Соңғы уақытта емхана қызметкерлерінің қатарын Шыңғыс Уәлиханов, Салтанат Жұмаділова, Ризагүл Қабдолла, Дариға Маткенова, акушер-гинекологтар Зарина Аманқұл, Гюзаль Жабағина, Ольга Аманатиди секілді жас мамандар толықтырды. Жарқырған жаңа ауруханада дәрігерлік қызмет жолдарын бастаған жастар қуанышты.
Жалпы, емхана басшылығының мәліметінше, көпшілік тұрғындар қабылдауға жазылуда «Damumed» мобильды қосымшасын пайдаланады. Дәрігерлер өз бөлімшелеріне тіркелген адамдардың денсаулығына мониторинг жасай алады. Тұрғындардың қоңырауын қабылдайтын арнайы ID телефон орталығы жұмыс істейді. Мұнда мамандар көп арналы телефон арқылы тұрғындардың сауалына жауап беріп, оларды дәрігердің қабылдауына жазады. Емханада орнатылған LED экрандарда мобильды қосымшаны пайдалану ережелері бар бейнероликтер ұдайы көрсетіледі. «Damumed» мобильды қосымшасын пайдаланушылар дәрігердің қабылдауына жазылуға немесе дәрігерді үйге шақыртуға, жазылған рецептілерді және зертханалық зерттеулердің нәтижелерін қарауға, еңбекке жарамсыздық парақтарын жүктей алуға мүмкіндігі бар. Ал тұрғындар үйде отырып-ақ дәрігердің қарауына жазыла алады. Дәрігерді үйге шақырады.
Ақ желеңді абзал жандар жеке модуль арқылы емделушілердің барлық қимыл-қозғалысын, емделу қорытындыларын бақылайды. Сондай-ақ бөлімшеге тіркелген тұрғындардың толық тізімін көре алады, оларды жасына, басқа да қажеттіліктеріне қарай іріктейді. Бұл тізім арқылы скринингтен өтуге тиісті тұрғындарды анықтап, ем-шаралардың кестесін түзіп, хабарласуға толық мүмкіндік бар.
Жуырда Дүниежүзілік денсаулық күніне орай «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» және «Жастар бастамаларын дамыту орталығымен» бірге емхана ауласында дәрігерлермен бірге жастар таңғы жаттығу жасады.
– Кез келген адам біздің қатарымызға қосыла алады. Таңғы жаттығуларға апта сайын келіп тұруға болады, – дейді дәрігерлер.
Ал «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» бас сарапшысы Татьяна Дубовиктің айтуынша, таңғы жаттығуларға шақыру арқылы қоғамның назарын дәрігерлік-скринингтік тексеруге аударуға, ауру ерте анықталған жағдайда науқастың өмірі мен еңбекке қабілеттілігін, әйел адамның бала туу мүмкіндігін сақтап қалуға болады.
ПАВЛОДАР