Сенбі, 7 сәуір 2012 7:53
Бейсенбі күні Астанада бокстан Азия аймағы бойынша Жазғы Олимпия ойындарына жолдама беретін халықаралық лицензиялық турнир басталды. Оған сары құрлықтың 28 елінен келген 131 былғары қолғап шебері қатысып, 10 салмақ дәрежесінде жолдамаларды сарапқа салып жатыр.
Сенбі, 7 сәуір 2012 7:53
Бейсенбі күні Астанада бокстан Азия аймағы бойынша Жазғы Олимпия ойындарына жолдама беретін халықаралық лицензиялық турнир басталды. Оған сары құрлықтың 28 елінен келген 131 былғары қолғап шебері қатысып, 10 салмақ дәрежесінде жолдамаларды сарапқа салып жатыр.
Біздің елден бұл турнирге әлі лицензия алмаған төрт боксшының қатысатыны белгілі. Соның ішінде Біржан Жақып (49 кг.) пен Василий Левиттің (91 кг.) салмағындағы боксшыларға бір лицензия берілсе, Ілияс Сүлейменов (52 кг.) пен Данияр Елеусіновтің (64 кг.) салмағындағы боксшылар финалға шықса, жолдамаға ие болады. Сондықтан 52 мен 64 килоға қарағанда ең жеңіл және ауыр салмақтағы біздің жігіттерге біраз тер төгіп, жолдама алу үшін турнирдің жеңімпазы атану керек.
Турнир басталған күні біздің боксшылардың ешқайсысы шаршы алаңға шыққан жоқ. Бұл күні 52, 56, 60, 64, 69 және 81 килодағы өзге елдердің өкілдері жекпе-жектерін өткізді. Ал кеше 64, 75, 91 кило салмақтағы боксшылар рингке шықты. Соның ішінде біздің Данияр Елеусінов иорданиялық Ибраһим Салехпен кездесіп, оны айқын басымдықпен ұтты. Осы айқасында ол бапкерлердің жүктеген міндеттерін артығымен орындады десе болады. Дегенмен, Даниярға әлі босаңсуға болмайды. Өйткені, оның салмағында жапон Мататсуги Каваниши сияқты бірталай тәжірибелі боксшылар бар. Олар Елеусіновке мықты қарсылас бола алады.
Басқа салмақтарға келсек, 49 килода Біржан Жақыпқа турнирдің оңай болмайтын түрі бар. Мұны жеребе тасталмай тұрып ішіміз сезген. Солай болса да тіл-көзіміз тасқа деп біздің боксшылар арасында ең соңғы болып шаршы алаңға еліміздің үмітін арқалап шығатын Жақыпқа тек жеңіс қана тілейік! Бір жақсысы, оның салмағындағы қазіргі ең мықты боксшылар саналатын Олимпиада және әлемнің үш дүркін чемпионы қытай Зоу Шимиң мен моңғол Пуревдорж Сердамба Бакуде өткен әлем чемпионатында Тұманды Альбионға жолдама алып қойды. Осыны ескеріп, Біржанға тек қамшыны басу ғана қалып отыр.
Келесі 52 кило салмақта Ілияс Сүлейменовке де босаңсуға болмайды. Сүлейменов еліміздің сенімін ақтағысы келсе, турнирдің жеңімпазы атануға күш салуы керек. Қазір бапкерлер оған зор үміт артып отыр. Оның турнирдегі басты қарсыласы моңғол Тугстогт Найанбаяр болып саналады. Осы бәсекедегі алғашқы жекпе-жегінде моңғол боксшысы филиппиндік Рэй Солюдарды нокдаунға жіберіп, жеңіске жетті. Бұл салмақта тағы тәжік Жаһон Курбанов та бар.
Жалпы, биылғы турнирге ең көп боксшыларды әкелген осы Тәжікстан құрамасы болып отыр. Олардың қатарындағы ауыр салмақтағы Диловаршо Абдурахманов деген тағы бір боксшы біздің Василий Левитпен алғашқы кездесуін өткізеді. Бір қуаныштысы, Левитке жеребе жолдас болды. Ол турнирдегі айқасын 8 сәуір күні жартылай финалдан бастайды.
Осы салмақта Моңғолия құрамасындағы Ерболат Төлек деген қазақ боксшысы кеше үнді Манприт Сингхпен қолғап түйістіріп, жеңіліп қалды. 9 сәуірде 49 килода Біржан Жақып тағы бір тәжік Мирожидин Каримовпен айқасады. Егер Біржан қарсыласын жеңсе, жартылай финалда 11 сәуір күні өзбек Шахобидин Зоировпен шаршы алаңға шығады. Бұл боксшы жеребе бойынша ширек финалын өткізбейді деп шешілген.
Жалпы, Астана турнирі қызықты өтіп жатыр. Өйткені, әр салмақта 6 боксшыдан 20 боксшыға дейін өнер көрсетуде. Осы жігіттердің арасында Бакуде өткен әлем чемпионатында біздің Иван Дычко мен Әділбек Ниязымбетовтен жеңіліп, лицензия ала алмай қалған қытай алыбы Жан Жилей мен өзбек Аббос Атоевтар да бар.
Дастан КЕНЖАЛИН.