Сәрсенбі, 15 тамыз 2012 7:25
Марсты зерттеу қызу қолға алынды. Қытай аталған «қызыл планетаға» Цзюцюань ғарыш айлағынан «Ұлы сапар» зымыран тасығышын ұшырды. Ресейдің «Фобос-Грунт» ғарыштық аппаратының сапары сәтсіз аяқталса, ал АҚШ-тың Curiosity марстық аппараты планетаның Гейл краторы маңына сәтті қонды. Осылайша ұлы державалар ғарышты игеруге барын салуда, бірақ Жер планетасының жағдайы жайына қалғандай әсер қалдырады.
Сәрсенбі, 15 тамыз 2012 7:25
Марсты зерттеу қызу қолға алынды. Қытай аталған «қызыл планетаға» Цзюцюань ғарыш айлағынан «Ұлы сапар» зымыран тасығышын ұшырды. Ресейдің «Фобос-Грунт» ғарыштық аппаратының сапары сәтсіз аяқталса, ал АҚШ-тың Curiosity марстық аппараты планетаның Гейл краторы маңына сәтті қонды. Осылайша ұлы державалар ғарышты игеруге барын салуда, бірақ Жер планетасының жағдайы жайына қалғандай әсер қалдырады.
Жаһандық жылыну қазіргі таңда жер бетіндегі климаттың өзгеруіне алып келді. Әлгі Марсқа деген ұмтылыс болашақты ойлаумен де байланысты болар, мүмкін. АҚШ-тың зымыран тасығышы 200 миллион шақырымды артқа тастап, аппаратын қондырған «қызыл планетада» 50 градус суық болса, кейбір жерлерде ол тіпті 150 градусқа дейін барады. Ғалымдар Жерге ұқсас планетаны алыс ғарыштан да тапты, бірақ айналып келгенде ондағы температура өте жоғары болып шықты. Адамзатты құшақ жайып қарсы алатын аспан денесі әзірге табылмай тұр. Бірақ соған қарамай, адам баласы көкке ұмтылысын бір сәт те тоқтатқан емес. Бір-біріне деген үстемдігін жүргізу басты мақсат па екен, әйтеуір бірі жеткен жетістік екіншісінің дегбірін қашырып тұр. Қытай 2015 жылы айда көп модульды база құру туралы ғарыштық бағдарламасын да жария еткені бар. Сол сияқты аспанасты елі Марсты игеру мақсатында бірқатар қадамдарды қолға алды.
Жедел шақыртылған АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде сөйлеген сөзінде орталық барлау басқармасының директоры Дэвид Петрэус өз ведомствосының Қытайдың Марсты игеру бағдарламасы барлығын білетіндігін, 2012 жылдың жазында оны жүзеге асыра бастауы мүмкіндігінен үкіметті құлағдар еткендіктерін мәлім еткен. Петрэустың баяндамасынан кейін-ақ Джон Маккейн бастаған сенаторлар Президент Обамаға Қытайдың ұшырылған экспедициясын қайтаруға және де келесісінен бас тартуға көндіруді қатаң түрде талап еткен. Ол үшін тіпті дипломатиялық қатынастарды үзуге баруы қажеттігін де ескертіпті.
Ресейдің «Фобос-Грунт» деп аталған аппараты Марсқа жетпей, Тынық мұхитына құлауын кейбір сарапшылар АҚШ-тың әрекетімен байланыстырады, бірақ оған әзірге ешқандай дәлелдер жоқ. Қалай десек те ұлы державалар арасындағы бәсеке басталып кеткеніне ешкімнің дауы бола қоймас. Егер бұл ұмтылыстардың барлығы бейбіт мақсатта, адамдардың игілігі үшін жасалып жатса дұрыс қой. Ал егер өзге планеталарды игеру әскери мақсатта, онда да өзге елдерге ықпалын жүргізу үшін жасалып жатса, әрине, ойланарлық жәйт. Әлгі сенаторлардың алаңдаушылығы тегін еместігіне көз жеткізгендейсің. Аспан денелерін жайына қалдырып, енді Жерге оралсақ.
Планета климатының мұншалықты құбылуы қоршаған ортаны ластаумен байланыстырылуда. Көптеген ірі мемлекеттер әлемде өзінің үстемдігін жүргізу мақсатында өндіріс ошақтарымен қоршаған ортаны ластауын үдете түскен. Сол АҚШ-тың өзі Киото хаттамасын ратификацияламаудың астарында осындай мақсат жатқан жоқ па деген де сұрақ туындайды. Соңғы жылдары жаһандық жылыну құбылысы Жер климатының өзгеруіне, ал ол алапат дауылдардың, күшті су тасқындарының және құрғақшылықтың артуына алып келуі мүмкін деген жорамалдар айтыла бастады. Мұндай жорамалдар 1988 жылы БҰҰ бағдарламасы аясында құрылған Климаттың өзгеруі мәселелері бойынша үкіметаралық сарапшылар тобы мен Бүкіләлемдік метеорологиялық ұйымы жасаған баяндамада кеңінен келтірілген.
