Бұл кезектен тыс өткелі отырған президенттік сайлаудың тарихи мағынасы осы тұрғыдан үлкен мәнге ие. Аталған тарихи оқиғаның салмағын алдағы уақытта сайлауға түсетін үміткерлер, тіпті арттыра түседі. Құдайға шүкір, қазақ елінде президент болуға лайықты азаматтар жеткілікті, олардың барлығы ел басқаруға ниет білдіруі тиіс. Солардың ішінен халық өзінің қалаулысын қапысыз таңдайды деп сенемін. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзі атап өткендей, бұл сайлауды әділ өткізуге жауапкершілік алатынын жеткізді. Бұл сөзді Мемлекет басшысы жайдан-жай айтып отырған жоқ.
Қ.Тоқаев президенттік сайлау өткізуде үлкен тәжірибесі бар тұрақты тұлға. Министр мінберінде болсын, Мемлекеттік хатшы міндетін атқарған тұста, сыртқы саясат сахнасында жүргізген салиқалы саясаты бұл Мемлекет басшысының зор тәжірибесін айғақтайды. Президент қазақ халқын жақсы біледі, сәйкесінше Қасым-Жомарт Кемелұлын да бұқара жақын таниды. Ол кісінің сайлау әділ өтеді деген сөзі бізді нық қадамдарға жетелеп әкетті. Сайлаудың таза өтуі – көп жайттардың, соның ішінде мұсылмандық жолымыздың дұрыс екенін білдіреді. Таза деген сөз – әділеттілік деген қағиданың тура баламасы. Бұл әділдік жолы барлығымызды марқайтатын шешім.
Біз осы екі айдың өзінде ұлт ретінде едәуір өсеміз. Қазір қоғам қозғалысқа келді, әртүрлі ойлар мен алуан пікірлердің де ашық талқыланғаны заңды. Алайда біздің халық – шарасынан шықпайтын, сабасынан сыртқа төгілмейтін халық. Өзен қалай өз арнасымен ақса, біздің қоғамның мінезі де сондай. Біз ел үшін, болашақ үшін өз арнамызбен жүреміз. Сайлау да өз арнасымен өтетініне кәміл сенемін.
Ғарифолла ЕСІМ,
ҰҒА академигі