Сәрсенбі, 26 қыркүйек 2012 7:06
Мен бір аяғы жоқ мүгедек болсам да қолымнан күрегім түспеген, шаруадан қол үзе қоймаған, дүние-мүлкім бір басыма жететін, ата-бабамнан қалған қара шаңырақ, төрт бөлмелі үйге ие болып отырған жан едім. Алланың бұйыртпағаны шығар, біраз жасқа келгенше үйленіп үй бола қоймадым. Осынымды пайдаланған алаяқ Тастанова Карима деген әйел біздің ауылға, менің көршімнің үйіне келіп жүрген болып, ақыры көрші-көлемі бар, азғырып сол әйелге мені үйленіп тындырды. Әрине, азғырды дегенім артықтау шығар, бірақ елуден асқан жасымда оңайлықпен үйлене қоюым да қиын еді.
Сәрсенбі, 26 қыркүйек 2012 7:06
Мен бір аяғы жоқ мүгедек болсам да қолымнан күрегім түспеген, шаруадан қол үзе қоймаған, дүние-мүлкім бір басыма жететін, ата-бабамнан қалған қара шаңырақ, төрт бөлмелі үйге ие болып отырған жан едім. Алланың бұйыртпағаны шығар, біраз жасқа келгенше үйленіп үй бола қоймадым. Осынымды пайдаланған алаяқ Тастанова Карима деген әйел біздің ауылға, менің көршімнің үйіне келіп жүрген болып, ақыры көрші-көлемі бар, азғырып сол әйелге мені үйленіп тындырды. Әрине, азғырды дегенім артықтау шығар, бірақ елуден асқан жасымда оңайлықпен үйлене қоюым да қиын еді. Дегенмен, жастың жетіп отырғанына да мойынсұнып, екі баласы бар әлгі әйелге үйлендім. Үйлендім дегенмен заңды некеге тұрған жоқпыз, ол өзінің құжатының жоқтығын, жоғалғанын айтып кейінге шегеріп жүрді. Бірақ дін жолымен некемізді қиып, қазақы салт-жоралғымызды жасадық. Сөйтіп, ол әйел біраз уақыттардан соң өзгере бастады. Ана-мынаны айтып, ақыр соңында өзінің Ленгір қаласында үйі барын, әрі біздің ауылда оған жұмыс жоқ екенін алға тартып, менің үйімді сатып, сол жаққа көшуге үгіттеді. Мен бас тартып едім, менен аяғым ауыр деп сендірді. Көнбесең, кетемін, жалғыз қаласың, сенен алимент аламын деп қорқытты. Ақыры келістіріп, үйді сату жайымен өзі айналысып кетті. Соңында Назар Тоқаев деген көршімізге қалдырып кететін болып шешті. Сыйға тарту келісім-шартымен үйді соларға тастап кеттік. Сөйтсем ол әлгі көршіден 450 000 теңге ақша алыпты.Ал біз Ленгірге көшіп барғанда ол жақта Кариманың ешқандай үйі жоқтығы белгілі болды. Бір сіңлісінің үйіне барып тұрдық. Барған соң ол көп ұзамай босанды. Яғни, жүктілік менен болмаған. Сөйтсем, ол өте ішкіш әйел екен. Барған соң ішкілікке әбден салынып алды. Барлық құжаттарымды өзіне алып қойып, мені қара жұмысқа жекті. Кетіп қалуға мүлде ақша бермеді. Зейнетақымды көшерде кез келген жерден алуға ыңғайлы болады деп карточка жүйесіне ауыстырған болатын. Ал карточка менің қолыма тимеді. Сөйтсем, ол менсіз барып алып, құпия кодтарын да иеленген екен. Бірнеше ай бойы зейнетақымды алып жүріпті. Ал банк қызметкерлері бұл жағдайға қалай жол бергені белгісіз. Кейін анықтауға күш салғанымда маған, өзім алдым деп қол қойдыртып алды. Қоймаймын деп едім, бүкіл ауылдағы ағайынды араға салып, күштеп қойдырды. Соған қарағанда, ағайынға да қысым түсірген болуы керек. Сонымен, әлгі әйелдің сіңлісінің үйінде қорлықпен күндерім өтіп жатты. Бір күні сол жақтан жалданып істейтін жұмыс тауып, яғни бір кісінің үйінің шарбағын жасап беріп, аз-мұз жолға ақша таптым да, ақыры ол жақтан ауылыма қашып кеттім. Келе сала әлгі әйелді сотқа беруге әрекеттеніп, үйімді қайтарудың жолын іздедім.Үйді сыйға тарту келісім-шартымен Тоқаев Назардың баласы кәмелетке толмаған Дадашов Алтынбекке өтіпті. Бұл оқиға 2010 жылы болған. Мен, прокуратураға арыз түсірдім. Каримаға іздеу салынды.Сөйтіп жүргенде Карима Тастанова біздің ауылға қайтып көшіп келіп, менің үйімді қайтарып беретінін, Тоқаевтан сыйға тарту келісімін алып беретінін айтты. Құжаттарымды қайтаратынын айтып үйіне шақырды. Сол барғанымда ол қулыққа салып, мені алдап-арбап, ақырында арақ ішкізіп, бір құжатқа қол қойдырып алды. Ол әлгі сыйға тарту келісім-шартын бұзғанда төленуі тиіс 9200 теңгені төлеу үшін қойылып отырған қол деп түсіндірді. Сөйтсем ол үйді Назар Тоқаевқа аударып беріп отырған құжат екен.Содан бері аудандық прокуратураға арыз түсіріп, тіпті облыстық прокуратураға дейін жаздым. Ақыры сот болды. Бірақ мен аудандық сот, судья П.Махамбетовтың шешімі заңсыз деп есептеймін. Тіпті, сотқа айлакер Тастанова Карима қатыспады. Редакцияға хат жазып отырғандағы басты себебім де осы істі қайта қарап, сотты тағы бір мәрте өткізуді сұраймын. Мүмкін, құқық қорғау органдары осы хатымнан кейін істі қайта қарауға әрекет жасар деген үміттемін. Себебі, бұл хат көлеміне оқиға желісі толық сыймады. Ал айлакер әйелдің әрекеттері көп тексеруді қажет етеді.Әлімжан ҚАЛМЫРЗАЕВ.Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылы.