• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Сәуір, 2019

Қаныкей мазары

2118 рет
көрсетілді

Сулы, нулы Қорғалжын өңірі тамыл­жыған табиғатымен ғана емес, тылсым тарихымен де ерекшеленеді. Сайын дала төсіндегі есте жоқ ескі кезеңнен қалған ескерткіштер бұл далада небір оқиғалар өткендігін бауырына бүгіп қалмай, бүгінгі ұрпаққа сыр қылып, жыр қылып айтып тұрған тәрізді.
Қорғалжынның Өркендеу деп аталатын өлкесі ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда біресе қазақтың, біресе құба қалмақтың иелігінде болғанға ұқсайды. Түгін тартса майы шығатын әдемі өлкенің ажарына қызыққан жау ірге теуіп қалмақ болып қым-қиғаш соғыс ашқан. Ата-бабадан мұра болып қалған жерді қорғау әлмисақтан еркек кіндіктінің парызы. Әйтсе де, бір жолы он бесінде туған айдай толықсыған он бес жасар хан қызы Қаныкей де ақ сауыты жарқылдап атқа қонса керек. Кәдімгі апайтөс азаматтармен бір сапта. Бір сапта емес, өжеттігімен, ақыл-парасатымен қол бастаған. Атажұртқа көз алартқан құба қалмақты етегін түріп қойып жосылта шапса керек. Қыз бастаған қосынның айдыны асқан соң, қаһарынан сескенген қалмақ қолы кейін шегінген.  Арада біраз уақыт өткен соң тағы бір қиян-кескі шайқас. Сол шайқаста батыр қыз Қаныкей оққа ұшады. Он екіде бір гүлі ашылмай туған жерді қорғау жорығында жанын пида еткен Қаныкей қыздың артында мәңгі өлмес мұра қалған. Ол мұра – қазақтың батыр қызының туған жерді қорғаудағы ерен ерлігі.  Ойсырай жеңілген құба қалмақ қыр асып кеткен соң қазақтар өз жерлерін иелене бас­тайды. Осы Өркендеу деп аталатын мекенге Өтеқара есімді бай қоныстанады. Бір жылдары Байбек есімді жалғыз баласынан айрылған Өтеқара Қаныкей зиратының тап жанынан мазар тұрғызып, баласын жер қойнына тапсырады. Ел айтып жүрген естелікте мазарды салып шыққан Бекболат есімді шеберге екі үйір жылқы беріпті деген дерек бар. Бірақ бұл жер Байбектің атымен аталмай, дәл сол кезде дүйім жұртқа белгілі болған Қаныкей атымен аталып кеткен екен.  Қазір Өркендеудің өрінде қиядан көзге түсетін мазар Сарыарқаны кезіп кететін самал желмен көне дәуірдің күмбірін күңірене жырлап тұрғандай.  Ақмола облысы,  Қорғалжын ауданы