Сәрсенбі, 12 желтоқсан 2012 7:13
Халқымызда: «Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ» делінеді десек, бөлек болмысты Бекет ата – берісі иісі қазаққа, әрісі дүйім мұсылман әлеміне ортақ тұлға. Жуырда «Атамекен» баспасынан жарық көрген «Бекет ата – 260» кітабы Пір атаның ұлан-ғайыр қазақ даласына ортақ жан екендігін дәлелдей түсті.
Сәрсенбі, 12 желтоқсан 2012 7:13
Халқымызда: «Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ» делінеді десек, бөлек болмысты Бекет ата – берісі иісі қазаққа, әрісі дүйім мұсылман әлеміне ортақ тұлға. Жуырда «Атамекен» баспасынан жарық көрген «Бекет ата – 260» кітабы Пір атаның ұлан-ғайыр қазақ даласына ортақ жан екендігін дәлелдей түсті.
Өзіміз кеше ғана құрсауынан шыққан бодандық бұғауы біраз жыл ұлттық құндылықтарымыздан алшақтатып жіберді. Бұл салқындықтың лебі Бекет ата есімін де шалмай қалған жоқ. Бүгінде Пір атаны басқа түгіл, қазақтың төрт атырабы толық білмей жатса, мұның себебін осыдан іздеуіміз керек. Бірақ бізге қазір себебін іздеу емес, олқылықтың орнын толтыру, жіберген есемізді еселей түгендеу маңызды. Осы тұрғыда тәуелсіздік алып, есін жиып, еңсесін тіктей бастаған халқымыздың әр кезеңде өмір сүрген, ел үшін еңбек еткен ерендерді түгендеп, жақ пен жікке бөлмей ортақ ұлықтай бастағаны көңіл қуантады. Журналист Кенжебек Тұманбайұлының құрастыруымен, мың дана таралыммен жарық көрген «Бекет ата – 260» атты жаңа кітаптың негізгі тіні – 2010 жылы Бекет атаның 260 жылдық мерейтойына орай Қазақстанның әр өңірінде берілген ас, ғылыми-теориялық конференция, өзге де тағылымды шаралардың басын біріктіру, хаттау. Әйтсе де, кітап тек шаралар шеңберінде шектеліп қалмайды.Елбасы Н.Назарбаевтың ата мерейтойы қарсаңында жолдаған құттықтауымен, Маңғыстау облысының әкімі Б.Мұхаметжановтың алғысөзімен басталған кітап ата тағылымы, өңірлерде өткен шаралар, ғалымдардың, жазушылардың қаламынан шыққан Бекет ата туралы айтылып жүрген әңгіме, дерек, аңыз, зерттеу-зерделеу мақалаларын, журналистердің бірқатар репортаждарын, ақындардың арнау өлеңдері мен сазгерлер әндерін, ұрпақтары мен оларға берілген еншілер жайлы, Маңғыстау жері, ондағы киелі орындар, Бекет ата ілімін жалғастырған діндар Ержан Хазірет туралы материалдарды топтастырады. Кітаптан Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі, Бекет ата ұлағатын дәріптеуге көп қолдау көрсеткен, қазіргі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қ.Көшербаевтың, белгілі жазушы-тарихшылар Ә.Кекілбаев пен Қ.Салғараұлының, Бас мүфти Ә.Дербісәлінің, ғалым Қ.Жүсіптің, жазушы С.Елубайдың, танымал әртіс А.Әшімовтің, өзге де ел таныған азаматтардың ата туралы жазған дүниелерін табуға болады.Ұрпақтарының және елжанды азаматтардың ұйымдастыруымен Жетісайда басталып, Маңғыстауда Жаңаөзеннен Оғыландыға дейін тақтайдай «Ата жолы» салынып, еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған қонақтар ағылған ұлы тойға ұласқан Бекет атаның 260 жылдық мерейтойы Алматы облысының Үшқоңыр ауылында, Атырау облысының Жылой ауданына қарасты Ақмешіт өңірінде, Астана қаласында, сондай-ақ Оңтүстік және Солтүстік Қазақстан облыстарының бірігіп ұйымдастыруымен Шымкент қаласында жалғасты. Оқырман кітаптан қазақ балалары бас қосып, ұрпаққа берері мол тағылымды руханият шарасына айналдырған атаның мерейтойы туралы жан-жақты мағлұмат ала алады.Атаның құпия әлемін ашу мүмкін емес те болар, әйтсе де жаңа кітапты бекеттану ғылымына қосылған үлес деп білеміз. Ата туралы жазылған әрбір кітап, өткізілген ғылыми-теориялық конференция, жасалған шара, атқарылған іс үлкен арнаға тоғысып, бекеттану ғылымының дамуына екпін береді деп ойлаймыз.Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,«Егемен Қазақстан».Маңғыстау облысы.