Жұма, 1 маусым 2012 7:45
Қайырымдылық қағидасы немесе қоғам қайраткері,
Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов туралы ой-толғам
Қазақ қауымында есімі де, ісі де қалың жұршылықтың назарында жүретін санаулы азаматтар болса, Нұртай Сабильянов солардың санатында. Қандастарына қарымтасыз қайырымдылықты ұдайы жасаған қазақ қатарында танымал. «Қашан? Қалай?» деп сұрақ қоюдың өзі артық.
Жұма, 1 маусым 2012 7:45
Қайырымдылық қағидасы немесе қоғам қайраткері,
Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов туралы ой-толғам
Қазақ қауымында есімі де, ісі де қалың жұршылықтың назарында жүретін санаулы азаматтар болса, Нұртай Сабильянов солардың санатында. Қандастарына қарымтасыз қайырымдылықты ұдайы жасаған қазақ қатарында танымал. «Қашан? Қалай?» деп сұрақ қоюдың өзі артық. Бұқаралық баспасөзде, электрондық ақпарат құралдарында қаншама мақала, сұхбат, хабар жарияланғанын санамалап шығудың өзі оңай емес. Өз басым ол туралы 1996 жылдан бері «Намыс найзағайы» атты деректі хикаят, «Өр намысты өз ұлың», «Нұр жаусын саған, Нұртай!», «Сегіз қырлы Сабильянов», «Намыскер», т. б. мақалалар жазыппын. Мен оның өмірдегі мақсат-мұратын, тіршіліктегі таным-түсінігін біршама зерттеген сияқтымын.
Қайырымды қазақ. Басқаларды білмеймін, менің ұғымымда оның тұлғасын тану – қайырымдылық қайнарынан басталады, қайырымдылық қағидасына негізделеді. 1992 жылғы 13 ақпанда «Егемен Қазақстан» газетінде «Алғашқы қаржы аударылды» деген шағын хабар шығыпты. Бұдан 20 жыл бұрын. Онда Желтоқсан құрбандарына ескерткіш орнатуға қоғамдық қор ашылғалы жатқаны, ал соған алғашқы болып «Сарыарқа» акционерлік қоғамының бас есепшісі Нұртай Сабильянов өз қалтасынан 1000 сом салғаны жазылған. Бұл оның қоғамдық ой-пікірге қозғау салатын ең алғашқы қайырымдылық көмегі болатын. Бұл кезде Желтоқсан көтерілісінен бері алты жыл өтсе, Тәуелсіздік алғанымызға әлі бір жыл да толған жоқ еді. Желтоқсандықтар үшін жаны шырқырап жасаған бұл сенімді де батыл қадамы кездейсоқтық еместігіне уақыт өзі көз жеткізді. Нұртайдың алғашқы қайырымдылық көмегін желтоқсандықтарға арнауының өзінде үйлесімді сәйкестік бары байқалады. Өйткені, 1986 жылғы ызғарлы Желтоқсанда Алаңға шығып, ақырып теңдік сұрағандардың бірі – осы Нұртай Сабильянов болатын.
Оның өмірбаяны өзінің мыңдаған замандастары сияқты, қарапайым ауыл тіршілігінен тамыр тартқан. Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданындағы Шынқожа батыр атындағы ауылда кіндік қаны тамған, мектепте білім алған, түлеп ұшқан ұясы. Мектептен соң туған ауылында ұйымдастырылған комсомол-жастар шопандар бригадасында қалып, еңбек жолын «қазақтардың маңдайына жазылып қойылған кәсіп» – қой бағудан бастайды. Қой баға жүріп, ой да бағады. Жоғары білім алуға, оқуға талпынысы алғашқыда кедергісіз болмады. Әскерде борышын өтеп келген соң да көп қиындықтарды көре жүріп ақыры мақсатына жетеді. Алматы Халық шаруашылығы институтын бухгалтер-экономист мамандығы бойынша тәмамдайды. Еңбектен қол үзбей жүріп-ақ заңгерлік мамандықты да қоса игереді. Осылайша, ол өзінің көздеген мақсатына қалайда жетуді, сол жолда табандылықпен күресуді өмірдің қайнаған ортасында шыңдала жүріп меңгерген. Көп балалы отбасында тәлім-тәрбие алғандықтан да болар (әкесі Салих пен шешесі Тұрсынхан 9 перзентті аяғынан тік тұрғызып, азамат қатарына қосқан), Нұртайдың қолында барды қолтығының астына тықпай, қасындағылармен бөлісуге даяр тұратынының түпкі сыры тереңде. Ол ең алдымен әке, шеше мейірімімен қоса, ағаның алақанын, апайларының айналып-толғанғанын көріп өссе, өзі де бауырлары мен қарындастарына қарайласа жүріп ержетті. Көршіге көмек, ауылдасқа сәлем, ағайынға қайырым жасауды ол қарапайым қазақ ауылындағы отбасында қалыптасқан дағды-дәстүрден алды. Қанына сіңіріп, миына тоқыды. Ол бала жастан-ақ мына өмірде адамдар бір-біріне көмекке ұмтылып, қиындықта қолұшын беріп, тарыққанда жәрдем жасап, қайырымдылық пен қамқорлық арқылы селебесіп, бір-біріне сүйеніп ғұмыр кешеді деп ой түйген. Есейген соң сол ойын үнемі жүзеге асырумен болды.
