• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
08 Маусым, 2012

Қазақтан шыққан тұңғыш елшi

517 рет
көрсетілді

Қазақтан шыққан тұңғыш елшi

Жұма, 8 маусым 2012 7:10

XIX бен XX ғасырлар тоғысы Қазақ елiнiң мақтанышы мен үмiтiне айналған дарынды әрi бiлiктi жастар буынын әкелдi. Олар өздерiнiң парасаттылығымен, прогресшiл идеяларымен Қазақстанның қоғамық дамуын сапалы жаңа сатыға iлгерілеттi, ұлттық сананы жаңаша қалыптастырды. Биыл бiз сол заманның дара тұлғаларының бiрi, көрнектi мемлекет қайраткерi, әйгiлi дипломат, ғалым, ағартушы әрi журналист Нәзiр Төреқұловтың 120 жылдығын атап өту үстiндемiз.

Жұма, 8 маусым 2012 7:10

XIX бен XX ғасырлар тоғысы Қазақ елiнiң мақтанышы мен үмiтiне айналған дарынды әрi бiлiктi жастар буынын әкелдi. Олар өздерiнiң парасаттылығымен, прогресшiл идеяларымен Қазақстанның қоғамық дамуын сапалы жаңа сатыға iлгерілеттi, ұлттық сананы жаңаша қалыптастырды. Биыл бiз сол заманның дара тұлғаларының бiрi, көрнектi мемлекет қайраткерi, әйгiлi дипломат, ғалым, ағартушы әрi журналист Нәзiр Төреқұловтың 120 жылдығын атап өту үстiндемiз.

Қасиеттi Түркiстан жерiнде дүниеге келген Нәзiр Төреқұлов өзiнiң қысқа да мазмұнды ғұмырын өз халқына мейлiнше адал қызмет етуге арнады. Жас шағынан ұлтымыздың сана-сезiмiн оятуға, еңсесiн көтеруге бағытталған игi iстер толқынына тайсалмай iлесiп, жасырын “Еркiн дала” ұйымын басқарды, 1917 жылы Орынборда өткен Бiрiншi бүкiлқазақ съезiне белсендi қатысты, Торғайдағы “Қазақ мұңы” газетiнiң редакторы болды.

Петроградтағы Қазан төңкерісінен кейін Қазақстан және Түркiстанның шаруашы­лығын, мәдениетiн нығайтуға, жергiлiктi халықты рухани байытуға арнап, әртүрлi жетекшiлiк қызметтерде өлшеусiз еңбек сiңiрдi. Алайда, оның алып держава атынан дипломатиялық қызмет етуі – ерекше назар аудартарлық жәйт. 1928 жылы 36 жасында ол КСРО-ның Хиджаз, Неджд және қосыл­ған аймақтар (қазiргi Сауд Арабиясы) Король­дігіне өкiлеттi уәкiл болып жiберiлдi. Осынау жоғары дәрежелi, жауапкершілігі мол қызметке жас маманның тағайын­да­луының өзi дипломатиялық тәжiрибеде сирек кездесетiн оқиға.

О заманда әлемнiң көптеген елдерi Кеңес өкiметiн мойындамай, мемлекет халық­ара­лық оқшалауда болған едi. Оның үстiне Арабия түбегiндегi саяси ахуал жаңадан билiк басына келген монархияның аймақтағы ең қуатты күш болып табылған Ұлыбрита­ниямен қа­рым-қатынастарының шиеленi­суімен сипатталатын. Бұған себеп саудия­лықтардың Хид­жаздағы ағылшындар қолдап отырған хаши­миттiк басқаруды 1925 жылы құлатуы едi. Ол кездері Хиджаз, Жидда, Мекке және Медине сияқты iрi қалалар шоғырланған Арабия түбегiнiң батысы эко­номикалық жағынан анағұрлым игерiлген аймақ болатын.

Осындай күрделi жағдайда Нәзiр Төре­құловтың алдында Кеңес Одағының Таяу Шығыстағы мүдделерiн ілгерілету бойынша зор мiндет қойылды. Аз уақыт iшiнде ол Корольдіктің негiзiн қалаушысы Әл-Сауд­пен, саяси зиялыларымен және iскер топ­тарының өкiлдерiмен тығыз жеке байланыс­тар орнатты. Жидда қаласында тiркелген өзге елшiлердiң қатарынан Н.Төреқұлов оның мұсылмандық жолын нағыз ұстау­шысының абройына ие болғаны, араб тiлiн жете меңгергенi сияқты қасиеттерiмен ерек­шеленетiн.

Кеңес уәкiлiнiң iрi жеңiсi екi ел ара­сындағы сауданың нығая түскенi болды. 1930 жылы сауда жөнiндегi келiсiм-шарттар­дың болмауына қарамастан, Төреқұлов бас­қарған дипломатиялық миссия Сауд Арабиясына мұнай өнiмдерiн, ағаш, ұн, қант және басқа да тауарларды жеткiзу бойынша жемiстi келiссөздер өткiздi. Бұл Англияның экономикалық қысым жасау жағдайында жас монархия үшiн ерекше маңызды болды.

