Сәрсенбі, 9 мамыр 2012 7:32
Бұдан 39 жыл бұрын...
… Иә, бұдан дәл 39 жыл бұрын, яғни 1973 жылдың көктемінде Кентау қаласындағы №2 мектеп-интернаттың 5-ші сынып оқушылары 20 тонна металл сынықтарын жинап, Кентаудағы экскаватор жасау зауытына Әлия Молдағұлова атындағы экскаватор құрастыруға тапсырыс береді. Зауыт жұмысшылары көрсетілген мерзімге экскаватор жасаған соң, оны батыр қызымыз майданда қаза тапқан Ресейдің Псков облысы Новосокольники ауданының еңбеккерлеріне сыйлық ретінде жібереді. Оның кабинасына пионер төс белгісінің суреті салынып, астына: «Қазақ ССР-ы, Кентау қаласындағы №2 мектеп-интернаттың 5-ші сынып оқушыларынан» деген қолтаңба қалдырады.
Сәрсенбі, 9 мамыр 2012 7:32
Бұдан 39 жыл бұрын...
… Иә, бұдан дәл 39 жыл бұрын, яғни 1973 жылдың көктемінде Кентау қаласындағы №2 мектеп-интернаттың 5-ші сынып оқушылары 20 тонна металл сынықтарын жинап, Кентаудағы экскаватор жасау зауытына Әлия Молдағұлова атындағы экскаватор құрастыруға тапсырыс береді. Зауыт жұмысшылары көрсетілген мерзімге экскаватор жасаған соң, оны батыр қызымыз майданда қаза тапқан Ресейдің Псков облысы Новосокольники ауданының еңбеккерлеріне сыйлық ретінде жібереді. Оның кабинасына пионер төс белгісінің суреті салынып, астына: «Қазақ ССР-ы, Кентау қаласындағы №2 мектеп-интернаттың 5-ші сынып оқушыларынан» деген қолтаңба қалдырады. Сол жылдың 12 маусымында сынып жетекшісі Әбден Тұржанов бастаған алты оқушы Псков жеріне барып, Новосокольники қаласының Орталық алаңында сол экскаваторды жүргізуші Александр Арбузовқа салтанатты түрде табыстайды. Ертеңіне осы ауданның Казачиха селосында орналасқан Әлия апаларының бейітіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етеді. Қазақстандық делегация осы сапарда Мәншүк апалары жерленген Невель қаласындағы орталық саябақтағы батыр бейітіне де гүл шоқтарын қойып, қайсар қыздың ерлігіне бас иіп қайтады.
Міне, сол игі бастаманы жалғастыру мақсатында 2010 жылы сондағы Новосокольникиге барған оқушының бірі, (ол кезде 12 жаста) бүгінде М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының Автомобильдер, жол техникасы және стандарттау кафедрасының доценті Кеңес Жүсіповтің ұйымдастырып, жетекшілік етуімен Тасымалдауды ұйымдастыру және логистика факультетінің 3-4-ші курс студенттері А.Сандыбаев, А.Саликов, Д.Бақытбекұлымен қыстың қақаған аязында алыстағы Новосокольникиге жолға шығады. Олар бұл сапарларын Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына, Әлия апаларының 85 жасқа толуы мен ұлағатты ұстаз Ә.Тұржановтың 90 жылдығына арнайды.
– Ол кездегі мұғалімдерде оқушылардың патриоттық сезімін оятып, Отанды сүюге тәрбиелеуде ықыластары шынайы болатын, – дейді қаншама жыл өтсе де новосокольниктермен байланысын үзбей, хабарласып тұруды дәстүрге айналдырған Кеңес Әмірліұлы. – Мектеп-интернаттың тәрбиешісі Әбден Тұржанов ағайымыз біздің сыныпты 1968 жылы қабылдап, 1978 жылы ұядан ұшырған аяулы ұстазымыз еді. Өзі І-ші Прибалтика майданында шайқасқан, соғыс ардагері, 1981 жылы 61 жасында дүниеден озды.
