• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
18 Сәуір, 2019

Батыс Алтайдағы балғын шаңғышылар

1395 рет
көрсетілді

Қазақтар тек бокс пен күреске ғана бейім деген сөз дұрыс емес. Кезінде Ғұсман Қосановтар, Асқар Оразалиновтар қазаққа таңсық делінген спорт түрлері – жеңіл атлетика мен су добынан топ жарған жоқ па?

Риддер десе, Полторанин, Полторанин десе, Риддер еске түседі.

Риддер десе, көз алдыңызға тау басында құйындатып шаңғы теуіп жүрген адамдар елестейді. Шынында, Риддер – шаңғышылар шаһары. Үш-төрт жыл бұрын облыстық «Дидар» газетіндегі әріптестерімізбен бірге осы қалаға шаңғы тебуге (дұрысы, үйренуге, көруге) келгенімізде биік тауда қолына құндақтағы баласын байлап алып, зырылдатып шаңғы теуіп жүрген әйелді көріп таңғалғанымыз бар. Батыс Алтайдағы жұрттың еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін қысқы спорттың қызығына берілгенін сол кезде анық байқағанбыз.

Сөзімізді әйгілі шаңғышы Алексей Полтораниннен бекерге бастап отырғанымыз жоқ. Біз жақында атақты шаңғышыны ғана емес, Галина Вишневская, Игорь Закурдаев, Диас Кенешов, Ердос Ахмадиев, Ян Савицкий секілді даңқты қысқы спорт шеберлерін тәрбиелеп, қанат қақтырған шағын шаһар Риддерге арнайы барып, осындағы болашақтағы Полтораниндерді спортқа баулып жатқан олимпиадалық резервтегі республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

Кнаубтың арманы,

Бар қазақтың арманы

Осы колледждің басшысы, спорт жанашыры Владимир Кнаубпен бұрын бетпе бет жүздеспесек те, сырттай жақсы білетін едік. Ойындағысын бүкпесіз жеткізетін, ашық-жарқын, аңқылдаған жан екен. Қазақшасы да тәуір көрінеді. Сүт пісірім мезеттегі шай үстінде өзі басқаратын шаңырақ жайында әңгіме қозғап, орындалған һәм орындалмаған арман-мақсаттарын бізге сұрақ қойдырмай-ақ айта жөнелген.

 Екі сөзінің бірі – ауыл. «Біздің колледжде бәрі тегін. Барлық жағдай жасалынған. Ата-аналар осыны дұрыс түсінбейді. Балаларын әкелуге сескенеді. Әсіресе, алыс ауылдағы ата-аналар. Ауылдың балаларына ерекше көңіл бөлу керек деп үнемі айтып жүремін. Талантты спортшылар ауылдан көп шығады. Қазақтар тек бокс пен күреске ғана бейім деген сөз дұрыс емес. Кезінде Ғұсман Қосановтар, Асқар Оразалиновтар қазаққа таңсық делінген спорт түрлері – жеңіл атлетика мен су добынан топ жарған жоқ па? Мәселе – ынта-ықыласта. Тек талантты жастарды таба білу керек», - деген бапкер өзінің ең үлкен арманы қазақ жастары арасынан шаңғы спортынан Олимпиада чемпионын шығару екендігін жасырмады. Көптің көкейінде де көптен жүрген ой. Кнаубтың арманы, бар қазақтың арманы емес пе?!

Балғын шаңғышылар тамақтанатын асханада таңғы асымызды ішкен соң жас спортшылар сабақ оқитын әрі жатақхана іспетті көк түсті ғимаратқа қарай тарттық. Риддерге бармас бұрын «осындағы шаңғымен шұғылданып жүрген қазақ балаларын көрсек» деп тілек білдіргенбіз. Ұл-қызы аралас, бір топ балаларды бірінші қабатқа қаздай тізіп отырғызып қойыпты. Көпшілігінің кеудесі толы - медаль. Сыңғыр-сыңғыр етеді. Балғын шаңғышыларды әңгімеге тартпас бұрын В.Кнауб пен оның оқу ісі жөніндегі орынбасары Наталья Жотабаева мектеп-интернат жайында қысқаша мағлұмат берді. Бүгінде мұнда шаңғы, биатлон, тау шаңғысы, сноуборд, фристайл, трамплиннен секіру, жеңіл атлетика секілді спорт түрлері бойынша ұзын-саны 200-ден астам жас тәрбиеленіп жатыр екен. Оның 177-і мектепте, 60-ы колледжде оқиды. Қысқы спортқа қызығушы балғындар мектепке 7-ші сыныптан бастап конкурс арқылы қабылданады екен, ары қарай оқуды колледжде жалғастырам десе, өз еркі. Қазақ сыныптары енді-енді ашылып жатыр екен. Қазір мұнда екі топ (7-8 сынып оқушылары) қазақ тілінде білім алып жатқан көрінеді.

Полторанинді таңғалдырған үржарлық бозбала

Астана, Алматы, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Алматы облысы, Ақтөбе... Жас шаңғышылар еліміздің түкпір-түкпірінен жиналыпты. Тәрбиеленушілердің басым бөлігі – жергілікті балалар. 

