Сенбі, 14 шілде 2012 6:36
Бейсенбі күні Еуропа лигасының алғашқы қарымта кездесулерін өткізген «Ордабасы» мен «Ақтөбе» командалары келесі айналымға жолдама алды. Ал былтырғы ел чемпионы «Жетісу» өз алаңында Польшаның «Лех» командасымен тең ойнап, екінші кезеңге шығу мүмкіндігінен айырылды.
Сенбі, 14 шілде 2012 6:36
Бейсенбі күні Еуропа лигасының алғашқы қарымта кездесулерін өткізген «Ордабасы» мен «Ақтөбе» командалары келесі айналымға жолдама алды. Ал былтырғы ел чемпионы «Жетісу» өз алаңында Польшаның «Лех» командасымен тең ойнап, екінші кезеңге шығу мүмкіндігінен айырылды.
Сөйтіп, Еуропа лигасының іріктеу турнирінің алғашқы кезеңіне қатысқан үш қазақстандық ұжымның екеуі жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. «Ақтөбе» командасының бұрыннан бері Еуропа төрінде жейде тоздырып жүргенін білеміз. Ал Шымкенттің «Ордабасы» клубы тұңғыш рет өз тарихында екінші кезеңге жолдама алып отыр. Бұл – Оңтүстіктің командасы үшін үлкен жетістік. Жетістік болғанда, оны шымкенттік ұжымның шежіресіне жазылатын, Еуропа алаңдарындағы жеңісті күндерінің басы болсын деп тілейік!
Енді келесі айналымға шыққан қос команданың кешегі ойынына келсек,шынын айту керек, шымкенттік командаға Сербияның «Ягодинасы» аса мықты қарсылас болған жоқ. Екі ойын-да «Ордабасының» басымдығымен өтті. Біріншісінде жеңсе, екінші матчта есеп ашылған жоқ. Сенегалдық Мансур Гуйе, Оңтүстіктің бас шабуылшысы Дәуренбек Тәжімбетов қақпашымен бетпе-бет келіп, допты соға алмай, мүмкіндіктерін босқа жіберді. Ал «Ордабасының» қақпашысы Алмат Бекбаев жарады. Өткен жолы Қырғызстанмен болған жолдастық кездесуде болмашы жерден екі гол жіберген Бекбаев бұл жолы бірнеше допты қайтарып, жақсы өнер көрсетті.
Енді «Ордабасы» Норвегияның «Русенборг», Солтүстік Ирландияның «Крузейдерс» командаларының арасындағы кездесудің жеңімпазымен күш сынасады. Алғашқы матчын «Ордабасы» 19 шілде күні сырт алаңда, ал қарымта кездесуін 26 шілде күні алғашқы үйдегі ойыны секілді Алматыда өткізеді.
«Ақтөбе» мен Кутаисидің «Торпедосы» арасында өткен ойында отандастарымыз 1:0 есебімен жеңіске жетті. Голдың авторы бірінші ойында сырт алаңда мергендік танытқан – Марат Бикмаев. Бұл ойында Лукаш Байер, Самат Сымақов, Марат Хайруллин, Тимур Кападзе, Эмиль Кенжесариев, Сергей Логвиненколар қарсыластар қақпасына тыным бермей, бір емес, бірнеше доп соғуға мүмкіндіктері болды. Алайда, кездесу осылайша сәл ғана басымдықпен аяқталды.
Екінші іріктеу кезеңінде «Ақтөбе» молдовалық «Милсами» командасымен кездеседі. Бұл ойындар да 19 және 26 шілде күндері өтеді. «Ақтөбе» де алғашқы кездесуін «Ордабасы» сияқты сырт алаңда өткізеді.
Ал Талдықорғанның «Жетісу» командасы Еуропа лигасының іріктеу кезеңін аяқтады. Бейсенбі күні өз алаңында Польшаның «Лех» клубымен кездескен жетісулықтар 1:1 есебімен тең ойнап, келесі айналымға шығу мүмкіндігінен айырылды. Бұл екі ұжымның арасында өткен бірінші матч 2:0 есебімен поляктардың пайдасына шешілген болатын.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».