Кеше “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Орталық аппаратында “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ, Қаржыгерлер қауымдастығы басшыларының қатысуымен Мемлекеттік қаражаттың пайдаланылуын бақылау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті.
Аталған комиссия төрайымы, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова өткен жылы комиссия 12 отырыс өткізгендігінен хабардар етті. Төрайымның сөзіне қарағанда, комиссия жұмыс істей бастаған былтырғы қаңтар мен мамыр айлары аралығында 3 мыңнан астам арыз хаттар келіп түссе, олардың біртіндеп сейіле бастағаны жұмыс нәтижесін көрсетеді. Өйткені, аталған комиссия келіп түскен әрбір хатпен жеке-жеке айналысыпты. Соның арқасында ипотекалық несие алушылар мен тұрғын үй салуға қатысушы үлескерлердің жағдайы біршама тұрақтандырылған. Ендігі мәселе мемлекет екінші деңгейлі банктерге көмек қолын созса, енді олар өздерін реформалауға көшулері тиіс, деп санайды комиссия төрайымы.
Осы ретте ипотекалық несиелерін қайта қаржыландыруға қол жеткізгендердің саны 31 мың 304 адам болса, бұл санатқа қосыла алмағандардың саны 14 мыңға жетіп отыр екен. Солардың 70 пайызында жалғыз ғана баспанасы барлығы анықталыпты. Комиссия өз кезегінде уақтылы несиелерін төлеп келіп, артынан әр түрлі жағдайларға байланысты төлей алмаған клиенттерге қатысты банктермен кездесулер өткізгені де белгілі болды. Ең бастысы – бір баспанасы ғана бар азаматтардың баспанасын банктер тарапынан тартып алу оқиғаларына шектеу қойылған.
“Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ-тың басқарушы басқарма директоры Қайрат Айтекенов Ұлттық қордан ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға бөлінген 120 миллиард теңгенің тиімді жұмсалғандығын тілге тиек ете келіп, заң бұзушылық тек 40,6 миллион теңгеге қатысты болғандығынан хабардар етті. Онда да бұл сомалар несиелік ставкалардың ауысып кетуімен байланысты шығындар. Еліміздегі 11 екінші деңгейлі банк негізгі портфельдерге ие болыпты. Тапсырыс 169 миллиард теңгеге берілсе, артынан 20 жылға дейінгі жеңілдікпен тек 120 миллиард теңге бөлінген. Онда да бұл жеңілдікті несие бір баспанасы бар, онда да 120 шаршы метрден аспайтындарға берілген.
Жалпы, банктердің ипотекалық портфелі 600 миллиард теңге көлемінде деген мәлімет бар екен. Екінші деңгейлі банктерде ипотекалық кредиті бары қарыз алушылар ісінің жай-күйін тексеру мақсатында “Нұр Отан” партиясы Орталық аппаратында ағымдағы жылдың 17-24 ақпаны аралығында банк басшыларының азаматтарды қабылдауы болып өткен-ді. Кешегі отырыс барысында екінші деңгейлі банктермен осы бағыттағы ынтымақтастықты дамыту туралы пікірлер айтылып қалып жатты.
Сондай-ақ комиссия отырысында “Даму КДҚ” АҚ-пен бірлесе Мемлекет басшысының тапсырған “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасын орындау бойынша өзара іс-әрекет ету барысы пысықталды. Отырыс қорытындысы бойынша ұсыныстар қабылданып, Үкіметке жолданды. Комиссия ендігі жұмысын мемлекет бөлген қаржылардың тиімділігін бақылауға арнамақ ойда.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.