• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Маусым, 2012

Табалдырықтағы тамұқ

507 рет
көрсетілді

Табалдырықтағы тамұқ

Сәрсенбі, 6 маусым 2012 7:18

Марат балалары ұйықтап жатқанда таң қараңғысынан тұрып мал жайлауға шы­ғады. Он екі жастағы үлкен ұлы Дархан естияр болып қалған, оған бір жарым жастағы Ислам мен екі жарым жастағы Әлішер ояна қалса қарауды түнде-ақ тапсырып қойған. Дархан бесінші сыныпта, Сұл­тан үшінші, Айсұлу екінші сыныпқа барады. Мектеп соңғы айда төменгі сынып оқу­шыларын түстен кейін оқытатын болған. Маратқа бұл да көмек болып тұр. Балалар таңғы ұйқыда жатқанда малын емін-еркін жайлап алады.

Сәрсенбі, 6 маусым 2012 7:18

Марат балалары ұйықтап жатқанда таң қараңғысынан тұрып мал жайлауға шы­ғады. Он екі жастағы үлкен ұлы Дархан естияр болып қалған, оған бір жарым жастағы Ислам мен екі жарым жастағы Әлішер ояна қалса қарауды түнде-ақ тапсырып қойған. Дархан бесінші сыныпта, Сұл­тан үшінші, Айсұлу екінші сыныпқа барады. Мектеп соңғы айда төменгі сынып оқу­шыларын түстен кейін оқытатын болған. Маратқа бұл да көмек болып тұр. Балалар таңғы ұйқыда жатқанда малын емін-еркін жайлап алады. Сиырлардың тезегін атып, барлық малға шөп салғанша уақыт та сусып, ай-жай болып қалады. Қорадан шыға шошалаға бұрылып, бұ­тал­ған отынын, бір шелек көмірін қолына іле үйге кіреді. Дә­лізден балаларының бірімен бірі шақыл­дасып, күліскен дауысы естіледі. Әлжуаз Әлішер мен Исламды Дархан кезек көтеріп жүреді. Есіктен кірген әкесіне балалары құстың балапанындай шүпірлей қарайды. Ол балала­рының таңертеңгі тама­ғын беруге кірі­седі. Глазунов ауылындағы Марат Салма­ғанбетовтың әр таңы осылай атады.

Ол қытымыр аяз сынып, күннің қызуы бірте-бірте күш алған кез еді. Әлі-ақ сай-саланы суға толтырып, қар да ерір, бусанып табиғат та оянар. Бірақ Мараттың үйіне кіріп кеткен суық шығар ма екен?.. Міне, әйелі Ольганың балаларды тастап кеткеніне жарты жылдай болды. Ең кішісі Ислам анасынан бір жаста қалды. Үш ай ғана емізіп, жасанды тамақ берген соң, бала да ауру­шаң. Желтоқсан айында Сұлтан мен Әлі­шер­ге тұмау тиіп, сабынға салған сүйектей бозарып, екі баласының да құлақтары қалқиып, құр сүлдері ғана қалды. Ішегін сүйретіп ойнайтын бала емес пе, күндіз алданғанмен, түнге қарай екеуінің де ыстығы көтеріледі. Таң атқан­ша олармен бірге Марат та көз ілмейді.

– Балаларды дәрігерге көрсетіп, дәрі-дәрмегін бергенмен тұмау әлсіретіп жі­берді. Өзім дұрыс күте алмай жүрмін бе, әйтеуір анасы ғой деп, оған телефон шалып, балалардың ауырып жатқанын айттым. Оля келуін келгенмен, ауырған екі баланың жағдайын жасауды, оларды күту­ді ойламады. «Балалар ойнап жүр ғой, неге шақырдың?» деді де, келген күні кешке кетіп қалды, – дейді Марат түңіліп.

