Жұма, 23 қараша 2012 7:03
Екі баланы қамқорлықтарына алған отбасы иелеріне бүкіл ауыл риза
Аружан мен Әлиханның бал-бұл жанған жүздерін көрген сайын Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның: «Тіршілікті тірілтіп тұрған мейірімділік» деген сөздері ойыма оралады. Көктен төгілген сәулеге жапырағын жайып, айналасына хош иісін шашатын гүл іспеттес маңайына жылылық ұялататыны бар екі жасөспірімнің. Бұл – бүгінгі көрініс. Кеше…
Жұма, 23 қараша 2012 7:03
Екі баланы қамқорлықтарына алған отбасы иелеріне бүкіл ауыл риза
Аружан мен Әлиханның бал-бұл жанған жүздерін көрген сайын Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның: «Тіршілікті тірілтіп тұрған мейірімділік» деген сөздері ойыма оралады. Көктен төгілген сәулеге жапырағын жайып, айналасына хош иісін шашатын гүл іспеттес маңайына жылылық ұялататыны бар екі жасөспірімнің. Бұл – бүгінгі көрініс. Кеше…
…Өмір соққысы жас жүректерді ерте жаралады. Олар асқар таудай-әкесі мен қайнар бұлақтай-шешесінен ерте айырылды. Тағдырдың қатал сынын бірге көтеріскен ет бауыр жақындары –Төкен Қасабеков пен Әлия Малтабарова осындай қасіретті күндері оларды бір сәт те назардан тыс қалдырған жоқ. Қолдарынан келген көмектерін аямады. Екеуін де қамқорлықтарына алып, әкелерінің орнына әке, шешелерінің орнына шеше болуға тырысып бақты. Туған балаларынан бір де кем көрмей, қолдарынан келгенше шапағаттарын тигізуге тырысты.Осындай шынайы жанашырлықтың арқасында Аружан мен Әлихан бастарына түскен, тағдыр салған ауыртпалықты қайыспай көтеріп, қатар құрбыларынан кем болмай, тал шыбықтай жайқалып өсіп келеді. Екеуі де жақсы оқиды. Аружан тек сыныбының ғана емес, бүкіл мектебінің мақтанышы. Ол биыл оқу озаты ретінде жалпыға бірдей міндетті білім беру қоры есебінен Текелі қаласындағы «Эдельвейс» спорттық-сауықтыру лагерінде демалды. Сонан кейін де қамқоршылары Әлия мен Төкен өз қаражаттарынан 70 мың теңге төлеп, Алакөлге апарып, тынықтырды. Әлихан биыл мемлекеттік грантты жеңіп алып, Алматы энергетика және байланыс институтына оқуға түсті.Екеуінің де Қасабековтер үйінде өздеріне бөлінген арнайы бөлмелері бар. Екеуіне де бір-бір компьютер сатып алып берген.Үйлерінен көтеріңкі көңіл күймен шығып бара жатқанын көрген көршілері оларға қашан да сүйсіне қарайды. Өз балаларынан кем көрмей тәрбиелеп, өсіріп жатқан Төкен мен Әлияға да олар шексіз риза. Осылай Аружан мен Әлиханға көрсетіп отырған қайырымдылықтары бүкіл ауылға үлгі-өнеге болуда.Олар қос шынарға мейірімдерімен өмірге деген құштарлық, құрбы-құрдас, қоршаған ортасына деген шексіз махаббат сыйлады. Бауырмалдылығы бір бөлек. Кішіпейілділігі мен көпшілдігі Төкен мен Әлияны ауыл аймақтары арасында, тіпті, сүйкімді етіп көрсетуде. Ал, Аружан мен Әлиханға жасап отырған жақсылықтары арнайы сөз етуге тұрарлықтай… Олар үшін өмір де осылай жас өскіндерге жақсылық жасаумен мәнді де маңызды тәрізді…Сарқыт САЙЛАУБАЕВА,ұстаз. Алматы облысы,Балқаш ауданы, Бақанас ауылы.