Кеңес Әмірліұлының айтуынша, Новосокольники ауданының тұрғындары әр жылдың 28-29 қаңтарында өздерін неміс басқыншыларынан азат еткен тарихи күнді атап өтіп, осы ұрыста жандарын пида еткендерді еске алуды дәстүрге айналдырған. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай жергілікті әкімшілік пен жергілікті «Новосокольнический край» және «Невельский вестник» газеттерінің ұжымдары осы мерекелік шараға К.Жүсіпов қызмет жасайтын аталмыш академиядан да делегация шақырады. Бұл шақыртуды құп алған академия ректоры Әділбек Ботабеков Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында қос батыр қызымызға барып, құрмет көрсетіп, тәу етіп қайтуды азаматтық борыштары санап, Кеңес Әмірліұлымен бірге үш студентке іссапарға барып келуге рұқсат етіп, қаржылай көмек көрсетеді. Осылайша, Қазақ елінің атынан қос батыр қызымыздың әруағына тағзым етіп қайтуды парыз санаған делегация мүшелері үлкен сапарға аттанады.
КҮНДЕЛІК СӨЙЛЕГЕНДЕ…
24 қаңтар. Сапарымызды Әлияның туған жері – Ақтөбе қаласынан бастауды жөн көрдік. Оның үстіне делегация мүшесі Аслан есімді домбырашы жігітіміз каникул кезінде Ақтөбеде болатын. Ақтөбеде қыс қаһарына мінген, құрғақ аяз ұрып тұр. Әсем Ақтөбені аралай келе, қаланың орталығында орналасқан Әлия апамыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ерлігіне бас идік. Кешкілік Ақтөбе-Мәскеу поезына отырып, Ресейге қарай жол тарттық.
27 қаңтар. Таңғы сағат 9.40-та Новосокольники қаласына келіп түстік. Бізді аудандық газеттің бас редакторы А.Сверлова, аудандық жастар ісі және спорт бөлімінің бастығы К.Лесиков және мектеп мұғалімі Н.Баранова қарсы алып, қонақ үйге орналастырды. Әрі қарайғы жұмысымыздың барлығы алдын-ала дайындалып қойған бағдарлама бойынша жүрді. Түске дейін веноктар сатып алып, алдын-ала елден дайындап апарған ленталарды байлап, келесі күнгі іс-шараларға әзірлеп қойдық. Cағат 13.00-те студенттерім болашақ темір жол саласының мамандары болғандықтан, қаладағы темір жол вагондарының дөңгелек жұптарын жөндеу зауытының цехтарымен таныстық. Түстен кейін аудандық орталық кітапханада өткен «Наш край в зеркале истории» атты кештің қонағы болдық.
28 қаңтар. Таңертеңгі сағат 10.00-да қалалық №1 мектепте Ұлы Жеңістің 65 жылдығына және аудан мен қаланың басқыншылардан азат етілуінің 66 жылдығына орай ұйымдастырылған аудандық балалар конференциясына қатыстық. Түстен кейін аудан орталығынан 30 шақырым жерде орналасқан Насва селосының ауыл мектебіндегі Әлия мұражайымен танысып, әкелген сыйлықтарымызды табыс еттік. Насвадан 7 шақырым жердегі Монаково селосындағы бауырластар зиратында орналасқан Әлия бейітіне жергілікті мектеп оқушыларымен бірге венок пен гүл шоқтарын қойып, батырдың әруағына құран бағыштадық. Насва селосының басшысы Н.Моисеев жастарға сол 1944 жылдың аязды қаңтарында Насва стансасы үшін болған кескілескен ұрыстар жайлы естеліктер айтты.
29 қаңтар. Ертеңгісін аудан басшысы В.Соловьевтің қабылдауында болып, ол кісіге арнайы алған сыйлығымызды, ректордың жолдаған хатын табыс еттік. Сағат 12-де Жеңістің 65 жылдығына және аудан мен қаланың басқыншылардан азат етілуінің 66 жылдығына арналған ең негізгі шара – салтанатты митингке қатысып, мәңгілік алауға, сонан соң қала орталығында орналасқан Әлия ескерткішіне веноктар қойып, басымызды иіп, тағзым еттік. Сол жерде облыстық телеарнаға сұхбат беріп, оны кешкілік теледидардан көрдік.