Ольга мен Марат Салмағанбетов­тердің шаңырақ көтергеніне он екі жыл болған. 90-шы жылдары Глазунов ауылына Марат ағайындарымен, анасымен Науырзым ауданынан көшіп келген. Қостанай ауданына қарайтын бұл ауыл Қостанай қаласына да жақын, қырық шақырымдай ғана жерде, жолдың бойында жатыр. Ол кезде Марат жиырманың үстіне жаңа шыққан жап-жас жігіт, ал Оля он жетіге енді толған бойжеткен болатын. Екеуі бірін бірі ұнатты, қол ұстасты. Сан ұлт­тың өкілдері аралас-құралас тұрып жат­қан ауылда олардың шаңырақ көтер­генін, Ольга Козлованың Салмағанбетов­тердің отбасына келін болып түскенін ешкім ерсі көрген жоқ. Тек Глазуновта бұрын­нан тұратын, Козловтармен сырал­ғы жандар сүйкімді Оляның жасты­ғына, тәрбие­лі отбасына барып жатқанды­ғына іштей үміт артқан. Маратының шеші­міне әуелде қарсы болған анасы Гүлбану шешейдің де Оля келіні ұлдатып бергеннен кейін көңілінде ешнәрсе қалмаған еді. Үлкен ұлы Дарханды бауырына салды, қалған немерелерін де жанындай жақсы көреді. Ауылда өскен, шаруаға мығым Марат өзінің жас отбасын дөңгелетіп әкетті. Қораны малға толтырды, маңдай терімен тапқан табысына жүк машинасын сатып алды. Ауылдағы шаруашылықта күзетші болып істегенде ай сайын азды-көпті ақша­сын уақтылы алып тұрды. Малы­ның жем-шөбін көлігімен өзі тасиды, арасында ауылдастарына да отын-суын тасып беріп, ақысын алады. Марат жұмыс таңдаған жоқ, соның арқасында дастарқаны мол болды, бес баласын да, әйелін де тамақ пен киім­нен тарықтырған жоқ. Көршілерінің айтуынша, Марат үйінде де бір тыным таппайды. Оля босанған, баладан шыға алма­ған сәттерде сиырды да өзі сауып, кірді де жуа салады. Тұрмысын жақсартқысы әрі өсіп келе жатқан балаларына ақша еркін жетсін деп, әйелі екеуі ақылдаса отырып, жеңіл машина сатып алды. Оны Оляға мінгізіп қойды, ол қала­ға такси ретінде ауылдастарын тасып, ақша тапты. Осы машинамен бірге бес баланың анасының көңіліне желік бітеті­нін Марат кеш түсінді…

– Оля екеуміз отасқалы бергі уақыттың оншақты жылында жаман тұр­ғанымыз жоқ. Анау-мынау кемшілік кімде болмайды, оның үйге салақтығына, ақшаның бетіне қарамай жұмсайтынды­ғына кешіріммен қарадым. Әйелімнің өзімнен оншақты жас кішілігін де еске­ріп, балалар өссе оған да ақыл кірер, ана ғой деп ойлайтынмын. Балаларымды тәр­биелі етіп өсіріп, оқытуды армандайтынмын. 2009-жылдан бастап үйге жылан кіргендей, берекеміз кетті,–дейді Марат. Әйелі кішкентайларын сабап, жаман сөздер айтып ұрсатынды шығарды. Үйді жинауды, балаларын тамақтандыруды, жуындыруды жас әйел тау құлатқандай қиын­сынады, өзі үйде жүргенмен, көңілі далада екені әр ісінен байқалды.

Азаматтың басы қатты. Әйелдің бір жөні болар дегенмен, бес баланы қайт­пек? Өзі қолымен көтерген шаңырағын бұзу туралы ойлағанда жүрегі мұздады, ал әйелінің мінезі ай емес, апта, күн өткен сайын өзгере берді. Таңертең бес баланы үйге тастап, «таксилетіп» қалаға кеткен әйел 5-6 сағатта әрең оралатын болды. «Мынау тұрған қалаға осыншама уақыт кететіндей не болды?» – деген Мараттың сұрағына Оляның айтпайтын сылтауы жоқ. Үйде күтімсіз балалары ауыра бастады. Кішкентай Әлішер мен Ислам кезек-кезек ауырды. Ақыры қазан айында кішкентайымен ауруханаға түсті. Екі аптадан кейін үйіне келген Оля балаға да, үйіне де қарамай, тыпыр етпестен төсекте үш күн жатып алды. Осы үш күн Марат пен әйеліне жолайырық болды, олардың енді жолы қосылмайтындығына Мараттың көзі бір­жолата жеткендей болды. Ольга өз өмірінде өзге адамның пайда болғанын да күйеуінен жасырмады. Төр­тін­ші күн дегенде аурушаң Әлішерді алды да, үнсіз кетіп қалды. Үш күннен кейін ауру баланы әкеп тастап, біржола кетті. Ананы балаларының оқуы, тамағы, аурушаңдығы – ештеңе де ойландырмады. Сол кеткеннен Оля үйіне қайтып оралмады.

