Сейсенбі, 13 наурыз 2012 7:45
Былтыр Оңтүстік Қазақстан облысының бір қызы шетелдік азаматқа ұзатылды. Күйеу бала Шымкентке келіп, пәтер жалдап қарындасымызбен бірге тұрды. Ата-анасы рұқсат бергеннен соң еліне алып кетті.
Махаббаттары мықты. «Егер үйлене алмасақ, ғұмыр бойы жалғыз өтеміз», деп серттесіпті. Жылап-еңіреп отырған қызының көз жасына көңілі жібіді ме, кім білсін, анасы ақыры батасын берді. Алыстағы қарындастың ахуалын біле алмадық, алайда қазір шетелдіктерге күйеуге шығуға құмар қыздар көбейіп кеткені жасырын емес.
Сейсенбі, 13 наурыз 2012 7:45
Былтыр Оңтүстік Қазақстан облысының бір қызы шетелдік азаматқа ұзатылды. Күйеу бала Шымкентке келіп, пәтер жалдап қарындасымызбен бірге тұрды. Ата-анасы рұқсат бергеннен соң еліне алып кетті.
Махаббаттары мықты. «Егер үйлене алмасақ, ғұмыр бойы жалғыз өтеміз», деп серттесіпті. Жылап-еңіреп отырған қызының көз жасына көңілі жібіді ме, кім білсін, анасы ақыры батасын берді. Алыстағы қарындастың ахуалын біле алмадық, алайда қазір шетелдіктерге күйеуге шығуға құмар қыздар көбейіп кеткені жасырын емес.
Мұны біз өркениеттің өлшемді өрісі тұрғысынан қарастырғалы отырған жоқпыз. Басты гәп қыздарымыздың байлық пен атақ үшін бәрін де тастап жүре беретінінде. Сонда ұлттық намыс, ата-бабалар салт-дәстүрі қайда қалмақ?
Ги де Мопассанның «Жезөкше» атты патриотизмге толы әңгімесі бар. Кәдімгі жезөкше. Ол үшін қалтасы қалың адам болса жеткілікті. Тегіне, жасына қарамайды. Күндердің күнінде кезекті клиентін күтіп отырғанда екі ел арасында көтеріліс бұрқ ете қалады. Жаңағы жезөкше де бәрін тастай салып, ұлт намысы үшін қолына ту ұстап, көтерілісшілер қатарына ұрандатып қосылып кетеді. Өзінің кіндік қаны тамған жерді, отанын, атамекенін қорғауға жұрт жиіркене қарайтын жезөкше де жанын пида ете алады екен. Мұны енді ұлтжандылық, елжандылық, отансүйгіштік демеске тағы да шара жоқ. Отан-Ана шақырғанда ешкім де сылтау-себеп айтып, үйінде бұқпантайлап қала алмайды. Рух мықтылығы деген осындай-ақ болар.
Біздің қазақ қыздарында осы рух мықтылығы, ұлттық намыс қай дәрежеде? Әрине, барлығына бірдей топырақ шашудан аулақпыз, бірақ көрінгеннің қолындағы қуыршағы болып жүрген кімдер? Қазақтың қаракөздері. Қайсыбіреулердің айтуынша, мына Алматының өзінде ғана бір жылдың ішінде 300-ге жуық қазақ қызы қытай азаматына тұрмысқа шыққан көрінеді. Бүгінде елімізде 30 мыңнан астам қытай азаматы тұрады екен. Өз елінде адам өсімін шектеу туралы саясатқа байланысты отбасында бір баладан артық перзент сүйе алмайтындықтан, Қазақстанның ыстық құшағына келіп құлаған құдайы қоңсыларымыз қарындастарымызға қырғидай тиіп жатыр. Тұрақты тіркелу үшін олардың кемпір болса да жар етіп алудан тайынбайтынын біз бүгін естіп жүргеніміз жоқ.
Алматыдағылар енді әке-шешелерінің, бауырларының ортасында шығар. Ал шалғай, жер шарының басқа түкпір-түкпіріне кеткен қандастарымыздың халі нешік?
Қалқатайлар қорықпасын, бірер мысал қарастырайық. Былтыр «Болашақ» бағдарламасы бойынша Австралияда оқып жүрген 22 жастағы Сағынай деген қызды азаматтық некедегі күйеуі пышақтап өлтірді. Оның денесі 1 қазан күні Австралияның Бристен қаласынан табылады.
Сағынайдың сүйіктісі Тайландтың тумасы болып шықты. Ол азаматтық некедегі келіншегіне өлтіргенге дейін де талай зорлық-зомбылық көрсеткен көрінеді. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі оның соңында қалған үш айлық нәрестесін нағашыларына әпере алмай көп әуреленді. Сағынайдың анасы шетелде қызынан қалған қарашығын бауырына басқысы келген. Тайдан тараған жиен туыс болып кетсе жарады. Менің өз елім бар деп ертең жер тепкілеп отырса ше?!
