Бес жыл бойы халықтың қолынан түспеген басылымға жазған арнау сөзінде ұлт арыстары 1909 жылы АҚШ-та – 21435, Францияда – 8940, Германияда – 8000, Италияда – 3000, Ресейде – 2058 газет һәм журналдың жұртқа ақпараттық қызмет көрсетіп жатқанын айтып, сөздің құдіреті бұзуға да, дәнекер болып түзеуге де жететінін жеткізді. Халықтың жайын айтып, өзгелермен қарым-қатынас жүргізуге арнайы басылым ашқандарын, игілікті іс халықтың оянуына, құлдық санадан құтылуына септігін тигізіп, бас шұлғып отыра беруден құтқаратынын тілге тиек етті. «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы. Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенін ғұмыр жеткенше істеп кетелік», деді ұлт жақсылары.
Ұлтқа ұйытқы болған «Қазақ» газетінің материалдарын шаң басқан архивтен алып, Ү.Субханбердина бастаған азаматтар 1998 жылы 550 беттен тұратын кітап шығарған еді. Осы үрдісті енді «Арыс» баспасы (жауапты редакторы, профессор Ғарифолла Әнес) жалғастырып, Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырып отыр. Бір ерекшелігі бұрынғы кітап толық қамти алмаса, бұл жолғы басылымда бәрі жинақталған.
Қилы қиындықтарды көре жүріп адал қызмет еткен «Қазақ» газетін шығарушылар 5 жыл ішінде бірнеше томға жететін материалдар жариялаған. Бірінші нөмірден бастап түрлі тақырыптар қаузалып, айдарлармен беріліп отырған. Мысалы, «Оқшау сөз» деген айдармен «Дін таласы» деген мақала берілсе, «Ішкі хабарлар», «Сыртқы хабарлар», «Тілші хабарлары», «Басқармаға келген хаттар», «Тілшілер сөзі» айдарларында ел өңірлерінен келген алуан түрлі оқиғаларды, шетел хабарларын үзбей беріп отырды. Соңына оқырмандардың тілек-талабын да қосқан. Мәселен, «Қазақ» газеті қадамының ашылуын құптап «Менің ойым: сөзге шебер, тілге жүйрік бірнеше жігіт шығып, атақты бай мұсылман қазақтарымызға жолығып істің жайын түсіндірсе, «Қазақ» газетасы аяққа басқандай көмек табылмас па деймін. «Жарлы болсаң, арлы болма. Қарап тұрып сорлы болма деген ғой» депті Қылышбаев деген оқырман. Бірінші нөмірі кітаптың он бетінен орын алып, соңына «Бас шығарушы: Ахмет Байтұрсынов, Бастырушы: Мұстафа Оразаев» деп түйінделген. Өзге нөмірлерде осылай жалғасын таба береді.
«...Ел дертінің себебін ұғып, емін біліп... бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп талап қыла бастаған уақытқа» басылымның жеткенін алға тартқан Мұхтар Әуезов сол ақиқатты осы газет арқылы тарту қажеттігін атап, Алаш рухты жұртымыздың қай-қайсысы да қазақ әлемдегі мықтылардың қатарына жетсек деген ниетте екенін алға тартып, әрбір ұлт өкілі «қараңғы қазақ көгіне» (Сұлтанмахмұт) күн болу басты мақсат екенін қадап айтыпты.
«Тілшілер сөзі» деген айдармен берілген топтамадағы өңір жаңалықтары ерекше есте қалады. Газеттің №18 санында Семейден Шаһкәрім (газетте осылай жазылған) Құдайбердінің әрбір сөзінде жастарға білім беру мәселесін жан-жақты қозғап, «Қазақ» газетіне «Айқап» журналын серіктес етіп шығаруды ұсынып, «Білімсіз ел жас бала сияқты. Бір жаңа нәрсе көрінсе бұрынғыны тастап соған ұмтылмақшы», деп білім беруді ұлт ісіне айналдыруды еске салады.
«Біздің қазақтың жері қашаннан-ақ мемлекет мүлкі деп қойған жер», деп жер мәселесі туралы тиянақты байламдарды қозғап, қазақ жерінің қалыбын бұзбай, нәрін кетірмей сақтап, ешкімнің қанжығасында жібермей, кейінгі ұрпаққа қалдыруды әңгімеге жиі арқау етті. Сонымен қатар рухани мұраларымызды да, әдет-ғұрыптарымызды да, халықтық тәрбиемізді де назардан тыс қалдырмаған.
Ал қапыда оққа байланған семинария түлегі Қазы Нұрмұханбедұғлыны жерлеу рәсімінде Шәкәрім халыққа арнаған сөзінде «Әлеумет! Мынау жатқан кім, білесіңдер ме? Бұл ұлты үшін шыбын жанын құрбан қылған Алаш азаматының тұңғышы. Мынау жолдастарыңды ұмыта көрмеңдер. Мұның үй ішінің міндеті – сендердің мойындарыңда! Алпыс жасқа келгенде мұндай ұлт үшін құрбан болатын азаматты көремін деген үмітім жоқ еді» десе, Міржақып Дулатұлы «Алаштың бұл құрбаны − аяулы жолдас, Қазы жас» депті. Міне, осындай ұлттың жақсылығын да, қайғысын да көрсеткен «Қазақ» газеті қазақ тарихының бір беті десе болғандай.
Өткен ғасырдың басындағы ұлт айнасына айналған, қазақ үнін естір құлаққа жеткізген «Қазақ» газетінде жарияланған бұл құндылықтардың алғашқы екі томын қарап отырғанда сан түрлі ойға қаласың. Қанша адам тағдыры алдан шығады. Бұрын газет тігіндісімен кез келген адам таныса алмайтын болса, бұл екі том қолжетімді болып тұр. Қалған жылдарды қамтитын кітаптар алдағы уақытта жарық көрмек. Алар сабақ, үйренер тағылымы мол дүние қашанда өз құнын жоймақ емес. Сарғайған мұраны жаңа заманның қағазына басып халыққа ұсыну нағыз ерлікке пара пар іс. Бұдан да өзге де газет-журналдардағы дүниелерді кітап етіп жариялап, кейінгі ұрпаққа ұсынсақ ұтарымыз мол.