Н.Төреқұловтың тiкелей қатысуымен 1933 жылы Саудия жетекшiлiгiнiң КСРО-мен арадағы саудаға қатысты болған шек­теулердi толығымен алып тастауына қол жеткiзiлдi, Арабияға денсаулық сақтау сала­сындағы жәрдем ұйымдастырылды, бiрқа­тар маңызды жобалар жүзеге асырылды, солардың iшiнде Ат-Таиф қаласында Сауд Арабиясындағы ең алғашқы автоматтанды­рылған телефон стан­сасының орнатылуы болды.

Отандасымыздың нәтижелi еңбегiнiң айғағы Саудия басшылығының Жиддадағы Кеңес Одағы өкiлдiгiнiң мәртебесiн жоғары­латуға келiсiмi болды. 1930 жылдың ақпа­нында Н.Төреқұлов кейiн Сауд Арабиясы­ның Королi болған бекзада Фейсалға өкiлеттi министр және төтенше уәкiл ретiнде Сенiм грамотасын табыс еттi. Осылайша, Н.Төреқұлов КСРО-дағы тұңғыш елшi қазақ болды. Осыған қоса, аталған уақытқа таман ол дипломатиялық корпустың дуайенi (басшысы) болды. Бұл саясаткерлер және дипломаттармен ғана емес, сондай-ақ қажылыққа келген жоғары мәртебелi мұсылмандармен байланыстарды белсендiлендіруге мүмкiндiк бердi. Ал 1932 жылы маусымда Сауд Ара­бия­сы королінің мұрагері Фейсал әл-Сауд­тың КСРО-ға ресми сапарын ұйымдастырды.

Н.Төреқұлов запыран заманда шетелге қоныстанып, қалып қойған өзiнiң отандастарына жәрдемдесуге де елеулi күш-жiгердi бөлген болатын, олардың тағдырын оңды етiп шешуге Кеңес өкiметiнiң алдына талай рет өтiнiштер жасаған едi. Мұның өзiн ста­линдік сұрапыл заман жағдайында Төреқұ­лов­тың көрсеткен батыл әрекетi деп баға­лауға болады.

Сегiз жыл бойы Нәзiр Төреқұлов Кеңес Одағының Сауд Арабиясындағы мүдделерiн қорғады. Оның өзiне тән жан-жақты құзы­реттiлiгi, мазмұндаудың кемелденген стилi, бағалау мен жалпылаудың мергендiгi қазақ­тан шыққан тұңғыш кеңестiк елшiні жоғары дәрежелi маман, аймақтық және халық­аралық саясаттың бiлiмпазы ретiнде сипаттайды.

Сондықтан да оның кейiнгi тағдыры асқан жантүршiгерлiкпен қабылданады. Ға­сыр­дың алғашқы жартысында ұлтымыз­дың намысы болып табылған аяулы зиялы­ла­рымыздың қатарында 1937 жылы шілдеде антикеңестiк насихатшы деген жаламен    айыпталып, ату жазасына кесілді.

Биылғы жылы 2 шілде күні еліміздің Сырт­қы істер министрлігі өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтеді. Тәуелсіздік жылдарында сыртқы саясаттағы жеңістерімізді түгендеумен бірге, ұлттық дипломатия­ның жарқын тұлғаларын құрметпен еске алар нағыз сәт.

“Ел үмiтiн ер ақтар, ер атағын ел сақтар”, дейдi қазақ. Тәуелсiздiк туын тiк көтерген елiмiз үшін бұл егемендiкке өзiндiк үлесiн қосқан ұлы азаматтарымыздың құнды мұ­расын жаңғырту парыз. Осы бағытта өткен жиырма жыл iшiнде зор жұмыс атқарылды деп айтуға хақымыз бар. Ең бастысы,  өмiрлерi ерте қиылған Нәзiр Төреқұлов iспеттi асыл тұлғалардың ұлттық тарихы­мыздағы әдiл орны белгiлендi. Зиялының еңбек-жазбалары жинақталып, өмiрбаяны­ның әртүрлi кезеңдерi зерттелiп, барша хал­қы­мызға жария етiлдi, деректі фильмдер түсірілді. Үкіметтің қаулысымен «Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына қосқан үлесі үшін» Нәзір Төреқұлов атындағы медаль бекітілді.

“Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел; алдыңғы толқын – ағалар; кейiнгi толқын – iнiлер, кезекпенен өлiнер, баяғыдай көрi­нер”, деп ұлы Абай айтып кеттi. Нәзiр Төре­құлұлы қазақстандықтардың бүгiнгi және келер ұрпақтар жүрегiнде нағыз отаншыл­дықтың, адамгершiлiктiң және жоғары кәсiп­қойлықтың өнегесi ретiнде қала бермек.

Талғат МАРАТҰЛЫ.