Күні кеше «КТК» телеарнасынан көңіл күңірентерлік тағы бір келеңсіздікті құлағымыз шалды. Палестина азаматы Қазақстанға кәсіп іздеп келіп, 18 жыл бойы тұрыпты. Фатима деген қызға үйленіп, бір ұл, екі қыз сүйіпті. Жұптары «жарасқан» интернационал отбасының жұбайлық ғұмырлары осылай жалғаса берер ме еді, кім білсін, таяуда күйеу жігіт табан астында түс көргендей бұзылып сала берген.
– Анам ауырып жатыр екен, барып көңілін сұрап қайтайын, – депті ол құдай қосқан қосағына.
Анасы ауырып жатса, оның жолына кім кесе-көлденең жатып алады. «Барып кел, бізден сәлем айт», деп Фатима ханым қала береді. Екі қызын анасы мен туыстарына көрсетіп қайтпақ болған күйеу сол кеткеннен мол кетеді. Палестинаға бару үшін екі рет жолға шыққан Фатиманың тауы шағылып кері қайтқан. Сөйтіп, айдың, күннің аманында Фатима бауыр еті балаларынан тірідей айрылып отыр екен.
Енді алыс Америкадағы тағы бір оқиға еске түсіп отыр. Осында оқу іздеп келген бір қызымыз азаматтық некедегі күйеуіне болысамын деп адам өлтіруге қатысып, ақыры түрменің төрінен бір-ақ шықты. Сондағы азаматтық некедегі оның күйеуі өзінің көңілдесін өлтірген. Біздің қыз соны көмуге күрек әкеліп берген. Сол күрек кесір болып кезігіп, темір тордың азабын айтарлықтай тартып жатқан сияқты.
Осыдан 15-16 жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысында тәп-тәуір қызмет істеп жүрген Луиза деген көгілдір көзді күлімкөз интернет арқылы шет елден сыңар тауыпты деп естігенбіз. Көп ұзамай-ақ ол үй-жайын сатып Австралияға жедел аттанды. Артынша «бақыттымын» деген хабары келді. Күйеуі оған шетелдік сүліктей автокөлік мінгізіп қойыпты. Осы тұста бізге шетелдік көлік таңсық болды-ау шамасы, әлгі суретке сұқтана, қызыға, құмарта қарасты қаракөз қарындастарымыз. Сірә, көпшілігі шетелдік күйеуге шығуды армандап та қалды-ау деймін. Содан шығар, Луизамен бірге қызмет істеген Әбдімәлік Белгібаев деген жігіттен оның тағдыры жайлы сұрастырушылар көбейді. Көпшілігі қыз-келіншектер. Сол Әбдімәлік кейіннен: «Басында Луизаның өзі де жасырып жүрді. Алайда ішқұса боп жүр екен, шындығын өзі айтты. Әлгі азамат мұны шақырып алғанымен, заңды некеге тұрмапты. Оның әйелі, бала-шағасы бар болып шыққан. Сірә, Луиза қызметке де тұра алмаған-ау. Олар бұл жақтың дипломын мойындамайды дейді ғой. Иә, оның тағдыры сондай», – деді.
Енді бір қызымыз айды аспаннан шығарғысы келген болар, Біріккен Араб Әмірліктеріне кетті. Күйеуі шіріген бай десті. Анау деді, мынау деді. Соңыра білдік, бұл қызымыздың да маңдайының бағы ашылмапты. Мұнда күң ретінде ұстайды екен. Ал зәулім сарайда әлгі шейх әйелімен, бала-шағасымен тұрады деседі. Алдамшы сезімнің арбауына түскен қарындастарымыздың тағдыры тым аянышты көрінеді.
Иә, өз ұлтыңдай қайдан болсын. Жат жұрттың тілі де, діні де, әдет-ғұрып, салт-санасы да басқа. Оларды толық меңгеріп алғанша шыдам да шағылады. Екіншіден, олар жатжұрттық сені қалай қабылдайды. Келімсек күйеу қолына қондырғанша, діттегеніне жеткенше уәдені үйіп-төгіп аямай берер. Қазақстаннан қақпайлап алып кеткеннен соң оның көз жасыңды көруі екіталай емес пе?!
Қазақта төркін деген бар. Қыз сол төркінге жиі барып тұруы тиіс. Шалғайда, өз ортасынан жырақта мұңын кімге барып шағады? Кімге сырын айтады? Шалқыған дәулет пен жайлы төсек үшін арланбастан шетелдіктің жетегінде кететін күлімкөздеріміз неге осыны ойламайды?
Арыға ұзамайық. Мына ала шапанды көршілерге кеткен бір қарындасымыздың жайы да мәз емес. Отырса опақ, тұрса сопақ, күн көрсетпеген. Тіпті қол көтерген. Жап-жас келіншектің соққыдан миы шайқалған.
Міне, «қандас, тамырлас, туыс» деп барған жеріміздің өзі осындай. Басқалар бойжеткендерімізді қаншалықты бақытты ете алады? Басқа жұрттың босағасынан бойжеткен бөтен қораға кіріп кеткен қой сияқты теперіш көреріне талас жоқ. Жігітті жақсы көріп жар болғанымен, түптің түбінде ұлтына деген сағынышы оянып, ғұмыр бойы жүзін мұң кіреукелеп өтерін кім де болса жақсы сезінсе дейміз.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ.
ШЫМКЕНТ.