• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 16 Сәуір, 2019

Ә.Смайылов: Бюджеттің тиімді жұмсалуына ықпал жасайтын құрал – мемлекеттік аудит

843 рет
көрсетілді

2019 жылдың бірінші тоқсанында бюджеттің барлық деңгейлерінде кірістер жоспардан асыра орындалып, оң өсу қарқынын көрсеткен. Бұл туралы Қаржы министрі Ә. Смайылов Үкімет отырысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бюджет қаражатының дұрыс және тиімді жұмсалуына бірден-бір ықпал жасайтын инструмент – мемлекеттік аудит. Биыл есептік кезеңде 770 аудиторлық шаралар атқарылған. Аудиторлық шаралар кезінде 183 млрд теңге қаражат қамтылды.

30 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар  анықталған. Осы соманың 25 млрд теңгесі тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есеп бойынша көрсету жолымен тексеру кезінде түзетілген.

«Мемлекеттік сатып алудың рәсімдері камерамен бақылауға алынып, күнделікті онлайн-режимде жүргізіліп отырды. Сонымен, үш айдың ішінде жалпы сомасы 2 трлн 696 млрд теңгеге мемлекеттік сатып алудың 525 мың 468 рәсімдері бақылауға алынды» дейді Ә.Смайылов.

Мемлекеттік органдарға заң бұзу туралы 9 043 хабарлама жіберілді. Нәтижесінде 123 млрд теңгеге мемлекеттік сатып алудың заңға қайшы келетін қорытынды шешімі күшін жойған.

«Алдағы кезеңдегі басты міндет – нақтыланған бюджеттің шығыстарын қолма-қол ақшамен қамтамасыз ету. Ол үшін республикалық бюджеттің кірістерінің нақтыланған жоспарын толық орындауымыз қажет. Ал, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мемлекеттік сатып алу процедураларын жыл соңына қалдырмай, бірінші жартыжылдықта аяқтаулары қажет» деді Министр.