Түскі үзілістен соң аудандық жетім балалар үйіне барып, қайырымдылық акциясын өткіздік. Осыдан 37 жыл бұрынғы Кентаудағы отряд мүшесінің бірі, қазіргі Алматыдағы «Абди» кеңсе тауарлары фирмасының президенті Әбдібек Бимендиевтің аманат еткен 10000 рублін балалар үйінің директоры Е.Шнюкат ханымға тапсырдық. Ол кісі бұл қомақты қаржыны балалар үйінің жөндеу жұмыстарына жұмсайтындығын айтып, фирма қызметкерлеріне, бүкіл қазақ халқына ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
30 қаңтар. Таңғы астан соң Мәншүк апамыздың жатқан жері – ежелгі Невель қаласына жол тарттық. Күн сенбі болса да, бізді аудан басшысының орынбасары О.Майоров және аудандық «Невельский вестник» газетінің редакторы О.Герасимова құшақ жая қарсы алды. Сол кісілермен қаланың Орталық паркіндегі апамыздың бейітіне және М.Мәметова көшесінде орналасқан ескерткішіне гүл қойып, бас иіп, құран бағыштадық. Сондай-ақ ақын Е.Ивановтың Мәншүкке арнаған өлеңін оқыдым. Невельдегі аудандық өлкетану мұражайын аралап, Батыр қызымыздың өмірі мен ерлігі жайлы біраз мағлұматтар білдік.
31 қаңтар. Сапарымыздың негізгі мақсаты – қос батыр апамызды еске алып, оларға тағзым ету болғандықтан, сәті түсіп, Мәскеудегі Әлия Молдағұлова атындағы №891 мектепке де соға кетуді жоспарлағанбыз. Мұнда да Әлия мұражайына әкелген сыйлықтарымызды тапсырып, мектеп ауласындағы Әлия ескерткішіне гүл шоқтарын қойдық.
ЕРЛІККЕ ҚАШАНДА ТАҒЗЫМ
Әр соғыс өз батырын тудырады деп жатады. Ал батырлық – ол халыққа ортақ қазына. Ондай атақ-даңқ елдің, ұлттың мақтанышы ретінде ғасырларға қызмет жасайды. Мәселен, осыдан 39 жыл бұрын небәрі он екі жаста, ал бүгінде жігіт ағасы Кеңес Әмірліұлының қазақ қыздарынан шыққан қос батыр – Әлия мен Мәншүкті өзінің жүрегіне меншіктеп, сонау жердің түбіне барып, олардың әруақтарына құрмет көрсетіп қайтуының өзін батырлық санар едік. Тіпті, Кеңес бауырымызға: «Әлия саған кім болады? Неменеге жүгіріп жүрсің? Туыстары неге жүгірмейді? Ақтөбе қайда, Кентау қайда?..» дегенде: «Қалай кімдер? Әлия мен Мәншүк мұқым қазаққа ортақ батырымыз емес пе? Он жетіде бір гүлі ашылмаған бойжеткендердің соғысқа өздері сұранып барып, ажалмен бетпе-бет келіп, Отан үшін, ел мен жер үшін ерлікпен қыршын жанын қиған апаларымызға қандай құрмет көрсетсек те артықтық етпейді» деп жауап берсе, тіптен түсінбейтіндерге «Әлия мен Мәншүк менің нағашыларым» деп құтылатын көрінеді.
