– Биылғы көктемгі егіс жұмыстары ауа райына байланысты жылдағы межеден бір аптаға ерте басталуы ықтимал, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Димаш Таласбаев, – алқаптағы ылғал кеуіп кетпеуі керек, шамадан тыс ылғалды болса да онша жақсы емес. Топырақтың қалыпты деңгейге дейін жылынуы бар. Сондықтан мамандар үстіміздегі жылғы көктемгі егіс науқанында дән сіңіруге қолайлы мерзім мамыр айының алғашқы күндерінен басталады деген болжам айтып отыр.
Биыл облыс диқандары 4739,5 мың гектар жерге дәнді-дақылдар тұқымын сіңірмек. Оның ішінде 4306,7 мың гектары бұршақ тектес дақылдар. Ал негізгі астық тұқымы 3606,7 мың гектар жерге отырғызылады. Майлы дақылдар көлемі де жылдан-жылға ұлғайып келеді. Биыл 247,7 мың гектар алқапты құрап отыр.
Көктемгі егіске қажетті 521,4 мың тонна тұқым дайын. Алдын ала қоймаға құйылған тұқымның 80,2 пайызына сараптама жасалып, 304,0 мың тоннасы тексерілген. Тексерілген тұқымның өнгіштік қасиеті жоғары. 242,5 мың тоннасы бірінші класты тұқым болса, қалғаны екінші класты тұқымға жатады. Облыстағы аттестатталған тұқым шаруашылықтарында 66,5 мың тонна жоғары өнгіштік деңгейдегі тұқым қоры бар. Қысқа қайырып айтқанда, облыс тұқымға зәру емес. Зәрулігі көктемгі дала жұмыстарына қажетті жанар-жағармайда болғалы тұр. Мәселен, облыстың барлық шаруашылықтарына науқанды ойдағыдай өткізу үшін 73662 тонна жанар-жағармай қажет болатын болса, оның 65 000 тоннасы кепілдендірілген, арзан бағамен босатылатын жанар-жағармай. 29031 тоннасы жеткізілген. Шаруашылықтар көктемгі егіс мерзімі тақап қалса да жанар-жағармаймен 48 пайыз ғана қамтамасыз етіліп отыр. Бұл дегеніңіз жоғарыда біз атап көрсеткен, облыстағы барлық алқаптың жартысын ғана қамтитын көрсеткіш. Ертең қым-қуыт науқан басталып кеткенде, әсіресе бірді-бірге әзер жалғап отырған шағын шаруа қожалықтары қажетті жанар-жағармайды қайдан алмақ?..
– Жанар-жағармай стансаларынан нарықтағы бағамен сатып аламыз, – дейді Жаңауыл ауылындағы шаруа қожалығының жетекшісі Құлан Болатов, – соның өзі дұрыс. Әйтпесе, арзандағанын күтіп жүргенде уақыт өтіп кетеді. Жылдағы көктемгі дала жұмыстарының кей тұстарда қожырап жатуы да осы себепті.
Екінші бір мәселе, техниканың тозығының жетуі. Ауыл шаруашылығы басқармасындағы мамандардың уәжіне қарағанда, соңғы бекітілген ережеге сәйкес 17 жылдан астам жұмыс істеген техника ғана ескірген санатқа жатады екен. Ал одан арғысы амалсыздың күнінен қаңқасын сүйретіп жүрген қаусаған техника. Қаусаған техника қауқарсыз шағын шаруаның қолында. Ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары машина техника паркін ептеп жаңартқанымен, шаруа қожалықтарының тым қымбат техника сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Бұл орайда, техникасы 86,2 пайызға ескірген Степногор қаласы мен 72,1 пайызға көнерген Аршалы ауданының ахуалы ойландырмай қоймайды. Атбасар ауданының халі де мүшкіл. Аудандағы қолда бар техниканың 62,1 пайызы ескірген. Ал Бұланды ауданында 60,5 пайыз болса, Астрахан ауданында 60,3 пайыз техника тозған.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуына қарағанда, өңірдегі жер көлемінің 66 пайызы осы заманғы жаңа техникалардың күшімен игеріледі екен. Жоғарыдағы біз келтірген деректерге қарап отырып, ақыл таразысына салсаңыз, күмән қоюлай түсетіні даусыз. Қағаз жүзінде бәрі қатып тұрғанымен, қауметіңді науқанның қатал емтиханы сынақтан өткізеді. Сол сынақтан өте алмағандықтан, жыл сайын көктемгі егіс кеш аяқталып жүр. Ел егін егіп болғанша арамшөп те бас көтермек. Агротехникалық шараларды уақтылы өткізуге де мүмкіндік азаяды. Көктемгі егіс науқаны кешіккендерді кешірмейді. Кеш егілген егін ылғалға жарымай, бүрісіп қалады. Бастануы да кешеуілдейді. Тозған техникамен тәуекелді серік етіп тырбанған диқан қауым піскен егінді уақытында жинай алмай, күздің қара жаңбырына қалып жатса, оның барлығы көктемгі егістің кешеуілдеуімен сабақтас.
Ендігі бір сойылдай мәселе, механизаторлардың жетіспеушілігі. Біз қанша індетіп іздегенімізбен, дәл қазір облысқа қанша механизатор қажет, қай шаруашылыққа жетіспей отыр деген сауалдармен ешкім бас қатырмайды. Ауыл шаруашылығы басқармасы мұндай дерек жинамайды. Кәсіптік-техникалық білім бөлімі де дәл осындай талдау жасамапты. Жергілікті жерде механизатор кадрлардың жетіспеушілігін шаруашылық басшылары ғана сезініп отыр.
– Механизатор мәртебелі мамандық болудан қалғаны қашан, – дейді Мәдениет ауылындағы шаруа қожалығының басшысы Бауыржан Молдағалиев, – өтпелі кезеңде еңбекақылары уақтылы төленбеді. Сабан-шөппен, мал жемімен берілді. Қолдарына нақты қаражат тимеген соң құлшыныс азайды. Оның үстіне ауылда механизаторға көктемде бір ай, күзде бір ай ғана жұмыс бар. Қалған он ай қол қусырып бос отырады. Сосын ешкім де механизатор болғысы келмейді. Амалдың жоқтығынан тәжірибесі кем, білімі жоқтарды да комбайнға отырғызамыз. Былтыр комбайнымның бір тетігі сынып қалды. Комбайншының айтуымен облыс орталығына үш рет барып үш түрлі тетік әкелдім. Бірі жарамады. Себебі басқада екен. Қырсыққанда дәл науқан күйіп тұрғанда төрт күн босқа тұрдым.
Әрине, көктемнің де, күздің де науқан шындап қызған кезде тәулігі түгілі сағаты қымбат. Іс тетігін шынында да кадр мәселесі шешеді. Сондықтан алдағы уақытта облыс шаруашылықтарына қанша ауыл шаруашылығы мамандары керек, олар қалай дайындалып жатыр деген мәселені мықтап қолға алатын уақыт жеткен тәрізді.
Ақмола облысы