• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Сәуір, 2019

Алматыда атақты жылқышыға ескерткіш тақта орнатылды

1234 рет
көрсетілді

Алматы шаһарында «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының аясында кезекті бір айрықша мәдени шара өтті. Бұхар Жырау мен Ғабит Мүсірепов көшелерінің қиылысындағы көп қабатты №16 үйдің қабырғасына Социалистік Еңбек Ері, қоғам қайраткері Нәдір Жақияұлы Биғазиевке арналған ескерткіш тақта орнатылды.

Сәуірдің сіркіреген жаңбыры астында табиғат мінезін тіптен де тосырқамаған қауым жасалған бұл құрметке ризашылықпен қол соқты. Сонымен Нәдір Биғазиев кім?

Оған игілікті шараны ашып тұрғындардан сүйінші сұраған Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахеттің сөйлеген сөзінен жауап іздеп көрейік. «Ғылым мен мәдениеттің, өнердің ортасына айналған ару  Алматымызда халқымызға еңбегі сіңген небір тұлғалардың есімдері құрметпен аталып тұратын игі дәстүр бар, – деді белгілі ғалым-кеңесші. –Бүгінгі салтанаттың бір ерекшелігі сол – ауылда өсіп, ауыл шаруашылығын өркендетіп, ауылдың жайын күйттеген арда азматымызға сол кездегі астанамыз Алматыдан неліктен соншама құрмет көрсетілді екен дейсіз? Шынтуайтында нағыз еңбек майталмандарына кеше де, бүгінде де лайықты көңіл бөлініп ілипат көрсетілген, көрсетіліп келеді де. Ендеше, кіл өнер мен мәдениеттің, ғылымның марқасқалары қатарынра ол кездегі астанамыз Алматыдан сол кезде ауыл адамына үш бөлмелі үйдің тегін берілуі тектен тек емес, ұлы еңбектің өтеуі деп ұғынумыз керек.

Құрығы құтты жылқышының ұлы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Нұрғали Биғазиев қала әкімі кеңесшісінің салиқалы сөзін былай сабақтастырды.

– 80-ші жылдардың басында ел аралауға шыққан Қазақстан басшысы Дінмұхамед Қонаев атақты «Луговой» асыл тұқымды жылқы зауытына ат басын іркеді. Ауыл еңбекшілерімен жылы шырайлы кездесу барысында Димекең әкеміздің еңбек көрсеткішіне қатты сүйсініп бас шайқағаны бар екен. Сонда, «Айналайын Нәдір, өркенің өссін маңдай терің ақталсын, өзің тұрмасаң да өсіп келе жатқан шиеттей бала-шағаң бар екен, кәдеңе жаратарсың,» – деп Есентай өзенінің жағасынан осы үш бөлмелі үйді тұппа-тура сыйға тартқан. Ағайынды он баланың дені осы үйде өстік-өндік. Игі іске тікелей қолдау көрсетіп, қамқор болған қала басшылығына мың да бір рахмет. Бүгін, міне, әкеміздің рухы, ел қамын жеген абыз ағаларымыздың құрметі үшін жасалынып жатқан үлкен тарихи оқиғаға баршаңыз куә болдыңыздар.

–Еліміз етек-жеңін жинап, Тәуелсіздік туын көтерген тұста Нәдір  ағамыз билік орындарына өтініш жасап аулымызда алғашқы мешітке орын тауып, оның алғашқы тасын өз қолымен қалап еді, – деді Көкдене аулының имамы Қайрат қажы. Ауылда да, астанада да айшықты ізі сайрап қалған Социалистік Еңбек Ерінің, КСРО Компартиясы ХХҮІ сьезінің  делегаты даңқты жылқышының ел игілігі үшін еткен ерен еңбегі туралы салтанат барысында Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Қыдыралы Қойтай, ҚР ішкі істер саласының ардагері, полковник Сатымбек Рыспаев және басқа да азаматтар қызықты естелік-ойларын ортаға салды. Белгілі айтыс ақыны Серік Қали жырдан шумақ шашты.

Тарихқа бай мыңжылдық жасы бар Алматының мұрағаты бүгін тағы бір айтарлықтай құнды дерекпен, құжатпен, оқиғамен толықты.