– Үйге бір жігіт дамылсыз телефон шалатын. Нөмірін анықтап, оған қайта телефон соқтым. Анасымен сөйлестім. Қос­танай қаласының іргесіндегі Заречный поселкесінде тұрады екен. Әлгі әйел Оль­ганың өткен жылдың жаз айларынан бері өзінің баласына келіп тұратынын, енді онымен тұрып жатқандығын айтты. «Мен ұлымның өміріне араласпаймын, ол мені тыңдамайды да. Ал мына әйелден мен шаршадым, оның бес баласы, отбасы бар екенін де білдім, талай рет арын оятып, үлкендік ақылымды да айттым, ұрысып та жібердім. Үндемейді де, білгенін істей береді» деп күйінді жігіттің анасы маған. Қазір мен де Оляның ендігі өмірін жылы жауып қойғанмын, тек бір-ақ мақсатым бар. Ол – балаларымды өзім өсіру. Сол үшін сотқа арыз беріп қой­дым, – дейді Марат.

– Мектепте құрылған әлеуметтік мәсе­лелер жөніндегі комиссия мүшелері ай сайын ауылдағы көп балалы және әлеу­меттік аз қорғалған отбасыларын аралап, қалай тұрып жатқанын, үйде бала­ның оқуына қандай жағдай бар екендігін өз көзімізбен көріп қайтамыз. Салмаған­бетовтер бұрын да көп балалы отбасылар­дың тізімінде тұрғандықтан ол үйде талай болғанбыз. Біз барған сайын Марат не кір жуып, не қамыр илеп, Дарханы мен Сұл­танын жанына алып, тұшпара түйіп, салаттарын дайындап жатады. Үйі тап-таза, жылы, ұядай. Оля барда үй мұндай таза болған емес, – дейді мектептегі комиссия мүшесі Ләззат Күнтуарова.

Енді көктем келді, ер азамат жұмыс істемесе балалардың нәпақасы қайдан табылады? Маратты осы жағы да ойландырады. «Атадан алтау туғанмен, әр пендеге бір жалғыздық» деген емес пе? Бірге ту­ған бауырлары ептеп көмек береді, бірақ олардың өз бала-шағасының, өз отбасы­ның тауқы­меті тек Мараттың жағдайын ғана ойлауға мұрша бере бермейді. Сексеннен асқан жасына қарамай, жүйке ауруынан зардап шегетін қызын бағып отырған анасы Гүл­бану әженің де Марат­тың балаларына қарауға шамасы жоқ. Ауру қызы үшін ол балаларынан бөлек тұра­ды, қайран ана мүмкіндігінше немере­леріне зейнетақысы­мен көмектеседі.

Сүттей ұйып отырған бір отбасының түңлігін жел ұшырып, шаңырағы шайқалды.

– Есі кіріп қалған Дархан, Сұлтан, Айсұлу шешесінің тастап кеткенін біледі. Алғашқы күндері «ол неге кетіп қала бере­ді, бізге неге тамақ пісірмейді?» деп сұрап жүрді. Қазір «папа, ол келмей-ақ қойсын, сен бәрін де істей аласың ғой» дейді. Ал бір жарым жастағы Ислам айлап көрме­геннен кейін анасын ұмытып та қалған сияқты, Әлішер ғана ауық-ауық мамалап іздейді. Әйелімнің аз уақытта аналық сезімнен ада болғанына таңқала­мын. Бала жылап түн бойы ұйықтамай шыққанда ананың еңбегінің ауырлығын да, қасиетті­лігін де сезіне түскендеймін. Бес баламды тамақтандырып отырып, «сендерге ананың орнын жоқтатпауға шамам келе ме?» деп ойлаймын. Жақында әйеліммен некеміз бұзылады, отбасы түгел болмайды. Ертең өскенде қызым­ның да, ұлымның да бетіне анасы салық болатынын ойлағанда жүрегім ауырады. Мен аман болсам балаларымның кірпі­гіне кір жуытпаспын, тамағын, киімін кенде етпеймін. Бірақ бес балапанымның кішкентай жүрегіндегі кірді қалай жуамын?.. – деп қиналады Марат.

Бізге Ольгамен кездесудің сәті түс­педі. Мараттың айтуынша, ол Қостанайда «қыз­ы­ғы басылмай, қыдырып жүргенге» ұқсайды. Ілуде бір хабарласа қалса қайда жүріп, қайда тұрғанын айтпайтын көрі­неді. Мараттың сотқа материал жинаға­нын ұзын­құлақтан естіген болуы керек, «мен балаларды әлі тастаған жоқпын, қайтадан келіп тұрамын» деп қиғылық салып кетіпті.

– Әйелімнің менен көңілі суығанымен ол балаларға жақсы қарап, аналық парызын ұмытпағанда, үйді де, балаларды тастап өзім кетер едім. Мұны өзіне де айтқанмын. Бө­лек тұрғанмен азық-түлі­гін, киім-кеше­гін беріп тұрар едім. Бірақ менің балаларым анасына керек болма­ғанда оған келген еркектерге керек пе? Мен перзент­терімді әркімге жәутеңкөз етіп қоя алмаймын, осылармен бірге өлемін, – дейді Марат. – Сондықтан мен енді Оляға сене алмаймын.

