Сейсенбі, 10 шілде 2012 7:29
Санаулы күндерден кейін Лондонда жалауы көтерілетін ХХХ Олимпиялық ойындарға күллі әлем жұртшылығының назары ауатыны белгілі. Қазіргі күні оған қатысу жолдамасы сарапқа салынып бітті және онда өнер көрсететін спортшылардың да есімдері белгілі болды. Төрт жылда бір рет әлемнің ең мықты спортшыларының басын қосатын бұл дүбірлі додаға елімізден 115 спортшы аттанғалы отыр және олардың 63-і динамолықтар.

Жалпы, динамолық спортшылар алға қойған мақсатты орындап, алпыстан аса жолдаманы ұтып алды және спорттың 15 түрінен сынға түсетін болады. 2008 жылы Бейжіңде өткен ХХІХ Олимпия ойындарына да 63 динамолық қатысып, нәтижесінде 11 спортшы жүлдемен оралған еді.
«Динамо» дене тәрбиесі спорт қоғамының спорт басқармасы бөлімінің басшысы Николай Князев биылғы спортшылардың әлеуеті өзге жарыстарға қатысушыларға қарағанда анағұрлым жоғары екендігін айтады.
– Бұл спорт ойындары болғандықтан, оған алдын ала болжам жасап, анау алтын алады, мынау күміс алқа иеленеді деп айту қиын. Спорттық ойындар әрқашанда тартысты өтетіндіктен, түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Яғни, спортшыларға аяқ астынан жарақат алып қалу қаупі де бар. Сондықтан кімнің оза шабатындығын спорт алаңы көрсетеді, – дейді Н.Князев.
Сондай-ақ, биылғы Олимпиялық ойындардың ашылу рәсімінде еліміздің байрағын көтеріп шығатын Нұрмахан Тінәлиевтің динамолық спортшы екендігін мақтанышпен айта аламыз. Сонымен қатар, Лондонда еліміздің намысын қорғайтын Алмат Кебісбаев, Дархан Баяхметов, Гүзел Манюрова, Жұлдыз Ешімова-Тұртбаева (күрестен), Илья Ильин, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова (ауыр атлетика), Иван Дычко, Әділбек Ниязымбетов, Данияр Елеусінов, Марина Вольнова (бокс), Максим Раков, Сергей Лим, Ислам Бозбаев (дзюдо) сынды саңлақтарымыз динамолық спортшылар.
Динамолық спортшылар ешбір сайыстан құралақан қайтып көрген жоқ, керісінше, ел мерейін асқақтатып, биік тұғырлардан көріне білуде. Олай болса, спортшыларымыз осы жолғы Олимпиялық ойындарда да жақсы өнер көрсетіп, үлкен жетістікке қол жеткізеді деген үміттеміз.
Әділет МҰСАХАЕВ,
«Динамо» ДШСҚ баспасөз қызметінің жетекшісі.