Ауылына жиі барып, ел ішіндегілердің есен-саулығына құлағы түрік жүретін Нұртайды «қарапайым шаруа адамдарының тұрмыс ахуалын қалай жақсартуға болады?» – дейтін сауал жиі мазалайтын. Сондайда ел аманатын арқалап, биліктің жоғарғы бұтақтарының бірі – Парламентте отырып, жерлестерінің мұң-мұқтажын жеткізіп, шағын ауылдардағы, шалғай елді-мекендердегі қордаланып қалған проблемаларды шешуге көмегімді тигізсем деп армандайтын. Армандаған жақсы, әрине, ал ол арманыңды жүзеге асырудың жолы күрделі де бұралаң екен. Ол алдымен Жоғарғы Кеңеске, содан соң Парламент Мәжілісіне депутаттыққа үміткер болып, төрт рет сайлауға түсті. Семей өңірінен – Аягөз, Жарма, Үржар аудандарынан. Он жылға (1994-2004) созылған күрес ақыры жеңіспен аяқталды.
2003 жылы өзі туып-өскен Шынқожа ауылында Мәдениет үйін қалпына келтірді. Мол қаржысын жұмсады. Араға үш жыл салып Үржар ауданындағы Елтай ауылында сәнді де салтанатты Мәдениет үйін іске қосты. Бұдан кейін де мұндай қайырымдылық көмегі жалғасып жатты. Әлі есімде, Шынқожа ауылындағы Мәдениет үйінің ашылуы Нұртай Салихұлының жерлестері үшін зор қуаныш болғанын өз көзімізбен көрдік. Республикалық «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Жас Алаш», т. б. газеттердің бас редакторлары, ел ішіндегі тілшілері қатысқан жиынның жаңғырығы жалпақ Қазақстанға тарап жатты. Ауылдағы Мәдениет үйінің шағын кітапханасына сонау Алматыдан әкелінген қаншама жаңа, құнды кітаптар – рухани бұлақтың көзі ашылғанындай әсер қалдырған. Мәдениет үйінің ішін заманауи техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті.
Нұртай Сабильянов Семей өңіріндегі Аягөз, Үржар, Жарма аудандарындағы жүз шақты мектепке депутат болып сайланбай тұрып-ақ қолұшын беріп, әртүрлі дәрежеде демеушілік жасаған екен. Ал халық аманатын арқалаған жылдарда бұл көмектің аясы тіпті кеңейе түсті. Депутаттық мандатқа үш рет қатарынан ие болған соңғы сегіз жылдың ішінде ол сол бастапқы жұмыс дағдысын өзгерткен жоқ. Халықпен тығыз қарым-қатынаста боламын деп үйіп-төгіп уәде беріп, сайланып алған соң ауылға атбасын бұрмайтын депутаттар да жоқ емес. Нұртай Салихұлының Парламент Мәжілісіндегі жұмыстардан қолы қалт етіп босай қалғанда ауыл-ауылды аралап кететініне бой үйреткен сайлаушылары оны тіпті қашан келеді деп асыға күтіп отыратын болған.