Мұхаммед пайғамбар хадисіндегі «Жұ­мақ ана табанының астында» сөзінің ақиқаты осы екен. Әйел азғындығынан тек шаңырақ шайқалып ғана қойған жоқ, бес баланың, әкесімен алты, Оляның өзі­мен жеті адамның тағдыры таразыға түсті. Ана жұмаққа емес, тамұққа бастап кеткендей. «Жетім қозы – тасбауыр, түңі­лер де оты­ғар» дегендей, анасынан күдер үзген бес бала әкесінің қамқорлығымен ертең-ақ ержетер. Бірақ күннің шуағы жетпеген гүлдің ажарындай көңілдері орта болып өсетін олардың жүрегінде биылғы қыстың ызғары қалып қояды-ау…

– Қазір қолымызда балаларын Марат­тың әйелі сияқты тастап кеткен аналар­дың нақты статистикасы жоқ. Дегенмен, әйел­дердің ішкілікке салынып, жеңіл жүріспен балаларына қарамай кететін жағдайлары жиі естілетін болды. Баласын өздері бағып отырған жалғызбасты әке­лер аз кездес­пейді. Оларға қайырым­дылық көмек те беріп жүрміз. Ана дұрыс болса, азғындық жолға түспесе тастанды­лардың қатары аз болар еді ғой,–дейді Қостанай облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демогра­фиялық саясат жөнінде­гі комиссияның хатшысы Гуля Абылайысова. Облыста тастандылардың қатары көбей­месе азай­ған жоқ. Өткен жылы облыстық сотта өзінің туған шаранасын өзі өлтірген әйелдердің ісі қаралды. Жасанды түсіктің саны жас қыздардың арасында арта түскен. Соңғы жылдары, анығырақ айт­сақ, 2009 жылы мерез ауруын жұқтырған әйелдер саны ерлермен қатар болған. Ал 2008 жылы 15 пен 17 жас арасындағы жастардың арасында мерезбен ауырған қыздар 63 пайызды құраған. Олар бола­шақ ана емес пе?

Гуля Ақылбекқызының айтуынша, облыс­та соңғы жылдары жас отбасылар арасында ажырасу үрдісі басым. Мысалы 2006 жылы 6336 жұп некеге отырса, 2553 жұп ажырасқан. Ал 2010 жылы облыста 6659 жұп отау құрса, дәл сол жылы 3010 отба­сының шаңырағы шайқалған. Оның үстіне қазіргі жастардың арасында азамат­тық неке белең алып отыр. Соның салдарынан толық емес отбасылар мен некесіз туған ұрпақ қалыптасып, ол қоғамның дертіне айналуда.Жетімін қаң­ғыртпаған, жесірін жібер­меген қазақ қоғамында қазір әке-шешесі тірі бола тұра жәутеңкөз жетім атанатын ұрпақ, яғни мамандардың тілімен айтқанда «әлеуметтік жетімдер» тобы қалыптасты. Мысалы, 2011 жылы олардың саны республикада 2318 балаға жеткен. Психологтар ананың мейірі­мін көрмеген «тірі жетімдер» өміріне қатыгездікті ғана серік ететінін айтады.

– Жастардың отбасылық көзқарасын психологиялық тұрғыдан қалыптастыру мақсатында мектеп бағдарламасына «Отба­сы­лық қарым-қатынастар этикасы мен психологиясы» атты пәнді, ал жоғары оқу орын­дарының бағдарламасына «Отбасы жә­не неке психологиясы» пәнін міндетті түрде енгізу қажет деп ойлаймыз,–дейді Гуля Абылайысова. Әрине, бұл отбасы, ана­ның орны мен міндеті, неке жауапкер­шілігі, ұрпақ тәрбиесі туралы жүргізілетін көп шараның бірі ғана. Жастарға, жас отбасыларына арналған насихаттық, тағылымдық әңгімелер мешіт­терде айтылып, жалық­тырмас тартымды жұмыстар жүрсе нұр үстіне нұр болар еді. Тәрбиенің төркіні қай халықтың да дәстүр-салтында, халық­тың педагогикасында жатыр. Оның бояуын сол­ғындатпай ұстайтын да, әр шаңырақ боса­ғасының қазығын мықтайтын да – әйел. Ана, қайда барасың, ұрпағыңды нұрлы болашаққа бастай гөр!

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

ҚОСТАНАЙ.