Пайызға шақсақ, мұндағы балғын спортшылардың 45 пайызы Риддерден, 33 пайызы облыстың аудан-қалаларынан, қалғаны республиканың облыс-қалаларынан. «11 сыныпта оқимын. Менің осында келгеніме 5 жыл болды. Әуелде мені жиынға жаттықтырушым ертіп келді. Сол кезде бұл жер маған бірден ұнап қалды», - дейді біз бірінші әңгімеге тартқан үржарлық балғын Дидар Қасенов. Ол 2 сыныпта оқып жүргенде Полторанин жүлдесіне өткен жарыста топ жарып, жаттықтырушылардың назарына ілігіпті. Жуықта «Азия балалары» I қысқы халықаралық спорт ойындарына қатысып, төртінші орын иеленіпті. Мәртебелі жарыстың ашылу салтанатында еліміздің Туын ұстап шығыпты. Ақерке мен Айдана да Үржардың тумасы екен. Астаналық Асанәлі Бостық Риддерге 9 сыныпта келіпті, қазір колледждің 3 курс студенті. «Шаңғыны Елордада жүріп үйрендім, қалалық жарыстарда орын алдым. Маған осында түсуге жаттықтырушым кеңес берді. Қарындасым да осында оқиды», - дейді ол. 

Кеудесіне 5 медаль таққан Әмір Мұратбеков екі жыл бұрын Полторанин турниріне қатысқанда «Бұл кім? Техникасы қандай?» деп Полтораниннің өзі таңғалыпты. Үржарлық бозбала соңғы 2 жылда Қазақстанның жазғы чемпионатында үш алтын медаль жеңіп алыпты. Қазір ересектер арасындағы ел чемпионатына қатыса бастапты. «Келесі жылы достарым, сыныптастарым осында келеді. Шақырып жатырмын» деген ол ең үлкен арманы Олимпиадаға қатысу екендігін айтты. Оралда жүргенде басқа спорт түрімен шұғылданған Ермек Еділбек Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданынан келіпті. Қазір 7 сыныпта оқитын семейлік Ералы Жұмабеков мұнда 2018 жылы түсіпті. «Семейде ағам осы спорт түрімен айналысқан. Мені осында сол ағам ертіп әкелді», - дейді ол.

Оқушылармен біздің кездесуімізге кеудесіне таққан жалғыз медалін жарқырата кешігіп келген Батыржан Демеужан Ақтөбе облысының тумасы екен. Жоғарыда айтқан «Азия балалары» халықаралық спорт ойындарында алтыннан алқа тағыныпты. Жаңағы кеудесінде жарқыраған үлкендігі жұдырықтай медальді осы сайыста алыпты.

Владимир Кнауб оқу орнында соңғы жылдары қаракөздеріміздің қатары көбейіп келе жатқанын айтады. «Мен алғаш осында келгенде қазақ балалары саусақпен санарлық еді. Қазір 60-тан асты. Жыл сайын Үржар ауданының өзінен 10-нан астам бала келеді», - дейді колледж директоры.

Наталья Жотабаева сөз арасында өздерін толғандырып жүрген бір мәселені тілге тиек етті. «Жүктеме көп. Біз гимназия бағдарламасымен оқимыз. 39 сағат мемлекеттік стандарт жүктемесі, 36 сағат спорттық жаттығу. Сонда бала аптасына 70 сағаттан астам уақыт жұмыс істеуі керек. Сағат санын кішкене азайтып, жалпы білім беретін мектептердің стандартына сәйкестендірсе жақсы болар еді», - дейді ол.

Бір қуаныштысы, қазір колледж жанынан республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға жаңа типті мектеп, стадион, биатлон стадионы, шаңғыға арналған роллерлі тас жол салынып жатыр екен. «Қысқы спорттың 15 түрі болса, бізде соның алтауы ғана бар. Мектеп бой көтерсе, бала саны да арта түсер еді. Толық қазақ бөлімін ашқымыз келеді. Кішкене мұз айдыны салынса, шорт тректі, конькиді, мәнерлеп сырғанауды дамытуға болады. Шорт тректе негізінен үздіктер азияттар. Жапондар, кәрістер мен қытайлар. Қазақтар олардан кем бе? Универсиада, Азия ойындарында жүлдегер болдық. Қысқасы, бізде талантты балалар көп. Атақты шаңғышы Алексей Полтораниннің бапкері Алексей Наконечный ауыл-ауылды арнайы аралап, дене шынықтыру мұғалімдерімен кездесті. Ефим Тарасовты, үржарлық Айдананы осылай тапты. Әрине, біздің оқу орнындағы тәрбиеленушілердің барлығы чемпион болмас, бірақ елдің мықты азаматы, білікті маман шықса, оның өзі біз үшін үлкен мәртебе», - дейді спорт жанашыры Владимир Кнауб.

Шығыс Қазақстан облысы,

Риддер қаласы

Суреттерді түсірген Мерей ҚАЙНАРОВ

Суреттерде: В.Кнауб пен Н.Жотабаева шәкірттерімен, В.Кнауб, В.Кнауб және Әмір Мұратбеков, "Азия балалары" ойындарының жеңімпазы Батыржан Демеужан, Дима Масляков пен Дидар Қасенов.