Білген адамға осыдан 39 жыл бұрын кентаулықтардың Әлияға арнап Новосокольникиге апарған экскаваторы құрметтің құрметі еді. Ал ол жақтағы ағайындардың да ұмытпай, осыдан пәлен жыл бұрын сыйлаған альбомдарын Әлия мұражайында сол қалпында сақтауының, болмаса араға соншама жыл салып сондағы экскаватор машинисін тауып алып, дүйім жұрттың алдында туған адамдар сияқты құшақтасып, бір-бірлеріне сый-сияпат жасаулары да, ерліктің кімге болса да ортақ екенін көрсетіп отырған жоқ па. Иә, кезінде осынау миға сыя қоймайтын іс-шараға ұйытқы болған кентаулықтардың іс-әрекетінің өзі де ерлікке пара-пар еді. Тіпті Новосокольникиге барған сапарда делегация мүшелері апарған сыйлықтардың ең қомақты қаржысын сондағы балалар үйіне табыс етуді аманаттаған елімізге танымал «Абди» фирмасының президенті, Кентау мектебінің түлегі Әбдібек Бимендиевке де айтар алғыстары шексіз. Жезтаңдай әншіміз Роза Рымбаеваның орындауындағы әйгілі «Әлия» әнінің әуенін жазған Сейдолла Бәйтерековтің де кентаулық екенін біріміз білсек, біріміз біле қоймаспыз. Ал Кентау қаласында Р.Рымбаеваның басшылығымен екі жылда бір рет өтіп тұратын «Әлия» атты жастардың ән фестивалін айтар болсақ, ол да мақтан тұтуға болатын жайт. Сондай-ақ оған Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша 2009 жылдың жаңа оқу жылында іске қосылған Кентаудағы 600 орындық Әлия Молдағұлова атындағы №19 мектепті қосыңыз.
– Жалпы Новосокольники халқы біздің Кентауды жақсы біледі десем қателеспеген болар едім, – дейді Кеңес бауырымыз сол жолғы сапарлары жайлы әсерлерімен бөлісе келе. – Бірақ, Невельде болғанымызда «Мәншүкті іздеп соңғы он бес жыл шамасында ешкім келмеді» дегенді Невель ауданы басшысының орынбасары О.Майоров бізді қабылдау кезінде айтып қалды. Мәншүк бейітінің басында құран оқып отырған кезде, ауа тұнық болып тұрса да бір суық жел бетті шарпып өтті. Ойыма О.Майоровтың айтқан сөзі орала кетті. Сондай-ақ ол қаладағы орталық көше мен мектепке Мәншүктің есімі берілгенін, жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында Мәншүк атындағы жүлде үшін қалалық веложарыс өтетіндігін жеткізді. Ал қалалық өлкетану мұражайының қызметкері Александр Андреев-Снегин деген азамат өзінің 2009 жылы Мәншүкке арнап жасаған гравюрасын бізге сыйға тартты. Газет редакторы О.Герасимова ханым Невельдің жергілікті ақыны жуырда Мәншүк жайында поэма жазып, оны аудандық газетте жариялағандығы туралы айтты.
Осы сапардан өздеріне ерекше рухани күш-жігер жинап қайтқан делегация мүшелерінің айтар әсерлері де көп. Мәселен, Аслан Сандыбаев: «28 қаңтарда Әлия бейітінің басында тұрғанда желмен бірге қатты аяз болды, біздің Ақтөбенің аязынан да қатты. Сонда ойыма келгені – сол 1944 жылдың аязды да боранды қаңтарында Әлия апамыздың, басқа да жауынгерлердің Насва стансасы үшін қанды шайқаста қалай жүргендерін көз алдыма елестетіп, Жеңістің қандай қиындықтармен келгендігін түсіндім» десе, Асхат Саликов: «Соғыс болған жерлерде батырларға бізден гөрі көбірек құрмет көрсетілетіндігіне көзім жетті. Себебі, ол жерлерде бауырластар зираттары көп кездесті. Ал біздің қос батыр апамызды псковтықтар ерекше құрметтейтіндігіне көзім жетті. Оған дәлел, Новосокольникидегі мектеп оқушысының Әлияға, Невельдің жергілікті ақынының Мәншүкке жыр арнауы, суретші Андреев-Снегиннің салған гравюрасын, т.б. атап өтуге болады», дейді.
Ал Дәуіржан Бақытбекұлы болса: «Насва орта мектебінің мұражайында Әлия апамыздан басқа осы Насва үшін болған шайқаста Кеңес Одағының Батыры атағын алған тағы да төрт азаматтың суреттері ілулі тұр. Алайда, мектеп директоры соңғы жылдары оларды іздеушілердің азайып кеткенін, ал Әлияны іздеп қазақстандықтардың жиі келетіндігін атап өтті. Солардың ішінде өзімнің болғанымды мақтан тұтамын. Сапарда көрген-білгендерімді жатақханадағы достарыма әлі де айтып тауыса алмай жүрмін» дейді.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.