Үндістандық Мумбайдан, америкалық Майамиге дейінгі аралықта адамдар су тасқыны салдарынан зардап шегуі мүмкіндігі ешкімді бей-жай қалдырмаса керек. Ғалымдардың болжауынша, су тасқынынан, әсіресе, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бірқатар қалалары – Бангкок, Шанхай, Гуанчжоу, Хошимин және Янган қатты зардап шегуі мүмкін. Қазірдің өзінде Қытай, Солтүстік Корея мен Оңтүстік Кореяның су тасқыны зардаптарын тартып отырғандығын көріп жүрміз. Әсіресе, Солтүстік Корея ауылшаруашылық жерлерін тасқынды су басып қалуына байланысты жақында БҰҰ көмегіне жүгінді. Сондай-ақ өткен жылы Австралияда жауын салдарынан орын алған су тасқынынан 5 миллиард еуро зардап келгендігі белгілі. Жалпы, жыл сайын әлемдегі табиғи апаттар зардабынан болатын шығынды сарапшылар 80 миллиард доллар деп бағалап отыр.
Ғалымдар климаттың өзгеруін қоршаған ортаның ластануымен қатар, ормандардың оталуымен де байланыстырып келеді. Қазір әлем бойынша орман ағаштары көптеп оталуда. Сондай өндірістік мақсатта қиылып жатқан ормандардың бірі Амазонка талдары екені. Адам қолымен шабылған орман құрғақшылыққа соқтырып жатыр. Мысалы, 2005 жылы құрғақшылықтан өзендер кеуіп, орманның 30 пайызы қурады. Бұл соңғы 60 жылдағы ең зардапты саналады. Негізінен құрғақшылықты Атлант мұхитындағы судың температурасымен байланыстыруда. Мұхит суының қызуы ылғал бағытының өзгеруіне алып келген.
Құрғақшылық демекші, Қытайдың солтүстігіндегі шөлдің аумағы соңғы 20 жылда айтарлықтай кеңейе түскені де алаңдатарлық. Мұнда жауын-шашынның сиреуі салдарынан жел жердің құнарлы қабатын ұшырып әкетіп, құм мен топырақтың дауылын тұрғызып келеді. Сондай құмды дауыл тіпті Бейжің қаласына да жеткені. Австралия фермерлері құрғақшылық салдарынан қатарынан 6 жыл бойы егіннен қажетті өнім ала алмай отыр. Еуропадағы 2003 жылы жаздың тым ыстық болуын ғалымдар сирек кездесетін құбылыс ретінде бағалады. Олардың пайымынша, мұндай құбылыс 200 жылда бір рет орын алады екен. Алайда, жаздың мұншалықты ыстық болуы алда екі есеге өсіп, 2040 жылы әрбір екінші жаз осылайша қалыптаспақ.
Алысқа бармай-ақ биылғы қысты еске алайықшы. Жаһандық жылу салдарынан бұған дейін мамыражай климат саналатын Еуропа құрлығында қыс тіпті де қатал болды. Мәселен, солтүстік-шығыс жақтан келген суық жел Пиренейге дейін жетіп, Францияны әбігерге салып қойды. Римде қар қалың түсіп, Венеция каналдары қатып қалды. Ал Балқан түбегінде қар деңгейі 4 метрге жетіп, 22 градус суық болды. Мұндай суыққа үйренбеген сол Еуропада 450 адам қаза тапты. Негізінен Еуропада қыс қаңтар айында күш алып, қар жауатын. Исландияда төмен қысым аймағы қалыптасып болған соң, ол Азор аралдарындағы ауаның жоғары қысымымен араласып, Еуропа жазығына жел ағының жасайтын. Бұл өз кезегінде шығыс циклонының Арктиканың суық ауасын алып, қардың жаууына ықпал етуші еді. Жағдай биыл күрт өзгерген сыңайлы. Балтық мен солтүстік теңіздердегі температура жоғары болғандығы анықталған. Соның салдары болса керек, жылы ауа райына үйреніп қалған Алжир, Марокко және Тунис тұрғындары да биыл қыстың қаһарын қатты сезінді.
