Сенбі, 21 сәуір 2012 7:42
Жақында елімізге Чехияның Прага қаласынан қуанышты хабар келіп жетті. Бұл жерге еліміздің атынан Еуропа федерациясының құрылтай конференциясына қатысуға барған «Қазақстан Республикасы Әуесқой футболшылар лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Жарылқасынов еліміздің аталған ұйымға мүше болғанын хабарлады.
Сенбі, 21 сәуір 2012 7:42
Жақында елімізге Чехияның Прага қаласынан қуанышты хабар келіп жетті. Бұл жерге еліміздің атынан Еуропа федерациясының құрылтай конференциясына қатысуға барған «Қазақстан Республикасы Әуесқой футболшылар лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Жарылқасынов еліміздің аталған ұйымға мүше болғанын хабарлады.
Қоғамдық бірлестік төрағасының айтуынша, Чехияның Прага қаласында өткен шағын футболдан Еуропа федерациясының жиынына біздің елімізден басқа тағы 14 елдің өкілдері қатысып, ұйымның қызметі мен алдағы жоспарлары туралы мәселе қараған. Осы жиында Е.Жарылқасынов Қазақстан әуесқой футбол лигасының атынан сөз сөйлеп, елімізде шағын футболдың даму барысы туралы баяндама жасап, тұсаукесер рәсімін де өткізген екен. Сол жерде ол спорттың бұл түрінің Қазақстанда жылдан-жылға дамып, көпшіліктің сүйікті ойынына айналғаны туралы ойларымен бөліскен. Жақында біз «Қазақстан Республикасы Әуесқой футболшылар лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан ЖАРЫЛҚАСЫНОВПЕН кездесіп, осы конференцияда қаралған мәселелер туралы айтып беруін өтінген едік.
– Қазақстан әуесқой футболшылар лигасының Еуропа футбол лигасына қабылданғанын үлкен оқиға деуге болады. Бұған қалай қол жеткіздіңіздер? Жалпы, сіздер қатысқан жиында қандай мәселелер қаралды?
– Бұл ұйымға мүше болу үшін көп жұмыстар атқарылды. Өздеріңіз біздің елде әуесқой футболшылар лигасы ойындарының көктем, күз және қыс мезгілдерінде өткізіліп келе жатқанын білесіздер. Бұл ойындарға көптеген командалар қатысып, олардың саны жылдан жылға артып келеді. Биылғы көктемгі маусымға мысалы, Астанадағы «А» және «В» лигасына қатысуға біраз командалар өтініштерін берді. Екі лига 18 командадан құралып отыр. Сондай-ақ, Алматыдағы лигалар да жылдан-жылға дамып келеді. Еуропадағы әріптестеріміз осы жағын ескеріп, бізге қарт құрлықтың әуесқой футболшылар федерациясына мүше болуды ұсынды. Біз ол ұсынысты қуана қабылдадық. Бұл еліміздің спорт тарихына тасқа қашалып жазылатын оқиға болады деп ойлаймын.
Ал жиынға бізден басқа тағы 14 елдің өкілдері қатысты. Оның ішінде Хорватия, Италия, Израиль, Ұлыбритания, Молдова, Грекия, Румыния, Чехия, Словакия, Болгария, Словения, Польша, Люксембург пен Кипр елдері болды. Болашақта оның қатарына Германия, Франция, Босния және Герцоговина, Қытай, Өзбекстан мен Қырғызстан да қабылданатын болады. Жиында Қазақстан футболы туралы тұсаукесер рәсімін өткізіп, баяндама жасадым. Бәрі тұсаукесер мен баяндамаға риза болды. Тұсаукесер жоғары деңгейде өтті. Осы жиында Румыния федерациясының президенті Бурлеану Разван Еуропа федерациясының президенті, Чехия федерациясының президенті Филип Иуды ЕФ-тің вице-президенті, Хорватия федерациясының президенті Алпеза Бруно бес жылға бас хатшы болып сайланды. Конференцияда Еуропа федерациясының жарғысы мен ережелері қабылданды.
– Кездесуде сіз федерацияның ұйымдастыру кеңесінің мүшелігіне сайланыпсыз. Сізден басқа тағы кімдер кеңестің мүшелігіне сайланды?
– Бұл кеңеске тағы Ұлыбританиядан Дэвид Виндзор-Харрис, Израильден Яир Шаер, Молдовадан Эухенио Чобу, Грекиядан Афаносис Пападопулос сайланды. Жиында біз шағын футболдан Еуропа лигасын дамыту туралы мәселені қарап, болашақта 500 000-нан астам адамды әуесқой футболға тартуды айттық. Осы жерде мен Қазақстан әуесқой футбол лигасының Еуропа лигасына мүше болуына мына азаматтардың көп еңбек сіңіргенін атап өткім келеді. Олар – «Қазақстан Республикасы Әуесқой футболшылар лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасының орынбасары Ғани Жұртанов, бас хатшы Ғалымжан Тіленшиев пен атқарушы комитеттің мүшесі Валерий Салимов деген азаматтар. Осы азаматтар біздің Еуропа федерациясының мүшелігіне қабылдануымызға көп еңбек етті.
Енді біз келесі жылдың мамыр айында Болгарияда осы елдің футболшыларымен достық кездесу өткізетін боламыз. Біздің алдағы жоспарымыз лигаға қатысатын ойыншылар санын 1123-ке жеткізіп, еліміздің барлық қалаларында әуесқой футболшылар лигасын ашу.
Қазіргі кезде Қазақстан лигалары Астана және Алматыда өткізіліп келеді. Оған Астанадан «Сайран», «Қуат», «Аманат» пен еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның» – «Егемен» командалары сияқты ұжымдар қатысуда.
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.