігі негізгі күрес Ливия астанасы Триполи үшін жүрмек. Бірақ бұл тектетірес мыңдаған адам өмірін жалмап кететін қырғынға айналуы мүмкін. Көпшілік елдер осыған алаңдап отыр. Екінші жағынан, Халифа Хафтардың қазіргі жағдайы жақсы. Ол мұнайлы аудандарды иемденіп, әскер ұстап отыр. Дегенмен, Триполи түбінде жеңілсе, оның саяси, әскери хәлі тым нашарлап кетуі де ғажап емес. Оған қоса, Хафтарға бағынғысы келмейтін, соғыстан шаршаған қатардағы жұрт та, дала командирлерді де жетерлік. Яғни, әскербасы дәл қазір үлкен тәуекелге бел буып отыр.
Сөз соңында. Ұлттық армияның басшысы Хафтармен таныс дипломаттар ол өзін араб әлемінің, Ливияның құтқарушысы санайды дейді. Ол солай ма, әлде керісінше Ливияның түбіне жететін тұлға ма, әзірге белгісіз. Бірақ фельдмаршал астанаға жорығын Ливиядағы биылғы сайлау және елдегі жағдайды реттеуге арналған ұлттық конференцияның алдында бастады. Басқаша айтқанда, Хафтар дипломатия, келіссөзден гөрі қарудың күшіне көбірек сенеді. Егер басқа мемлекеттердің жүрген жолына қарасақ, әсіресе, Африка, Латын Америкасындағы, осындай санадағы офицерлердің кесірінен мыңдаған жан азаматтық соғыстарда мерт болған. Кейбір елдер адамзат тарихынан сабақ алмайтын сияқты.