Альфред Вегенер атындағы Полярлық зерттеулер институтының және Гельмгольц Жерді зерттеу орталығы мамандарының пайымынша, мұздақтардың аздығы мен су температурасының жоғары болуы ауа айналымының қалыпты ағынына өзгеріс алып келген. Зор қуаты бар жылы су ауаны жылытып, ол жоғары көтеріледі. Қалыпты жағдайда солтүстік теңіздер мұз құрсанып, оған жол бермейтін. Ауа ағынының өзгеруі себептері туралы әлі нақты болжам жоқ. Ал Рэдинг британдық университетінің ғылыми қызметкері Майкл Блэкберн қыс және жаз мезгілдерінде жоғары ауа ағынының тоқтап қалуын анықтаған. Британдық ғалымдар әлгі теорияны зерттей келгенде, Батыс Еуропада шынымен де жоғары ауа ағыны сағатына 150-200 шақырымнан 30 шақырымға дейін төмендеп кеткендігін байқапты. Ғалымдар мұны күн белсенділігінің төмендеуімен байланыстырады. Британиядағы соңғы 350 жылдық мәліметтерді салыстыра келгенде, ғалымдар күн белсенділігінің төмендеуімен Жердің стратосферасы қызбай, ол өз кезегінде батыстан жылы да ылғалды желдің келуіне ықпал етпейтіндігін анықтаған.
Жақында Гренландияның мұздықтары ери бастады деген жайсыз хабар тағы шықты. Арктика мұздықтарының сиреп, теңіз деңгейлерінің көтеріле бастағандығын ғалымдар жиі айта бастады. Орталық Азияда да тау бөктеріндегі мұздықтар көлемінің біртіндеп болса да кеміп келе жатқандығы талай жазылды да. Әсіресе, бұл Қырғыз тауларында ерекше байқалған. Осының барлығы адам қолымен жасалып отыр ма, әлде Күннің құбылмалы белсенділігімен байланысты ма, ол жағы әзірге белгісіз. Белгілісі, ірі мемлекеттердің Марс сияқты кені мол болуы мүмкін планеталарды игеруге қызу кірісуі. Адамзатты да осы ашкөздік құртпаса игі еді деген ой біздікі. Үндістанның жерінде атом бомбасы жарылғаннан кейінгі қалатын белгілер табылған. Алайда, ғалымдар оның жөнін түсіндіріп бере алар емес. Мүмкін адамзат осыған дейін де даму шегіне жетіп, атом бомбасынан зардап шекті ме, жоқ әлде бұл қарапайым табиғаттағы құбылыстар ма, оны әлі ешкім тап басып айтып бере алмай отыр.
Әрине, табиғаттың мұншалықты өзгеруіне жер үстіндегі емес, астындағы шикізатты да барынша игеру әсер етері түсінікті. Адамзат өз даму сатысында одан бас тартпайды. 2050 жылы Жер шарындағы адамдардың саны 9 миллиардқа жететінін ескерсек, онда адамзатқа жаңа кеңістіктерді игеру уақыт талабына айналуда. Мысалы, жақында ғана халқының саны 80 миллионға жеткен Иранда бала тууға шектеу қою нормасын алып тастағаны белгілі болды. Рухани көсем саналатын Аятолла ирандықтардың саны 150 миллионға жетуі тиіс дегенді айтыпты. Солтүстік көршіміз – Ресейдің өзінде 140 миллион тұрғыны бола тұра «бізде демографиялық ахуал нашарлап барады» деп бала тууды барынша қолдап отыр. Баланың өмірге келуімен бір рет төленетін жәрдемақыны 8 мың долларға жеткізіп, қазір жер учаскелерін тегін беруді қолға алды.
Қытайдағы қайбір табиғи апаттан кейін кейбір провинцияларға екі-үш баладан тууға рұқсат етілді. Қазір қытайлықтардың саны 1 миллиард 300 миллионның үстінде. Бір еуропалық ғалым Жер мұншалықты көп адамды асырай алмайды, сондықтан үнемі ашаршылық пен соғысты тоқтатпай жүргізіп отыру керек дегенді айтқан екен. Әрине, әлгі ғалымның сөзінде шындық та жатуы мүмкін, бірақ қазіргідей ақпарат дамыған заманда елді аштықта ұстап, соғысты үзіліссіз жүргізіп отыру әбестік болар еді. Оның үстіне қазір адамдар соғыс пен ашаршылық орын алған жерлерді тастап, өркениетті елдерді сағалай бастады. Олар үшін қойылған кедергілер әртүрлі жолдармен айналып өтілуде. Адамдар тіпті табиғи апаттардан аман қалудың жолдарын да меңгеріп алды. Мысалы, Бангладеште 1970 жылы орын алған онша күшті саналмайтын тропикалық циклоннан 300 мың адам мерт болса, бірқатар кешенді шаралардан кейін 2007 жылғы апатта бар-жоғы 4,2 мың адам опат болыпты.
Әлгі Марсқа сапар жасаудың қаншалықты қажеттігін осындайда түсіне бастайсың. Иә, жер қойнауы барынша тоналуда, бірақ оған қарсы тұрар амал бар ма? Әр билік өз халқының мүддесінен шығуға тырысатынын ескерсек, бұл тоқтамайтын құбылыс. Алда не күтіп тұрғанын ешкім де дөп басып айта алмайды. Сондықтан климаттың өзгеруі адамзатты толғандыруы тиіс.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».