Нұртай Салихұлы Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданынан ең үздік 33 оқушы мен 30 мұғалімді Астана қаласына өз қаражатын жұмсап шақырып, аңыз қаланың ғажап келбетімен таныстырып, Парламент үйінде шалғай түкпірдегі ауылдан келген оқушылар мен мұғалімдерді, әріптестерімен бірге қабылдады, бұл ғанибет қой. Кейін бұл шара да жалғасын тауып жатты. Ол ай санап ажарланып, жыл санап құлпырып келе жатқан Отанымыздың жүрегі – Астанаға соғыс, еңбек ардагерлерін, теміржолшыларды, «Науалы» балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан, ата-ана қамқорлығынан тыс қалған балаларды, Шынқожадағы өзінің ұстаздарын, мұғалімдерді, т.б. арнайы шақырды. Сол оқушылар кейін білім қуып Астанаға келсе, студенттік жылдарын аңыз қалада өткізсе, Нұртай ағаларының қайырымдылығын айта жүрер-ау. Ал мұғалімдердің жөні тіпті бөлек. Әр шәкіртке Нұртайдай азамат болыңдар деп үлгі етер-ау. Нұртай Салихұлы бірде газет тілшісіне: «Мен оңай жолмен дәулет жинаған адам емеспін. Мемлекеттік қызметте істеп, жекешелендіруге қатысқан жоқпын. Сыбайлас жемқорлыққа да, көлеңкелі экономикаға да қатысым жоқ. Бизнесте заңды аттап өтпегенімді тағы айтамын. Азды-көпті бар адам болсам, оның бәрі еңбекпен, біліммен, өмірге деген дұрыс көзқараспен келген. Қазақта да болу керек қой» – деп жауап бергені бар.
Қазақ балабақшалары мен қазақ мектептерінің тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда көптеп ашылуы көңіл қуантса да, анау министр, мынау әкім, сонау депутат баласын яки немересін қазақ мектебіне апарды дегенді ести алмай, діңкеміз құрыды. Ал Нұртай Салихұлының төрт баласының (Әкежан, Нұрлан, Сара, Аягүл) үшеуі қазақ мектебінде оқиды, төртіншісін де қазақша оқытпақшы. Бұл ретте де ол сөзі мен ісі бір жерден шығатын азамат екенін дәлелдеген. Ол Парламент Мәжілісінің кезекті бір отырысында: «Кім де кім мемлекеттік тілге қарсы болса, сол адам мемлекетке, мемлекеттің болашағына қарсы» деп кесіп айтты. Себебі, билік бұтақтарында ана тілін – мемлекеттік тілді менсінбейтіндер әлі де сіресіп отыр. Нұртай күйінсе, осыған күйінеді.
Қолы ашық, жүрегі жомарт жандар үшін «Бауыржан» қоғамдық қайырымдылық қоры ұйымдастырған «Алтын жүрек» сыйлығы «Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша Нұртай Салихұлы Сабильяновқа алғашқылардың қатарында берілгенін де әділетті шешім деп білеміз. Кейіннен өзі де «Алтын жүрек» жеңімпаздарын құттықтап тұрып: «Жүрек қалауымен көрсетілген қайырымдылық – халыққа деген құрмет. Қалталы азамат халқына көмегін көрсетіп жүруі керек. Мұның өзі адалдық» – деген болатын. Ол «Алтын жүректі» алатын жылы (2010) 12 миллион теңгеден астам қаржы жұмсап, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырған екен. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы жалпы білім беретін 14 мектепке, Аягөз ауданындағы үш балабақшаға, Үржар ауданындағы балалар үйіне, Аягөз ауданының Мәдениет ауылындағы мешітке, «Семей таңы» облыстық газетіне, «Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігіне, сондай-ақ, студенттерге, спортшыларға, педагогтерге, теміржолшыларға, жастарға және жекелеген адамдарға қаржылай көмек көрсеткен. Он студентке жыл сайын берілетін шәкіртақы тағайындаған.
Абзал азамат, жомарт жанның жүрегін жаралап, аққа күйе жаққысы келгендер де болған. Ондай сәттерде Н. Сабильянов өзінің ұстамды, табанды, мақсаткер қалпында қала береді. Ол жеке басының мүддесін ғана ойлайтындардан әрдайым биік. Шын мәнінде халықтың ортасынан шығып, қарапайым қалпында елдік мұраттарға қызмет етіп келеді.
2011 жылғы 2 наурызда Ұлыбританиядағы Еуропа бизнесі қауымдастығының номинациялық комитеті Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновқа Королева Виктория медаль-алқасын тапсырды. Бұл марапатқа халық қалаулысы әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру мен ұлттық дәстүрлерді жаңғыртудағы жоғары деңгейдегі қайырымдылық шаралары үшін ұсынылған болатын. Қазақстан Парламенті депутаттары арасында тұңғыш рет мұндай халықаралық деңгейдегі марапатқа ие болу да мәртебе, мерей
Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ.