Жұма, 13 шілде 2012 7:15
Оралда Лондонға баратын спортшылар құрметіне арналып, Олимпиада алауы тұтанды
Қаламыздағы әсем безендірілген П.Атоян атындағы «Ақжайық» стадионында мемлекеттік рәміздердің 20 жылдығына орай және Лондон Олимпиадасына қатысушы батысқазақстандық спортшыларға ақ жол тілеу мақсатында патриоттық акция өтті.
Жұма, 13 шілде 2012 7:15
Оралда Лондонға баратын спортшылар құрметіне арналып, Олимпиада алауы тұтанды
Қаламыздағы әсем безендірілген П.Атоян атындағы «Ақжайық» стадионында мемлекеттік рәміздердің 20 жылдығына орай және Лондон Олимпиадасына қатысушы батысқазақстандық спортшыларға ақ жол тілеу мақсатында патриоттық акция өтті.
Акцияның құрметті қонақтары болып, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпиондары желаяқ Ольга Шишигина мен боксшы Ермахан Ыбырайымов төрге озды.
– Төрткүл дүние телміріп көз тігетін бұл жолғы мерейтойлы Олимпиадаға қатысушылар, әрине, мықты спортшылар. Осы шараға қатысу барысында олар оттан да, судан да өткендіктен, біз олардың толағай табыстарға қол жеткізетіндеріне сенеміз, – деген облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы оларға ақ жол тіледі.
– Құрметті халайық, көп кешікпей біз Оралға қайтып келеміз. Бірақ, ол жолы батысқазақстандық Олимпиада чемпиондарын құттықтауға келеміз, – деді, тәуелсіз Қазақстан тұсында әйелдер арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина.
– Батыс Қазақстан облысында спорттың барлық түрінің ойдағыдай дамуына мол мүмкіндіктер жасалған. Оралдан Лондон Олимпиадасына қатысатын спортшылардың шығуы – соның нәтижесі. Біз оларға жасындай жарқыраған жеңістер тілейміз, – деді өз сөзінде атақты боксшы Ермахан Ыбырайымов.
Бұдан соң сахна төріне спорт ардагері Батырхайыр Әйешов шығып, қолын жайып, Олимпиадаға қатысушы батысқазақстандық спортшыларға бата берді. Сол-ақ екен, ортаға құйрық-жалы жел ескен ақбозат мінген ат спортының өкілі Рауан Тұрдыалиев қолына Олимпиада алауын ұстай шығып, оны әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы, самбошы Медет Оңдағановқа табыстады. Медет өз кезегінде алауды дзюдо күресінен Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Әсел Қазиеваға берді. Жүзі бал-бұл жанған ол жүгіргеннен жүгіріп отырып, алауды Ерболат Байбатыровқа ұсынды.
Самбо күресінен үш дүркін Азия чемпионы, екі дүркін Әлем кубогының иегері, төрт дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыров Олимпиада алауын тұтатты.
Орал қаласынан Лондон Олимпиадасына қатысу бақытына ие болған спортшылар: Таймұраз Тигиев, Абдулхаким Шапиев (екеуі де еркін күрестен), Алексей Дергунов (байдарка және каноэ есу), Даниял Гаджиев (грек-рим күресі), Григорий Шейко (спорттық жаяу жүріс), Анастасия Баннова (садақ ату).
Талғат БАЙСАРИН.
Орал.